Салықтық есептілігі - салық төлеуші (салық агенті), салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер, активтер мен міндеттемелер, кірістер мен мүлік туралы, сондай-ақ салықтық міндеттемелер мен әлеуметтік төлемдерді есептеу туралы мәліметтерді қамтитын салық төлеушінің (салық агентінің) құжаты.


2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салықтық есептілік

2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салықтық есептілік


2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салықтық есептілік

Жаңа Салық кодексі (2025 жылғы 18 шілдедегі № 214-VIII ҚР Кодексі) 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді.

Салық реформасы шеңберінде 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін өзгерістер салық есептілігіне қатысты болды.

Қабылданған Салық кодексіне сәйкес (ҚР СК 115-бабының 9-тармағы) 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салық есептілігін кері қайтарып алуға болмайды. Бұған тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш (328.00-нысан) қосылмайды.

Енді
бұрын ұсынылған салықтық есептілікте көрсетілген мәліметтерді өзгерту және (немесе) толықтыру қосымша салықтық есептілікті және (немесе) хабарлама бойынша салықтық есептілікті ұсыну арқылы жүргізіледі. 

Бастапқы немесе кезекті салықтық есептілікті ұсыну мерзімі өткеннен кейін салық органының ақпараттық жүйесінде осы салықтық кезең үшін нөлдік көрсеткіштері бар тиісті салықтық есептілік автоматты түрде қалыптастырылады (бұдан әрі – автоматты салықтық есептілік)

Салық органының ақпараттық жүйесінде қосымша салықтық есептілікті, сондай-ақ осы Кодексте белгіленген есептілікті ұсыну мерзімі шегінде қағаз жеткізгіштегі салықтық есептілікті қоспағанда, қалыптастырылған автоматты салықтық есептілік сияқты салықтың, бюджетке төленетін төлемнің осындай түрі бойынша сол салықтық кезең үшін салықтық есептілік қабылданбайды.

Салық органының ақпараттық жүйесіне қағаз жеткізгіште бастапқы немесе кезекті салықтық есептілік енгізілгеннен және "Құжат қабылданды" деген мәртебе берілгеннен кейін осы салықтық кезең үшін қалыптастырылған автоматты салықтық есептілік жойылады.

Салықтық есептіліктің түрлері

Қандай жағдайларда салықтық есептілікті ұсыну талап етілмейді

Салықтық есептілікті ұсыну

Салықтық есептілікті форматты-логикалық бақылау

Салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұру және қайта бастау

Салықтық есептіліктің түрлері

Салықтық есептілікке декларациялар, оның ішінде тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш, сондай-ақ салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің түрлері, әлеуметтік төлемдер бойынша есеп-қисаптар жатады. (ҚР СК 114-бабы)

Декларация – декларацияның өзінен және қосымшалардан, есеп-қисап – есеп-қисаптың өзінен және қосымшалардан тұрады.

Тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішті қоспағанда, салықтық есептілік мынадай түрлерге бөлінеді:

1) бастапқы салықтық есептілік – салық төлеушіні (салық агентін) салықтық тіркеу жүргізілген, салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің белгілі бір түрі бойынша салықтық міндеттеме, сондай-ақ әлеуметтік міндеттеме алғаш рет пайда болған салықтық кезең үшін ұсынылатын салықтық есептілік;

2) кезекті салықтық есептілік – бастапқы салықтық есептілік ұсынылғаннан кейін келесі салықтық кезеңдерге ұсынылатын салықтық есептілік;

3) қосымша салықтық есептілік – бұрын ұсынылған салықтық есептілікке өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген кезде ұсынылатын салықтық есептілік;

4) хабарлама бойынша салықтық есептілік – салық органы хабарлама нысанында шешімді жіберген салықтық кезең үшін ұсынылатын салықтық есептілік.

Хабарлама бойынша бастапқы немесе қосымша салықтық есептілік ұсынылуы мүмкін;

5) таратудың салықтық есептілігі – салық төлеуші (салық агенті) қызметін тоқтатқан, таратылған немесе қайта ұйымдастырылған кезде, сондай-ақ қосылған құн салығын төлеуші тіркеу есебінен шығарылған кезде ұсынылатын салықтық есептілік.

