Эмиссиялар - бұл антропогендік объектілерден атмосфералық ауаға, суға, жерге немесе оның бетіне шығарылатын ластаушы заттардың түсуі. (ҚР Экологиялық кодексінің 10-бабы)

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап эмиссиялар үшін төлемақы

Эмиссиялар үшін 2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі төлемақы

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап эмиссиялар үшін төлемақы

Жаңа Салық кодексі (2025 жылғы 18 шілдедегі № 214-VIII ҚР Кодексі) 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді.

Қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемақы тиісті экологиялық рұқсат пен қоршаған ортаға әсер ету туралы декларация негізінде жүзеге асырылатын, ластаушы заттардың шығарындылары мен төгінділері (қоршаған ортаға эмиссия), күкіртті ашық түрде күкірт карталарында орналастырғаны және қалдықтарды көмгені үшін алынады. (ҚР Салық кодексінің 636-бабы)

Төлемақы төлеушілер

Қоршаған ортаға эмиссиялар салу объектісі

Төлемақы мөлшерлемелері мен сомасы

Салықтық кезең және салық есептілігі

Төлемақы төлеушілер

Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес айқындалған I, II және III санаттағы объектілердің операторлары төлемақы төлеушілер болып табылады.

Заңды тұлға өз шешімімен өзінің құрылымдық бөлімшесін осындай құрылымдық бөлімшенің қоршаған ортаға эмиссиясының көлемі бойынша төлемақыны дербес төлеуші деп тануға құқылы.

Заңды тұлғаның шешімі немесе осындай шешімнің күшін жою мұндай шешімді қабылдаған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.

Егер заңды тұлға өз шешімімен заңды тұлғаның жаңадан құрылған құрылымдық бөлімшесін төлемақыны дербес төлеуші деп таныса, онда мұндай шешім осы құрылымдық бөлімше құрылған күннен бастап немесе осы құрылымдық бөлімше құрылған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.

Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимі қолданылатын қызметті жүзеге асыру нәтижесінде туындайтын қоршаған ортаға теріс әсер ету бойынша шаруа және фермер қ қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер төлемақы төлеушілер болып табылмайды.

Қоршаған ортаға эмиссиялар салу объектісі

ҚР СК 638-бабына сәйкес мыналар:

1) ластаушы заттардың шығарындылары;

2) ластаушы заттардың төгінділері;

3) көмілген қалдықтар;

4) көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру операцияларын жүргізу кезінде түзілетін, күкірт карталарында ашық түрде орналастырылған күкірт түрінде есепті кезеңде (І және ІІ санаттардағы объектілер үшін – белгіленген нормативтер және лимиттер шегінде, ІІІ санаттағы объектілер үшін – декларацияланған көлем шегінде) қоршаған ортаға теріс әсер етудің (радиоактивті қалдықтар үшін – масса, белсенділік өлшем бірлігі), оның ішінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және оның аумақтық органдары Қазақстан Республикасының экология заңнамасының сақталуына мемлекеттік экологиялық бақылауды (мемлекеттік экологиялық бақылау) жүзеге асыру нәтижелері бойынша анықталған іс жүзіндегі көлемі салық салу объектісі болып табылады.

Төлемақы мөлшерлемелері мен сомасы

Төлемақы мөлшерлемелері салықтық кезеңнің бірінші күніне қолданыста болатын АЕК-тің еселенген мөлшерінде айқындалады.

Ластаушы заттардың шығарындылары үшін төлемақы мөлшерлемелері ҚР СК 639-бабында регламенттелген:

  • 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін тыныс-тіршілікті қамтамасыз ететін бірінші санаттағы объектілерді және екінші, үшінші санаттағы объектілерді қоспағанда, бірінші санаттағы объектілердің стационарлық көздерінен ластаушы заттардың шығарындылары үшін төлемақы мөлшерлемелері;
  • Тыныс-тіршілікті қамтамасыз ететін бірінші санаттағы объектілерді қоспағанда, бірінші санаттағы объектілердің стационарлық көздерінен ластаушы заттардың шығарындылары үшін төлемақы мөлшерлемелері:

1) 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап 2031 жылғы 1 қаңтарға дейін
2) 2031 жылғы 1 қаңтардан бастап

