Таратудың салықтық есептілігі - салық төлеуші (салық агенті) қызметін тоқтатқан, таратылған немесе қайта ұйымдастырылған кезде, сондай-ақ қосылған құн салығын төлеуші тіркеу есебінен шығарылған кезде ұсынылатын салықтық есептілік.

Салықтық есептілік – салық төлеуші (салық агенті), салық салу объектілері және (немесе) салық салуға байланысты объектілер, активтер мен міндеттемелер, кірістер мен мүлік туралы, сондай-ақ салықтық міндеттемелер мен әлеуметтік төлемдерді есептеу туралы мәліметтерді қамтитын салық төлеушінің (салық агентінің) құжаты.


2026 жылғы 1 қаңтардан бастап таратудың салықтық есептілігі

2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі таратудың салықтық есептілігі


2026 жылғы 1 қаңтардан бастап таратудың салықтық есептілігі

Жаңа Салық кодексі (2025 жылғы 18 шілдедегі № 214-VIII ҚР Кодексі) 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді.

Салық реформасы шеңберінде 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін өзгерістер салықтық есептілікке қатысты болды.

Қабылданған Салық кодексіне сәйкес (ҚР СК 115-бабының 9-тармағы) 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап салықтық есептілік кері қайтарып алуға жатпайды.

Енді
бұрын ұсынылған салықтық есептілікте көрсетілген мәліметтерді өзгерту және (немесе) толықтыру қосымша салықтық есептілікті және (немесе) хабарлама бойынша салықтық есептілікті ұсыну арқылы жүргізіледі.

Бастапқы немесе кезекті салықтық есептілікті ұсыну мерзімі өткеннен кейін салық органының ақпараттық жүйесінде осы салықтық кезең үшін нөлдік көрсеткіштері бар тиісті салықтық есептілік автоматты түрде қалыптастырылады (бұдан әрі – автоматты салықтық есептілік)

Салық органының ақпараттық жүйесінде қосымша салықтық есептілікті, сондай-ақ есептілікті ұсыну мерзімі шегінде қағаз жеткізгіштегі салықтық есептілікті қоспағанда, қалыптастырылған автоматты салықтық есептілік сияқты салықтың, бюджетке төленетін төлемнің осындай түрі бойынша сол салықтық кезең үшін салықтық есептілік қабылданбайды.

Салық органының ақпараттық жүйесіне қағаз жеткізгіште бастапқы немесе кезекті салықтық есептілік енгізілгеннен және "Құжат қабылданды" деген мәртебе берілгеннен кейін осы салықтық кезең үшін қалыптастырылған автоматты салықтық есептілік жойылады.

Салықтық есептіліктің түрлері

Салықтық есептілікке декларациялар, оның ішінде тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш, сондай-ақ салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің түрлері, әлеуметтік төлемдер бойынша есеп-қисаптар жатады. (ҚР СК 114-бабы)

Декларация – декларацияның өзінен және қосымшалардан, есеп-қисап – есеп-қисаптың өзінен және қосымшалардан тұрады.

Тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтінішті қоспағанда, салықтық есептілік мынадай түрлерге бөлінеді:

1) бастапқы салықтық есептілік – салық төлеушіні (салық агентін) салықтық тіркеу жүргізілген, салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің белгілі бір түрі бойынша салықтық міндеттеме, сондай-ақ әлеуметтік міндеттеме алғаш рет пайда болған салықтық кезең үшін ұсынылатын салықтық есептілік;

2) кезекті салықтық есептілік – бастапқы салықтық есептілік ұсынылғаннан кейін келесі салықтық кезеңдерге ұсынылатын салықтық есептілік;

3) қосымша салықтық есептілік – бұрын ұсынылған салықтық есептілікке өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген кезде ұсынылатын салықтық есептілік;

4) хабарлама бойынша салықтық есептілік – салық органы хабарлама нысанында шешімді жіберген салықтық кезең үшін ұсынылатын салықтық есептілік.

Хабарлама бойынша бастапқы немесе қосымша салықтық есептілік ұсынылуы мүмкін;

5) таратудың салықтық есептілігі – салық төлеуші (салық агенті) қызметін тоқтатқан, таратылған немесе қайта ұйымдастырылған кезде, сондай-ақ қосылған құн салығын төлеуші тіркеу есебінен шығарылған кезде ұсынылатын салықтық есептілік.