Қандай жағдайларда салықтық есептілікті ұсыну талап етілмейді

Мыналарды:

1) өзін-өзі жұмыспен қамтушыларға арналған АСР қолданатын жеке тұлғалардың салықтық есептілікті ұсынуы;

2) салық салу объектісі және (немесе) салық салуға байланысты объект болмаған кезде – кірістер болып табылмайтын және (немесе) салық салуға жатпайтын кірістерге байланысты төлемдерді көрсетуді көздейтін салықтық есептілікті қоспағанда, салықтық есептілікті;

3) декларацияларға және (немесе) есеп-қисаптарға қосымшаларда көрсетілуге жататын деректер болмаған кезде декларацияларға және (немесе) есеп-қисаптарға қосымшаларды ұсыну талап етілмейді.

Мыналарды:

1) заңды күшіне енген сот актісі негізінде тіркеуі жарамсыз деп танылған дара кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның салықтық есептілікті;

2) корпоративтік табыс салығы және (немесе) қосылған құн салығы бойынша салықтық міндеттемелердің азаюына алып келетін, таратылған немесе қызметін тоқтатқан салық төлеушімен жасалатын мәмілелер бойынша сомаларды көрсету бөлігінде қосымша салықтық есептілікті ұсынуға тыйым салынады.

Салықтық есептілікті ұсыну

Салықтық есептілікті ұсыну:

1) салық төлеушінің (салық агентінің) ұсынуын;

2) салық органының қабылдауын;

3) салық төлеушінің (салық агентінің) өзгерістер мен толықтырулар енгізуін;

4) салық төлеушінің (салық агентінің) ұсынуын тоқтата тұруды, қайта бастауды көздейді.

Салық төлеуші (салық агенті) салықтық тіркеуден кейін веб-қосымшада ұсынылуға тиіс салықтық есептілік нысандарын көрсетеді.

Салықтық есептіліктің басқа нысандарын ұсыну қажеттілігін көздейтін қызмет түрлері өзгерген жағдайда, салық төлеуші (салық агенті) салықтық есептілікті ұсыну мерзімі өткенге дейін веб-қосымшада ұсынылуға тиіс салықтық есептілік нысандарын көрсетеді.

Корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығын қоспағанда, салық төлеуші (салық агенті) заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесін салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді дербес төлеуші деп тануға құқылы.

Құрылымдық бөлімшені салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді дербес төлеуші деп тану үшін салық төлеуші (салық агенті) салық органын электрондық түрде хабардар етуге және веб-қосымшада салықтық есептіліктің осындай құрылымдық бөлімше ұсынуға тиісті нысандарын көрсетуге міндетті.

Салықтық есептілікті салық төлеуші (салық агенті) қағаз жеткізгіште немесе электрондық құжат нысанында ұсынады.

Салықтық есептілік:

1) веб-қосымшалар;

2) салықтық мобильдік қосымша;

3) «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес салық органының ақпараттық жүйесіне қосылған сыртқы ақпараттық жүйелер арқылы электрондық құжат нысанында ұсынылады.

Есептілікті жасау бойынша түсінік берілген салықтық есептіліктің нысандарын және оларды ұсыну тәртібін (бұдан әрі – салықтық есептілікті ұсыну тәртібі) уәкілетті орган белгілейді.

«Жедел-iздестiру қызметi туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жедел-іздестіру қызметін жүзеге асыратын органдардың қызметкерлері салықтық есептілікті ерекше тәртіппен ұсынады.

Салықтық есептілікті ұсынудың ерекше тәртібін арнаулы мемлекеттік органдармен, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери барлау органдарымен, құқық қорғау органдарымен бірлесіп, уәкілетті орган айқындайды.

Сондай-ақ салық есептілігін жасау және табыс ету ерекшеліктері белгіленеді:

  • арнайы төлемдер бойынша;
  • жер қойнауын пайдаланушылардың салықтары бойынша;
  • ірі салық төлеушілер мониторингіне қатысушылар;
  • бөлек салықтық есепке алуды жүргізу кезінде;
  • арнаулы салық режимін қолдану кезінде.

Салықтық есептілікті форматты-логикалық бақылау

ҚР СК 115-бабына сәйкес салықтық есептілік салықтық есептіліктің толық және дұрыс толтырылуын форматты-логикалық бақылауға жатады.

Форматты-логикалық бақылау – форматтарының дұрыс болмауы, мәндердің, сомалардың қалдырылып кетуі немесе сәйкессіздіктер секілді қателерді анықтауды қоса алғанда, салықтық есептілікті жасаудың берілген өлшемдері мен логикалық қағидаларына сәйкестігі тұрғысынан салықтық есептілікте көрсетілген деректерді тексерудің автоматтандырылған процесі.

