Еңбекті қорғау - бұл құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, ұйымдастырушылық-техникалық, санитариялық-эпидемиологиялық, емдеу-профилактикалық, оңалту және өзге де іс-шаралар мен құралдарды қамтитын, еңбек қызметі процесінде жұмыскерлердің өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесі;

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі ішкі бақылауды жүзеге асыру

Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау қызметiнiң құқықтары

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметінің міндеттері

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытуды, нұсқама беруді және білімін тексеруді жүргізу қағидалары мен мерзімдері

Жұмыскерлерге нұсқама беру

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі ішкі бақылауды жүзеге асыру

ҚР Еңбек кодексінің 201-бабының 2-тармағына сәйкес - 2. Жұмыс беруші жұмыс орындарында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі белгіленген талаптарды сақтау және анықталатын бұзушылықтарды жою бойынша шұғыл шаралар қабылдау мақсатында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі ішкі бақылауды жүзеге асырады.

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі ішкі бақылауды жүзеге асыру тетігі

1. Жұмыскерлерінің саны елуден асатын, өндірістік қызметті жүзеге асыратын ұйымдарда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау талаптарының сақталуына ішкі бақылауды жүзеге асыру мақсатында жұмыс беруші ұйымның тікелей бірінші басшысына немесе ол уәкілеттік берген адамға бағынатын еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметін құрады.

2.
Ұйымдағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау қызметі туралы үлгілік ережені еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган әзірлейді.

3
. Жұмыскерлерінің саны елуге дейінгі жұмыс беруші қызмет ерекшелігін ескере отырып, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі маман лауазымын енгізеді не еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді басқа маманға жүктейді.

Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау қызметiнiң құқықтары

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі немесе маман:

  • өндірістік, тұрмыстық және басқа да үй-жайларға кедергісіз кіруге және қарап-тексеруге;
  • қауіпсіз және саламатты еңбек жағдайларын жасау, ұйымның құрылымдық бөлімшелерінде өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың алдын алу жөніндегі профилактикалық іс-шаралардың әзірленуін және орындалуын бақылауды жүзеге асыруға;
  • ұйымның құрылымдық бөлімшелерінің жұмыскерлеріне анықталған еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау талаптарын бұзушылықтарды жою жөнінде шаралар қолдану туралы орындалуы міндетті нұсқаулар беруге құқылы.

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметінің міндеттері

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі немесе маман:

  • ай сайын ұйымдарда өндірістік жарақаттану мен кәсіптік аурулардың жай-күйі мен себептеріне талдау жүргізуге және олардың алдын алу іс-шараларын әзірлеуге және оларды тұрақты сақтау үшін ұйымның электрондық дерекқорына енгізуге;
  • жұмыскерлерді, басшылар мен еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдарды еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытуды, нұсқау беруді және білімін тексеруді ұйымдастыруға;
  • еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғаларды тергеп-тексеру тәртібінің сақталуын қамтамасыз етуге міндетті.

Шағын кәсіпкерлік субъектілерінде еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды ұйымдастыру жеке немесе заң тұлғалармен шарттық негізде жүзеге асырылуы мүмкін.

Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытуды, нұсқама беруді және білімін тексеруді жүргізу қағидалары мен мерзімдері

Жұмыскерлерді, басшылар мен еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдарды еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытудан, нұсқау беруден және білімін тексеруден өткізу қағидалары мен мерзімдерін сәйкес