  • Тыныс-тіршілікті қамтамасыз ететін бірінші санаттағы объектілер үшін стационарлық көздерден ластаушы заттардың шығарындылары үшін төлемақы мөлшерлемелері
  • Ілеспе және (немесе) табиғи газды алау етіп жағудан ластаушы заттардың шығарындылары үшін төлемақы мөлшерлемелері
  • Жылжымалы көздерден атмосфералық ауаға ластаушы заттардың шығарындылары үшін төлемақы мөлшерлемелері
  • 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін тыныс-тіршілікті қамтамасыз ететін бірінші санаттағы объектілерді және екінші, үшінші санаттардағы объектілерді қоспағанда, бірінші санаттағы объектілердің ластаушы заттардың төгінділері үшін төлемақы мөлшерлемелері
  • Тыныс-тіршілікті қамтамасыз ететін бірінші санаттағы объектілерді қоспағанда, бірінші санаттағы объектілердің ластаушы заттардың төгінділері үшін төлемақы мөлшерлемелері:

1) 2028 жылғы 1 қаңтардан бастап 2031 жылғы 1 қаңтарға дейін
2) 2031 жылғы 1 қаңтардан бастап

  • Тыныс-тіршілікті қамтамасыз ететін бірінші санаттағы объектілер үшін ластаушы заттардың төгінділеріне төлемақы мөлшерлемелері
  • 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап 2028 жылғы 1 қаңтарға дейін тыныс-тіршілікті қамтамасыз ететін бірінші санаттағы объектілерді және екінші, үшінші санаттардағы объектілерді қоспағанда, бірінші санаттағы объектілердің өндіру мен тұтыну қалдықтарын көмгені үшін төлемақы мөлшерлемелері
  • Тыныс-тіршілікті қамтамасыз ететін бірінші санаттағы объектілерді қоспағанда, бірінші санаттағы объектілердің өндіру мен тұтыну қалдықтарын көмгені үшін төлемақы мөлшерлемелері
  • Тыныс-тіршілікті қамтамасыз ететін бірінші санаттағы объектілер үшін өндіру мен тұтыну қалдықтарын көмгені үшін төлемақы мөлшерлемелері
  • Көмірсутектерді барлау және (немесе) өндіру жөніндегі операцияларды жүргізу кезінде түзілетін күкіртті ашық түрде күкірт карталарында орналастыру үшін төлемақы мөлшерлемелері бір тонна үшін 3,77 айлық есептік көрсеткішті құрайды.

Төлемақы сомасын:

1) I және II санаттардағы объектілердің операторлары болып табылатын төлеушілер ҚР СК 638-бабында көрсетілген салық салу объектілерін және ҚР СК 639-бабында коэффициенттерді қолдана отырып, белгіленген төлемақы мөлшерлемелерін негізге ала отырып есептейді;

2) ІІІ санаттағы объектілердің операторлары болып табылатын төлеушілер ҚР СК 638-бабында көрсетілген декларацияланған салық салу объектілерін және белгіленген төлемақы мөлшерлемелерін негізге ала отырып есептейді;

3) салық органдары осы бапта көзделген коэффициенттерді қолдана отырып, белгіленген төлемақы мөлшерлемелерін және ҚР СК 638-бабында айқындалған салық салу объектілерінің, оның ішінде мемлекеттік экологиялық немесе салықтық бақылау нәтижесінде алынған мәліметтер бойынша анықталған декларацияланбаған бөлігін негізге ала отырып есепке жазады.

Осы тармақтың бірінші бөлігінің 3) тармақшасына сәйкес төлемақы сомасы есепке жазылған жағдайда, салық органы ҚР СК 636-бабының 3-тармағында көзделген мәліметтерді алған күннен бастап он жұмыс күні ішінде тиісті хабарлама шығарады.

Салықтық кезең және салық есептілігі

Салықтық кезең - күнтізбелік тоқсан. (ҚР СК 641-бабы)

Төлемақы төлеушілер Қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемақы бойынша декларацияны (870.00-нысан) жылжымалы ластау көздері бойынша декларацияны қоспағанда, ластау объектісінің орналасқан жері бойынша салық органдарына табыс етеді.

Декларация салық органдарына:

1) мемлекеттік тіркеуге жататын ластаудың жылжымалы көздерi бойынша – мұндай тіркеуді жүргізу кезінде уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын жылжымалы көздерді тіркеу орны бойынша;

2) мемлекеттік тіркеуге жатпайтын ластаудың жылжымалы көздері бойынша – салық төлеушінің тұрған жері бойынша тапсырылады.