Бұл ретте салық төлеуші (салық агенті):

1) ақпаратты компьютерлік өңдеуге жол беретін электрондық нысанда ұсынған салықтық есептілікті форматты-логикалық бақылау салық органының ақпараттық жүйесінде толтырған, қабылдаған және (немесе) өңдеген кезде жүзеге асырылады;

2) қағаз жеткізгіште ұсынған салықтық есептілікті форматты-логикалық бақылау салықтық есептілікті ұсыну тәртібіне сәйкес салық органының ақпараттық жүйесіне салық органының лауазымды адамы енгізгеннен кейін жүзеге асырылады.

Форматты-логикалық бақылау қорытындылары бойынша осындай салықтық есептілікке "Құжат қабылданды" деген мәртебенің берілуі салықтық есептілікті ұсынылды деп танудың міндетті шарты болып табылады.

Осы тармақтың үшінші бөлігінің 2) тармақшасында көзделген нысанда ұсынылған салықтық есептілікті форматты-логикалық бақылау қорытындылары бойынша "Құжат қабылданбады" деген мәртебе берілген жағдайда, мұндай салықтық есептілік ұсынылмады деп танылады.

Осы Кодексте белгіленген бастапқы немесе кезекті салықтық есептілікті ұсыну мерзімі өткеннен кейін салық органының ақпараттық жүйесінде осы салықтық кезең үшін нөлдік көрсеткіштері бар тиісті салықтық есептілік автоматты түрде қалыптастырылады (бұдан әрі – автоматты салықтық есептілік).

Осы тармақтың ережелері ДК қызметіне байланысты емес қызмет бойынша жеке тұлғалардың салықтық есептілікті ұсынуына қолданылмайды.

Салық органының ақпараттық жүйесінде қосымша салықтық есептілікті, сондай-ақ осы Кодексте белгіленген есептілікті ұсыну мерзімі шегінде қағаз жеткізгіштегі салықтық есептілікті қоспағанда, қалыптастырылған автоматты салықтық есептілік сияқты салықтың, бюджетке төленетін төлемнің осындай түрі бойынша сол салықтық кезең үшін салықтық есептілік қабылданбайды.

      Салық органының ақпараттық жүйесіне қағаз жеткізгіште бастапқы немесе кезекті салықтық есептілік енгізілгеннен және "Құжат қабылданды" деген мәртебе берілгеннен кейін осы салықтық кезең үшін қалыптастырылған автоматты салықтық есептілік жойылады.

Салық төлеуші осындай есептілікте көрсетілуге жататын салық салу объектісі және (немесе) салық салуға байланысты объект болған кезде салықтық кезең үшін автоматты салықтық есептілікке қосымша салықтық есептілікті ұсынуға міндетті.

Салықтық есептілік мынадай:

1) салықтық есептілік уәкілетті орган белгілеген нысанға сәйкес келмеген;

2) салықтық есептілікте салық төлеушінің (салық агентінің) және (немесе) салық органының міндетті сәйкестендіру деректері және (немесе) салықтық есептілікті жасау күні және (немесе) түрі көрсетілмеген немесе дұрыс көрсетілмеген;

3) салықтық есептілікке қол қойылмаған және (немесе) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген жағдайларда өз мөрімен куәландырылмаған;

4) байланыс желісінің болмауы себебінен қағаз шот-фактуралар жазып берілген жағдайда – қосылған құн салығы бойынша салықтық есептілік салықтық кезең ішінде сатып алынған және (немесе) өткізілген тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер бойынша шот-фактуралар тізілімінсіз жасалған;

5) жеке табыс салығы және әлеуметтік салық бойынша салықтық есептілік әрбір жеке тұлға бөлінісінде жеке тұлғалардың кірістерінен есептелген салықтар мен әлеуметтік төлемдер көрсетілмей жасалған жағдайларда, салық органының қабылдауына жатпайды.

Тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішті қоспағанда, салықтық есептілік кері қайтарып алуға жатпайды. (ҚР СК 115-бабының 9-тармағы)

Тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішті кері қайтарып алу ҚР СК 532-бабында айқындалған тәртіппен жүргізіледі.

Салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұру және қайта бастау

Салық төлеуші (салық агенті):

1) салық есептілігін ұсынуды тоқтата тұруға;

2) тоқтата тұру мерзімі өткенге дейін салықтық есептілікті ұсынуды қайта бастауға құқылы.

Салық төлеуші қызметі қайта басталған кезде салықтық есептілікті ұсынуды міндетті түрде қайта бастайды.

Салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұрудың жалпы мерзімі талап қоюдың ескіру мерзімінен аспауға тиіс.

Салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұрған күннен бастап қайта басталған күнге дейінгі кезеңде қосылған құн салығын төлеушіге ЭШФ жазып беру тоқтатыла тұрады.

Салық салу объектілері болған кезде салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық есептілігін ұсыну тоқтатыла тұрмайды.

2. Салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұру және (немесе) қайта бастау туралы мәліметтер салық органы тиісті шешімді қабылдаған күннен кешіктірілмей уәкілетті органның интернет-ресурсында жарияланады.

Уәкілетті органның интернет-ресурсында салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұру және (немесе) қайта бастау туралы мәліметтерді жариялау салықтық өтініште немесе жергілікті атқарушы органның жолданымында көрсетілген кезең үшін салықтық есептілікті ұсынбауға негіз болып табылады.

3. Салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық есептілікті ұсынуын тоқтата тұрудан бас тарту:

1) салықтық берешек, әлеуметтік төлемдер бойынша берешек болған;

2) салық төлеуші әрекет етпейтін салық төлеушілердің тізіліміне енгізілген;

3) салық органының орындалмаған хабарламалары болған жағдайда қабылданады.

4. Салық органы:

1) салық төлеуші (салық агенті) салықтық есептілікті ұсыну күнінен бастап салықтық есептілікті ұсынған;

2) қызметін тоқтата тұру кезеңінде немесе қайта бастаған күннен бастап салық төлеушінің (салық агентінің) қызметін қайта бастау фактісі анықталған жағдайда, салықтық есептілікті ұсынуды қайта басталды деп таниды.

Салық төлеушінің (салық агентінің) салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді және әлеуметтік міндеттемелерді есептеу, төлеу бойынша салықтық міндеттеменің туындауына алып келетін қызметті жүзеге асыруды бастауы осы баптың мақсаттары үшін қызметті қайта бастау деп танылады.


2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі салықтық есептілік

Салықтық есептілік салық төлеушінің (салық агентінің) осы Кодексте белгіленген тәртіпке сәйкес ұсынылатын құжаты болып табылады, онда салық төлеуші (салық агенті), салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер туралы, активтер мен міндеттемелер туралы, сондай-ақ салықтық міндеттемелер мен әлеуметтік төлемдерді есептеу туралы мәліметтер қамтылады.

Салықтық есептілік қандай түрлерге бөлінеді

Салықтық есептілік нені қамтиды

Салықтық есептілікті ұсыну тәсілдері

Салықтық есептілікті кері қайтарып алу

Салықтық есептілікті кері қайтарып алу әдістері

Табыс етілген салықтық есептілікті кері қайтарып алуға жол берілмейді

Салықтық есептілік қандай түрлерге бөлінеді

Салықтық есептіліктің түрлері

Тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішті қоспағанда, салықтық есептілік мынадай түрлерге бөлінеді:

1) бастапқы салықтық есептілік – салық төлеушіні (салық агентін) тіркеу есебіне қою жүргізілген және (немесе) салықтардың және бюджетке төленетін төлемдердің белгілі бір түрі бойынша салықтық міндеттеме, сондай-ақ әлеуметтік төлемдерді есептеу, ұстап қалу және аудару жөніндегі міндет алғаш туындаған салықтық кезең үшін ұсынылатын салықтық есептілік;

2) кезекті салықтық есептілік – бастапқы салықтық есептілік ұсынылғаннан кейін келесі салық кезеңдеріне ұсынылатын салықтық есептілік;

3) қосымша салықтық есептілік – осы өзгерістер және (немесе) толықтырулар қатысты болатын салықтық кезең үшін бұрын ұсынылған салықтық есептілікке өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген кезде ұсынылатын салықтық есептілік;

4) хабарлама бойынша қосымша салықтық есептілік – салық органы камералдық бақылау нәтижелері бойынша бұзушылықтарды анықтаған салықтық кезең үшін бұрын ұсынылған салықтық есептілікке өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізген кезде ұсынылатын салықтық есептілік;

5) таратудың салықтық есептілігі – салық төлеуші (салық агенті) қызметін тоқтатқан, таратылған немесе қайта ұйымдастырылған кезде, сондай-ақ қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығарылған кезде ұсынылатын салықтық есептілік.