  • Жұмыскерлерге еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту және білімін тексеру жылына бір реттен сиретпей өткізіледі.
  • Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытудан беруден және білімдерін тексеруден өтпеген жұмыскерлер жұмысқа жіберілмейді.
  • Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқыту және білімін тексеру күндізгі нысанда немесе «on-line» режимінде желілік технология бойынша қашықтан жүргізіледі.
  • Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi бiлiмi тексерiлуге жататын жұмыскерлерге жұмыс берушi оны өткiзу басталғанға дейiн бiр айдан кешiктiрмей ескертедi.
  • Жұмыстың, лауазымның, кәсіптің осы түрі бойынша жұмыста үш және одан да көп жыл, ал қауіптілігі жоғары жұмыс кезінде бір жылдан астам үзілісі бар жұмыскерлер өзіндік жұмыс басталғанға дейін еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша оқудан және білімдерін тексеруден өтеді.
  • Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша оқыту (сабақтар, дәрістер, семинарлар) жұмыс берушіде тиісті салалардың мамандарын, кемінде үш жыл жұмыс тәжірибесі бар инженерлік-техникалық жұмыскерлерді және ұйымның өзінің еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторларын, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметтерін тарта отырып жүргізіледі.

Жауапты жұмыскерлер үшін еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша жалпы кәсіптік құзыреттерді дамыту бойынша оқытудың ұзақтығы:

  • ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін - кемінде 72 академиялық сағат;
  • орта кәсіпкерлік субъектілері үшін - кемінде 40 академиялық сағат;
  • шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілері үшін - кемінде 24 академиялық сағат.

Жауапты жұмыскерлер үшін еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша арнайы кәсіптік құзыреттерді дамыту бойынша оқыту ұзақтығы:

  • ірі кәсіпкерлік субъектілері үшін - кемінде 40 академиялық сағатты;
  • орта кәсіпкерлік субъектілері үшін - кемінде 24 академиялық сағатты;
  • шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін, оның ішінде шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін - кемінде 16 академиялық сағатты құрайды.

Жауапты жұмыскерлерді еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша оқыту еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бойынша білімдерін тексерумен (тестпен) аяқталады.

Жұмыскерлерге нұсқау беру

Жұмысқа қабылдау кезінде компания жұмыскерімен еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша нұсқама жүргізіледі.

Нұсқама - бұл оқу түрі, тапсырманы түсіндіру; еңбекті қорғауда кейіннен игерілгендерін тексерумен және арнайы журналда тіркеумен бірге жүреді.

«Жұмыскерлерді, басшылар мен еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдарды еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша оқытудан, нұсқау беруден және білімін тексеруден өткізу қағидалары мен мерзімдеріне» сәйкес нұсқамалар жүргізу сипаты мен уақыты бойынша былайша бөлінеді:

  • кіріспе;
  • жұмыс орнындағы алғашқы;
  • қайталама;
  • жоспардан тыс;
  • мақсатты.

Нұсқамалар күндізгі нысанда немесе «on-line» режимінде желілік технология бойынша қашықтан жүргізіледі.

Жұмыскерлерге, басшыларға және еңбек қауіпсіздігін және еңбекті қорғауды қамтамасыз етуге жауапты адамдарға еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелері бойынша нұсқама беру тәртібі мен мерзімдері:

Еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi кiрiспе нұсқаманы жұмыскерлердiң бiлiмiне, осы кәсiп немесе лауазым бойынша жұмыс стажына қарамастан, оларды жұмысқа қабылдау кезiнде (басшымен анықталған еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау курсы бойынша оқытуға жататын жұмыскерлер санаттарын қоспағанда) жүргiзедi.

Кіріспе нұсқама қауіпсіздік нормаларының, стандарттардың, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі қағидалар мен нұсқаулықтардың талаптарын, сондай-ақ жұмыс берушінің өндірісте жұмыстарды қауіпсіз жүргізу жөніндегі талаптарын ескере отырып, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі әзірлеген және жұмыс беруші бекіткен бағдарлама бойынша жүргізіледі.

Ұйымда (кәсіпорында) кіріспе нұсқаманы еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі немесе жұмыс берушінің актісімен осы міндеттер жүктелген адам жүргізеді.

Кіріспе нұсқаманы өткізу туралы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша кіріспе нұсқаманы тіркеу журналына нұсқама алушы мен нұсқама беруші міндетті түрде қол қойып жазылады.