ҚР СК 43-бабы негізінде салық органы:

  • таратылуына немесе қызметін тоқтатуына байланысты таратудың салықтық есептілігін ұсынған салық төлеуші (салық агенті) туралы мәліметтерді осы Кодексте айқындалған тәртіппен және жағдайларда уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастыруға міндетті;

ҚР СК 74-бабына сәйкес  мыналар қызметі тоқтатылатын тұлға деп танылады:

  • таратылатын резидент заңды тұлға;
  • Қазақстан Республикасында қызметі тоқтатылатын бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі;
  • Қазақстан Республикасында қызметі тоқтатылатын бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекемесі;
  • қызметі тоқтатылатын резидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі;
  • қызметі тоқтатылатын дара кәсіпкер;
  • қызметі тоқтатылатын жеке практикамен айналысатын адам;
  • бөлініп шығу, бірігу, бөліну немесе қосылу арқылы қайта ұйымдастырылатын заңды тұлға;
  • құқықтары мен міндеттерін шетелдік резидент-заңды тұлғаға беретін, бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық мекемесін ашпаған тұрақты мекеме.

Таратудың салықтық есептілігі қызметі тоқтатылатын тұлға төлеуші және (немесе) салық агенті болып табылатын салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің түрлері мен әлеуметтік төлемдер бойынша таратудың салықтық есептілігін ұсыну міндеттемесі туындаған салықтық кезеңнің басталуынан бастап осындай есептілік салық органына ұсынылған күнге дейінгі кезең үшін жасалады.

Егер кезекті салықтық есептілікті ұсыну міндеттемесі туындаған салықтық кезеңнің алдындағы салықтық кезең үшін осындай кезекті салықтық есептілікті ұсыну мерзімі таратудың салықтық есептілігі ұсынылғаннан кейін басталса, мұндай кезекті салықтық есептілікті ұсыну таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күннен кешіктірілмей жүргізіледі.

ҚР СК 74-бабы 2-тармағының екінші бөлігіне сәйкес ұсынылған кезекті салықтық есептілікте және таратудың салықтық есептілігінде көрсетілген салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді және әлеуметтік төлемдерді төлеу таратудың салықтық есептілігі салық органына ұсынылған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей жүргізіледі.

Тарату кезінде салықтық міндеттемені орындау

Мыналар таратылатын салық төлеуші деп танылады:

  • таратылатын резидент-заңды тұлға;
  • Қазақстан Республикасында қызметі тоқтатылатын бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі;
  • Қазақстан Республикасында қызметі тоқтатылатын бейрезидент-заңды тұлғаның тұрақты мекемесі;
  •    қызметі тоқтатылатын резидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі.

Осы Кодекстің 74-бабының 2-тармағында көзделген таратудың салықтық есептілігін ұсыну міндеттемесі аралық тарату балансы бекітілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде мынадай тұлғаларда:

  • таратылатын резидент-заңды тұлғада;
  • Қазақстан Республикасында қызметі тоқтатылатын бейрезидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінде немесе тұрақты мекемесінде;
  • қызметі тоқтатылатын резидент-заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесі салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді дербес төлеуші болып танылған жағдайда, осы құрылымдық бөлімшеде туындайды.

Осы Кодекстің 74-бабының 2-тармағында көзделген таратудың салықтық есептілігін ұсыну салықтық әкімшілендіруді жүзеге асыру, оның ішінде салықтық тексеру жүргізу үшін негіз болып табылады.

ҚР СК 116-бабының негізінде таратудың салықтық есептілігін ұсынғаннан кейін салық төлеушінің (салық агентінің) хабарлама бойынша салықтық есептілікті ұсынуына жол беріледі.

Аяқталмаған салықтық кезең үшін салық төлеуші (салық агенті) ұсынған таратудың салықтық есептілігі мынадай:

1) салықтық тексеру аяқталғаннан кейін қызметті тоқтату немесе тарату, бөлу арқылы қайта ұйымдастыру туралы шешім өзгерген;

2) дара кәсіпкер тіркеу есебінен шығарылғанға дейін қызметін тоқтату туралы шешімді өзгерткен;

3) дара кәсіпкерді тіркеу есебінен шығарудан бас тартылған жағдайларда, салықтық кезеңдегі кезекті салықтық есептілікке теңестіріледі.