Салықтық есептілік нені қамтиды

Салықтық есептілік:

  • салықтық декларацияларды,
  • салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің, әлеуметтік төлемдердің түрлері бойынша есеп есеп-қисаптарды, оларға қосымшаларды,
  • тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішті,
  • жалға алу (пайдалану) шарттарының тізілімін қамтиды.

Салықтық есептiлiктің нысандарын және оларды жасау қағидаларын уәкiлеттi орган бекiтедi.

ҚР СК  207-бабы негiзiнде Салық салудың әртүрлi шарттары белгiленген қызмет түрлерiн жүзеге асыратын салық төлеушi (салық агенті) салықтық есептілікті әрбір қызмет түрi бойынша бөлек жасайды.

Күнтiзбелiк жыл iшiнде ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер және ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін арнаулы салық режимінен жалпыға бірдей белгiленген тәртiпке ауысқан жағдайда, көрсетiлген күнтiзбелiк жылда:

  • арнаулы салық режимін;
  • жалпыға бірдей белгiленген тәртiптi қолданған кезең үшін салықтық есептілік жеке жасалады.

Салықтық өтініштер, салықтық есептілік осы Кодексте белгіленген тәртіппен және мерзімдерде салық органдарына ұсынылады.

Егер салық төлеуші (салық агенті) уәкілетті орган өздері үшін салықтық есептіліктің әртүрлі нысандарын белгілеген санаттарға жататын болса, онда мұндай жағдайда, салықтық есептілік салық төлеуші (салық агенті) жатқызылатын әрбір санат үшін көзделген нысандар бойынша ұсынылады.

Салықтық есептілікті ұсыну тәсілдері

Егер осы бапта өзгеше көзделмесе, салықтық өтініш пен салықтық есептілік тиісті салық органдарына таңдауы бойынша:

1) келу тәртібімен – қағаз жеткізгіште, оның ішінде "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясы арқылы (қосылған құн салығы бойынша салықтық есептілікті қоспағанда);

2) хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы – қағаз жеткізгіште;

3) ақпаратты компьютерлік өңдеуге жол беретін электрондық нысанда ұсынылады.

Салық органының шешімімен қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығарылғаннан кейін қосылған құн салығы бойынша салықтық есептілік келу тәртібімен ұсынылады.

Салықтық өтініш және (немесе) салықтық есептілік келу тәртібімен қағаз жеткізгіште ұсынылған жағдайда, екі дана етіп ұсынылады, бір данасы салық органының белгісі қойылып салық төлеушіге (салық агентіне) қайтарылады.

Салық салу объектілері болмаған кезде:

  •       мүлік салығы;
  •       жер салығы;
  •       көлік құралдары салығы;
  •       экспортқа рента салығы;
  •       қол қойылған бонус;
  •       тарихи шығындарды өтеу жөніндегі төлем;
  •      бюджетке төленетін төлемдер.
  •      бейрезидент кірісінен төлем көзінен ұсталатын корпоративтік табыс салығы бойынша салықтық есептілік ұсынылмайды

Салықтық есептілікті кері қайтарып алу

Салық төлеуші (салық агентi) салықтық есептілікті керi қайтарып алу үшін салық органына:

1) өзі тiркеу есебiне қойылған жер бойынша салықтық өтiнiштi ұсынады.

Салық органының коды дұрыс көрсетілмеген салықтық есептiлiкті өзгерту әдісімен кері қайтарып алған жағдайда, салықтық өтiнiш осындай есептілікті ұсыну орны бойынша ұсынылады;

2) осы Кодекстің 208-бабы 2-тармағының шарттарын бұза отырып ұсынылған салықтық есептілікті жою әдісімен кері қайтарып алған жағдайда, салықтық есептілікті ұсынады.

Салықтық есептілік көрсетілген салықтық кезеңге ұсынылған салықтық есептіліктің барлық қосымша нысандары ескеріле отырып, салықтық есептілікті қабылдау және өңдеу жүйесiнен салық органының керi қайтарып алуына жатады.