Жұмыс орнындағы алғашқы нұсқама қауіпсіздік нормаларының талаптарын, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі қағидалар мен нұсқаулықтарды, сондай-ақ өндірісте жұмыстарды қауіпсіз жүргізу жөніндегі жұмыс берушінің талаптарын ескере отырып, ұйымның өндірістік және құрылымдық бөлімшелерінің басшылары әзірлеген және бекіткен бағдарламалар бойынша жүргізіледі.

Жұмыс орнындағы алғашқы нұсқаманы еңбектің қауіпсіз тәсілдерін практикалық көрсете отырып, әрбір жұмыскермен жеке жүргізеді.

Еңбек міндеттері жабдықты қолданумен, пайдаланумен, қызмет көрсетумен, сынаумен, баптаумен және жөндеумен, электрлендірілген немесе өзге де механикаландырылған қол құралын пайдаланумен, шикізат пен материалдарды сақтаумен және қолданумен байланысты емес адамдар оқытуды ұйымдастырушының шешімімен жұмыс орнында алғашқы нұсқамадан өтуден босатылады. Жұмыс орнында алғашқы нұсқамадан өтуден босатылатын жұмыскерлердің кәсіптері мен лауазымдарының тізбесін жұмыс беруші бекітеді.

Қайталама нұсқаманы жұмыскерлер біліктілігіне, біліміне, өтіліне, орындалатын жұмыс сипатына қарамастан жарты жылда кемінде бір рет жұмыс уақытында өтеді (еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау курсы бойынша оқытуға жататын басшы айқындаған жұмыскерлер санаттарын қоспағанда).

Қайта нұсқама алған білімі мен дағдыларын бекіту үшін жұмыс орнындағы алғашқы нұсқамаға ұқсас жүргізіледі.

Қайталама нұсқаманы жеке немесе бір типті жабдыққа қызмет көрсететін жұмыскерлер тобымен және жалпы жұмыс орны шегінде жүргізеді.

Жоспардан тыс нұсқама жеке немесе бір кәсіптегі жұмыскерлер тобымен жүргізіледі.

Жоспардан тыс нұсқама:

1) жаңа немесе қайта өңделген қауіпсіздік нормаларын, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі қағидаларды, нұсқаулықтарды қолданысқа енгізу кезінде;

2) технологиялық процесті өзгерту, жабдықты, құрылғылар мен құрал-саймандарды, бастапқы шикізатты, материалдарды және еңбек қауіпсіздігіне әсер ететін басқа да факторларды ауыстыру немесе жаңғырту кезінде;

3) жұмыскерлер жарақатқа, аварияға, жарылысқа немесе өртке, улануға әкеп соғатын немесе әкеп соқтырған еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзған кезде;

4) бақылаушы және қадағалау органдарының талап етуі бойынша өткізіледі.

Жоспардан тыс нұсқама жеке немесе бір кәсіптегі жұмыскерлер тобымен жүргізіледі.

Нұсқаманың көлемі мен мазмұнын оны өткізу қажеттілігін туғызған себептер мен жағдайларға байланысты әрбір нақты жағдайда жауапты жұмыскер айқындайды.

Мақсатты нұсқаманы мамандық бойынша тікелей міндеттермен байланысты емес бір жолғы жұмыстарды (тиеу, түсіру, аумақты жинау, ұйымнан, цехтан және учаскеден тыс бір жолғы жұмыстар) орындау кезінде, авариялардың, дүлей зілзалалар мен апаттардың салдарын жою, наряд-рұқсат бойынша жұмыстарды орындау кезінде жүргізеді.

Кіріспе нұсқаманы қоспағанда, нұсқамалар ауызша сұрау немесе тестілеу түріндегі білімді тексерумен, сондай-ақ қажет болған жағдайда жұмыстың қауіпсіз тәсілдерінің меңгерген дағдыларын тексерумен аяқталады.

Білімін нұсқама жүргізген жауапты жұмыскер тексереді.

Қанағаттанарлықсыз бiлiм көрсеткен жұмыскерлер өз бетiнше жұмыс iстеуге жiберiлмейдi және қайтадан нұсқамадан өтедi.