2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі таратудың салықтық есептілігі

Тарату есептілігі – бұл салық төлеуші (салық агенті) қызметін тоқтатқан, таратылған немесе қайта ұйымдастырылған кезде, сондай-ақ қосылған құн салығы бойынша тіркеу есебінен шығарылған кезде ұсынылатын салықтық есептілік. (ҚР Салық кодексінің 206-бабы)

ҚР Салық кодексінің 58-бабына сәйкес резидент-заңды тұлға тарату туралы шешім қабылданған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде өзінің орналасқан жеріндегі салық органына бұл туралы жазбаша хабарлайды.

Таратылатын заңды тұлға аралық тарату балансы бекітілген күннен бастап 3 жұмыс күні ішінде өзінің орналасқан жеріндегі салық органына бір мезгілде:

·        салықтық тексеру жүргізу туралы салықтық өтінішті,

·        таратудың салықтық есептілігін ұсынады.

Таратудың салықтық есептілігі таратылатын заңды тұлға төлеуші және (немесе) салық агенті болып табылатын салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің түрлері және әлеуметтік төлемдер бойынша салықтық тексеру жүргізу туралы салықтық өтініш ұсынылған салықтық кезеңнің басынан бастап осындай өтініш ұсынылған күнге дейінгі кезең үшін жасалады.

Егер кезекті салықтық есептілікті ұсыну мерзімі таратудың салықтық есептілігі ұсынылғаннан кейін басталса, осындай кезекті салықтық есептілікті ұсыну таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күннен кешіктірілмей жүргізіледі.

Таратылатын заңды тұлға таратудың салықтық есептілігінде көрсетілген салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді және әлеуметтік төлемдерді салық органына таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірмей төлейді.

Егер таратудың салықтық есептілігінің алдында ұсынылған салықтық есептілікте көрсетілген салықтарды, бюджетке төленетін төлемдерді және әлеуметтік төлемдерді төлеу мерзімі осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткеннен кейін басталатын болса, онда төлеу (аудару) салық органына таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күннен бастап күнтізбелік он күннен кешіктірілмей жүргізіледі.

Салық кодексінің 58-бабының 11-тармағына сәйкес таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күннен бастап таратудың салықтық тексеруі аяқталған күнге дейінгі кезеңде салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді, әлеуметтік төлемдерді есептеу және төлеу жөніндегі міндеттемелер туындаған жағдайда, таратылатын заңды тұлға осындай міндеттемелерді салық органының осы Кодекстің 114-бабы 2-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген хабарламасы негізінде орындауға міндетті.

Таратылатын резидент заңды тұлғалардың жекелеген санаттарының салық міндеттемелерін орындау ерекшеліктері ҚР Салық кодексінің 59-баптарында регламенттелген.

2. Тарату туралы шешім қабылданған жағдайда, заңды тұлға орналасқан жеріндегі салық органына бір мезгілде:

1) қызметті тоқтату туралы салықтық өтініш;

2) таратудың салықтық есептілігін;

3) аралық тарату балансын;

4) осы Кодекстің 169-бабында айқындалған тәртіппен бақылау-касса машинасын есептен шығару туралы салықтық өтінішті ұсынады.

Таратылатын заңды тұлға осы тармақтың бірінші бөлігінің 4) тармақшасында көрсетілген құжатты бақылау-касса машинасы салық органында есепке қойылған жағдайда ұсынады.

Салықтар бойынша аудит қорытындысының нәтижелері бойынша қызметін тоқтататын таратылатын резидент заңды тұлғалардың жекелеген санаттарының салық міндеттемесін орындау ерекшеліктері ҚР СК 60-бабында келтірілген.

Осылайша, таратудың салықтық есептілігі салықтық тексеру жүргізуге Өтінішпен бір мезгілде табыс етіледі, ол Меншік иелері аралық тарату балансын бекіткеннен кейін 3 күн ішінде табыс етіледі.

Аралық тарату балансы, жабу кезіндегі салық органына таратудың салықтық есептілігі