Төлемақы төлеушiлер декларацияны тоқсан сайын, есептi тоқсаннан кейiнгi екінші айдың 15-інен кешiктiрмей тапсырады.

Жылдық жиынтық көлемі 100 АЕК-ке дейiнгі төлемдер көлемінде төлемақы төлеушілер декларацияны есептi салықтық кезеңнiң 20 наурызынан кешiктiрмей тапсырады.

     Рұқсат беру құжаты көрсетілген мерзiмнен кейiн ресiмделген жағдайда, төлеушiлер декларацияны рұқсат беру құжаты алынған айдан кейiнгi айдың 20-сынан кешiктiрмей тапсырады.

2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі эмиссиялар үшін төлемақы


Қоршаған ортаға эмиссиялар - бұл ластаушы заттардың шығарындылары, төгінділері, өндіріс және тұтыну қалдықтарын қоршаған ортаға орналастыру, зиянды физикалық әсерлер, күкіртті қоршаған ортаға ашық түрде орналастыру және сақтау.

ҚР СК 573-бабы негізінде коршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемақы Қазақстан Республикасының экологиялық заңнамасына сәйкес тиісті экологиялық рұқсат пен қоршаған ортаға әсер ету туралы декларация негізінде жүзеге асырылатын, ластаушы заттардың шығарындылары мен төгінділері (қоршаған ортаға эмиссия), күкіртті ашық түрде күкірт карталарында орналастырғаны және қалдықтарды көмгені үшін алынады.

Төлемақы төлеушілер

Қоршаған ортаға эмиссиялар салу объектісі

Төлемақы мөлшерлемелері мен сомасы

Салық кезеңі және салықтық есептілік

Жауапкершілік


Төлем төлеушілер

ҚР СК 574-бабының негізінде Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне сәйкес айқындалған I, II және III санаттағы объектілердің операторлары төлемақы төлеушілер болып табылады.

Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимі қолданылатын қызметті жүзеге асыру нәтижесінде туындайтын қоршаған ортаға теріс әсер ету бойынша шаруа және фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер төлемақы төлеушілер болып табылмайды. (ҚР СК 574-бабының 3-тармағы).

Қоршаған ортаға эмиссиялар салу объектісі

Салық кодексінің 575-бабында көрсетілгендей мыналар:

1) ластаушы заттардың шығарындылары;

2) ластаушы заттардың төгінділері;

3) көмілген қалдықтар;

4) көмірсутекті барлау және (немесе) өндіру операцияларын жүргізу кезінде түзілетін, күкірт карталарында ашық түрде орналастырылған күкірт түрінде есепті кезеңде (І және ІІ санаттағы объектілер үшін – белгіленген нормативтер және лимиттер шегінде, ІІІ санаттағы объектілер үшін – декларацияланған көлем шегінде) қоршаған ортаға теріс әсер етудің (радиоактивті қалдықтар үшін – масса, белсенділік өлшем бірлігі), оның ішінде қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті орган және оның аумақтық органдары Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының сақталуына мемлекеттік экологиялық бақылауды (мемлекеттік экологиялық бақылау) жүзеге асыру нәтижелері бойынша белгіленген нақты көлемі салық салу объектісі болып табылады.

Төлемақы мөлшерлемелері мен сомасы

Салық кодексінің 576-бабына сәйкес төлемақы ставкалары республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және салық кезеңінің бірінші күні қолданыста болған АЕК еселенген мөлшерде айқындалады.

Тұрақты көздерден ластағыш заттардың шығарындылары үшін төлемақы мөлшерлемелері ҚР СК 576-бабының 2-тармағында белгіленген.

Төлемақы сомасын:

 1) I және II санаттағы объектілердің операторлары болып табылатын төлеушілер Салық кодексінің 575-бабында көрсетілген салық салу объектілерін және осы бапта көзделген коэффициенттерді қолдана отырып, белгіленген төлемақы мөлшерлемелерін негізге ала отырып есептейді;

2) ІІІ санаттағы объектілердің операторлары болып табылатын төлеушілер Салық кодексінің 575-бабында көрсетілген декларацияланған салық салу объектілерін және белгіленген төлемақы мөлшерлемелерін негізге ала отырып есептейді;

3) салық органдары осы бапта көзделген коэффициенттерді қолдана отырып, белгіленген төлемақы мөлшерлемелерін және Салық кодексінің 575-бабында айқындалған салық салу объектілерінің, оның ішінде мемлекеттік экологиялық немесе салықтық бақылау нәтижесінде алынған және осы Кодекстің 573-бабының 3-тармағында белгіленген тәртіппен, нысан бойынша және мерзімдерде ұсынылған мәліметтер бойынша анықталған декларацияланбаған бөлігін негізге ала отырып есепке жазады.

