Қоса атқарылатын жұмысжұмыскердің негізгі жұмысынан бос уақытында еңбек шарты жағдайында тұрақты, ақы төленетін басқа жұмысты орындауы. (ҚР Еңбек кодексінің 1-бабының 56-тармақшасы)

Мыналарды: медицина жұмыскерлерін қоспағанда, он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлерді және ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлерді қоса атқаратын жұмысқа орналастыруға жол берілмейді.

ҚР Еңбек кодексінің 32-бабының 4-тармағына сәйкес: Жұмыскер қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шартын басқа жұмыс берушімен жасасу үшін негізгі жұмыс орны бойынша еңбектің сипаты мен шарттары (жұмыс орны, лауазымы, еңбек жағдайлары) туралы анықтама ұсынады.

ҚР Еңбек кодексінің 68-бабының 3-тармағына сәйкес: Негізгі жұмыс орны бойынша және қоса атқаратын жұмысы бойынша күнделікті жұмыстың жиынтық ұзақтығы осы Кодекстің 71-бабының 4-тармағында белгіленген күнделікті жұмыс ұзақтығының нормасынан 4 сағаттан артық аспауға тиіс.

ҚР Еңбек кодексінің 71 бабының 4 тармағына сәйкес: Осы Кодексте және ҚР өзге де заңдарында көзделген жағдайларды қоспағанда, күнделікті жұмыстың ұзақтығы 8 сағаттан аспауы тиіс.

ҚР Еңбек кодексінің 92-бабының 5-тармағына сәйкес: Қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін жұмыскерлерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы негізгі жұмысы бойынша демалыспен бір мезгілде беріледі.

Егер қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шарты бойынша жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының ұзақтығы негізгі жұмыс бойынша демалыстың ұзақтығынан аз болса, жұмыс беруші қоса атқарушы жұмыскердің өтініші бойынша оған демалыстар ұзақтығының айырмасын құрайтын күндерге жалақы сақталмайтын демалыс береді.

Осылайша, ҚР еңбек заңнамасы қоса атқаратын жұмысы туралы еңбек шарты бойынша 8 сағаттық жұмыс күніне тыйым салмайды. Жұмыскер басқа жұмыс берушімен қоса атқаратын жұмысы туралы еңбек шартын жасасу үшін негізгі жұмыс орны (жұмыс орны, лауазымы, еңбек жағдайлары) бойынша еңбек сипаты мен жағдайлары туралы анықтама ұсынады.

Бұл ретте қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шартында жұмыстың қоса атқаратын жұмыс болып табылатыны міндетті түрде көрсетіледі; негізгі жұмыс орны бойынша күнделікті жұмыстың және қоса атқаратын жұмыстың жиынтық ұзақтығы күніне 12 сағаттан аспауы тиіс.