Салықтық есептілікті кері қайтарып алу әдістері

Салықтық есептілікті керi қайтарып алу мынадай әдiстердiң бірiмен жүргізіледі:

1) жою әдiсiмен, бұл ретте керi қайтарылатын салықтық есептілік салықтық есептілікті қабылдау және өңдеу жүйесiнiң орталық торабынан жойылады;

2) өзгерту әдiсiмен, бұл ретте бұрын ұсынылған салықтық есептілікке салық төлеушi (салық агентi) мәлiмдеген өзгерістер және (немесе) түзетулер енгiзiледі.

  Жою әдісімен мынадай:

1) салықтық тексеруді жүргізу басталғанға дейін қызметті қайта бастау туралы шешім қабылдаған жағдайда таратудың салықтық есептілігін;

2) осы Кодекстің 208-бабы 2-тармағының және 211-бабы 5-тармағының талаптарын бұза отырып ұсынылған;

3) осындай салықтық есептілікті ұсыну жөніндегі міндеттеме болмаған кезде ұсынылған;

4) осы Кодекстің 209-бабының 5-тармағына сәйкес ұсынылмады деп есептелетін;

5) камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органы анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламалар бойынша салықтық есептілікті қоспағанда, талап қоюдың ескіру мерзімі өткеннен кейін ұсынылған салықтық есептілікті кері қайтарып алу жүргізіледі.

Жою әдісімен салықтық есептілікті кері қайтарып алу кезінде салық төлеушінің (салық агентінің) жеке шоттарында тіркеу есебіне қойылған жері бойынша салық органы кері қайтарып алынатын салықтық есептілік бойынша салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің, әлеуметтік төлемдердің есептелген (азайтылған) сомаларына түзетпе жасауды жүзеге асырады.

Осы тармақтың бірінші бөлігінің 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген салықтық есептілікті кері қайтарып алу туралы салықтық өтініш ұсынылмаған жағдайда, салық органы ұсынбау фактісі анықталған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде салық төлеушіге (салық агентіне) Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы хабарлама жібереді.

Хабарлама орындалмаған кезде салық органы салықтық есептілікті кері қайтарып алуды салықтық өтінішсіз жою әдісімен жүргізеді. Кері қайтарып алу уәкілетті орган белгілеген нысан бойынша салықтық есептілікті кері қайтарып алуға салық органының шешімі негізінде жүргізіледі.

Өзгерту әдiсiмен мынадай салықтық есептілікті:

1) валютаның коды көрсетiлмеген немесе дұрыс көрсетiлмеген;

2) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың нөмiрi және (немесе) күнi көрсетiлмеген немесе дұрыс көрсетiлмеген;

3) резиденттік мәртебесi көрсетiлмеген немесе дұрыс көрсетiлмеген;

4) салық органының коды дұрыс көрсетілмеген;

5) салықтық кезең дұрыс көрсетілмеген;

6) салықтық есептіліктің түрі дұрыс көрсетілмеген;

7) салықтық тексеру жүргізілгеннен кейін немесе камералдық бақылау аяқталғаннан кейін қызметті қайта бастау туралы шешім қабылдаған жағдайда таратудың салықтық есептілігін кері қайтарып алу жүргізіледі.

Өзгерту әдiсiмен салықтық есептілікті кері қайтарып алу кезiнде салық төлеушiнiң (салық агентiнiң) жеке шоттарында тiркеу есебiне қойылған жері бойынша салық органы мәлімделген өзгерістерді және (немесе) толықтыруларды ескере отырып, салықтық есептілік бойынша деректерді жеке шотта кейіннен көрсетіп, кері қайтарылатын салықтық есептілікте көрсетілген сомаларға түзетпе жасауды жүзеге асырады.

Ұсынылған салықтық есептілікті кері қайтарып алуға қашан жол берілмейді

Мынадай:

1) тексеру жүргiзуге арналған нұсқамада көрсетiлген салықтардың және бюджетке төленетiн төлемдер мен әлеуметтiк төлемдердiң түрлерi бойынша кешендi және тақырыптық тексерулердi жүргiзу кезеңiнде – тексерiлетiн салықтық кезеңнің;

2) шағым берудiң қалпына келтiрiлген мерзiмiн ескере отырып, тексеру нәтижелері туралы хабарламаға шағымды беру және оны қарау мерзiмi кезеңiнде – шағым жасалатын салықтық кезеңнің;

3) камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органы анықтаған бұзушылықтарды жою туралы хабарламалар бойынша ұсынылған салықтық есептілікті керi қайтарып алуға жол берiлмейдi.