Жиынтық жылдық көлемде 100 АЕК-ке дейінгі төлем көлемдерінде І және ІІ санаттағы объектілердің операторлары болып табылатын төлемақы төлеушілер рұқсат құжатын беретін орган белгілеген қоршаған ортаға теріс әсер ету нормативтерін немесе лимиттерін сатып алуға құқылы.

Нормативтерді немесе лимиттерді сатып алу рұқсат беру құжатын ресімдеу кезінде ағымдағы жыл үшін алдын ала толық төлеммен есепті салық кезеңінің 20 наурызынан кешіктірмей жүргізіледі.

Көрсетілген мерзімнен кейін рұқсат беру құжатын алған кезде нормативті сатып алу рұқсат беру құжаты алынған айдан кейінгі айдың 20-сынан кешіктірілмей жүргізіледі.

Ластаудың жылжымалы көздерін қоспағанда, төлемақы сомасы рұқсат құжатында көрсетілген қоршаған ортаға теріс әсер ету көзінің (объектінің) тұрған жері бойынша бюджетке төленеді.

Ластанудың жылжымалы көздері бойынша төлемақы сомасы бюджетке:
1)
мемлекеттік тіркеуге жататын жылжымалы көздер бойынша – мұндай тіркеуді жүргізу кезінде уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын жылжымалы көздерді тіркеу орны бойынша;
2)
мемлекеттік тіркеуге жатпайтын ластаудың жылжымалы көздері бойынша – салық төлеушінің тұрған жері бойынша, оның ішінде заңды тұлғаның құрылымдық бөлімшесінің (егер оған салық міндеттемесін орындау жүктелсе) тұрған жері бойынша енгізіледі.

Төлеушілер қоршаған ортаға жағымсыз әсердің нақты көлемі үшін төлемақының ағымдағы сомаларын ҚР СК 577-бабының 3-тармағында көрсетілген төлеушілерді қоспағанда, есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 25-күнінен кешіктірмей енгізеді.

Салық кезеңі және салықтық есептілік

Салық кезеңі осы Кодекстің 314-бабына сәйкес айқындалады (ҚР СК 578-бабы).

Төлемақы төлеушілер жылжымалы ластау көздері бойынша декларацияны қоспағанда, ластау объектісінің орналасқан жері бойынша салық органдарына СЕН 870.00 «Қоршаған ортаға жағымсыз әсер үшін төлемақы жөніндегі декларация» (870.00-нысаны 870.01-қосымшасымен бірге ұсынылады, 870.01-қосымшасы ластаудың әрбір түрі үшін жеке толтырылады) декларациясын тапсырады

Декларация жылжымалы ластау көздері бойынша салық органдарына:

1) мемлекеттік тіркеуге жататын - осындай тіркеуді жүргізу кезінде уәкілетті мемлекеттік орган айқындайтын жылжымалы көздерді тіркеу орны бойынша;

2) мемлекеттік тіркеуге жатпайтын - салық төлеушінің орналасқан жері бойынша ұсынылады.

Декларацияны төлемақы төлеушiлер ҚР СК 579-бабының 3-тармақта көрсетiлгендердi қоспағанда, тоқсан сайын, есепті тоқсаннан кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірмей тапсырады.

Жиынтық жылдық көлемде төлемдер көлемі 100 АЕК-ке дейін төлемақы төлеушілер декларацияны есепті салық кезеңінің 20 наурызынан кешіктірмей табыс етеді.

Рұқсат беру құжаты көрсетілген мерзімнен кейін ресімделген жағдайда төлеушілер декларацияны рұқсат беру құжаты алынған айдан кейінгі айдың 20-сынан кешіктірмей табыс етеді.

Жауапкершілік

ӘҚБтК-нің 272-бабы негізінде мемлекеттік кірістер органына Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде белгіленген мерзімде салық есептілігін табыс етпеу - ескерту жасауға әкеп соғады.

Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекет, - жеке тұлғаларға - 15 АЕК мөлшерінде, жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - 30 АЕК мөлшерінде, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - 45 АЕК мөлшерінде, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - 70 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.