ҚР Әлеуметтік кодексінің 1-бабы 99-тармақшасының негізінде мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар - азаматтарға мүгедектік туындаған және асыраушысынан айырылған кезде берілетін ақшалай төлемдер;

Жәрдемақыға кімнің құқығы бар

Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау тәртібі

Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеу тәртібі

Арнаулы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері

Мүгедектігі бойынша әлеуметтік жәрдемақылар төлеу

Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік жәрдемақылар төлеу


Жәрдемақыға кімнің құқығы бар

ҚР Әлеуметтік кодексі 190-бабына сәйкес - Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алуға Қазақстан Республикасы азаматтарының құқығы бар.

Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын шетелдіктер және азаматтығы жоқ адамдар Қазақстан Республикасының азаматтарымен бірдей арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алу құқығын пайдаланады.

Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде айқындалған жеңілдіктер тізбесі негізге алына отырып, арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқығы бар азаматтарға:

1) Ұлы Отан соғысының ардагерлері;

2) басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері;

3) мәртебесі «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 1) тармақшасында айқындалған, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген адамдар;

4) мәртебесі «Ардагерлер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабының 2) тармақшасында айқындалған жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген адамдар;

5) Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабарсыз кеткен) жауынгерлердің екінші рет некеге тұрмаған жесірлері;

6) Ауғанстандағы немесе ұрыс қимылдары жүргізілген басқа мемлекеттердегі ұрыс қимылдары кезеңінде қаза тапқан (хабарсыз кеткен) немесе жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған әскери қызметшілердің, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің отбасылары; бейбіт уақытта әскери қызметін, арнаулы мемлекеттік органдардағы қызметін өткеру кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) әскери қызметшілердің, арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің отбасылары, қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан ішкі істер органдары қызметкерлерінің отбасылары; Чернобыль АЭС-індегі апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың зардаптарын жою кезінде қаза тапқандардың отбасылары; сәуле ауруының салдарынан қайтыс болғандардың немесе қайтыс болған мүгедектігі бар адамдардың, сондай-ақ қайтыс болуы белгіленген тәртіппен Чернобыль АЭС-індегі апаттың және азаматтық немесе әскери мақсаттағы объектілердегі басқа да радиациялық апаттар мен авариялардың және ядролық сынақтардың әсеріне байланысты болған азаматтардың отбасылары;

7) Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан қайтыс болған мүгедектігі бар адамның немесе жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысы кезеңінде жаралануы, контузия алуы, мертігуі немесе ауруға шалдығуы салдарынан болған мүгедектігі бар адамдарға теңестірілген қайтыс болған адамның екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығуы, жұмыста мертігуі және басқа да себептер (құқыққа қарсы келетіндерді қоспағанда) салдарынан болған мүгедектігі бар адамдар деп танылған, қайтыс болған Ұлы Отан соғысына қатысушының, партизанның, астыртын әрекет етушінің, "Ленинградты қорғағаны үшін" медалімен немесе "Қоршаудағы Ленинград тұрғыны" белгісімен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған зайыбы (жұбайы);

8) Кеңес Одағының батырлары, Социалистік Еңбек ерлері, үш дәрежелі Еңбек Даңқы ордендерінің иегерлері, "Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы" құрметті атағына ие болған адамдар;

9) «Халық қаһарманы» атағына ие болған адамдар;

10) «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған адамдар;

11) Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдар, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдар;

12) 1988–1989 жылдары Чернобыль АЭС-індегі апаттың зардаптарын жоюға қатысушылар, қоныс аудару күні құрсақта болған балаларды қоса алғанда, оқшаулау және көшіру аймақтарынан Қазақстан Республикасына қоныс аударылғандар (өз еркімен кеткендер) қатарындағы адамдар;

13) осы Кодекстің 177-бабының 8-тармағында көзделген жасына байланысты зейнетақы төлемдеріне мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының мөлшеріне дейін қосымша төлем алушыларды қоспағанда, жасына байланысты зейнетақы төлемдері немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері тағайындалған бірінші, екінші және үшінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар, сондай-ақ Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес мүгедектігі бойынша зейнетақы алатын жағдайда Байқоңыр қаласында тұратын бірінші, екінші және үшінші топтардағы мүгедектігі бар адамдар;

14) Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес мүгедектігі бойынша зейнетақы алатын жағдайда Байқоңыр қаласында тұратын мүгедектігі бар жеті жасқа дейінгі балалар;

15) Ресей Федерациясының заңнамасына сәйкес мүгедектігі бойынша зейнетақы алатын жағдайда, Байқоңыр қаласында тұратын жеті жастан он сегіз жасқа дейінгі бірінші, екінші, үшінші топтардағы мүгедектігі бар балалар;

16) саяси қуғын-сүргін құрбандары, саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен мүгедектігі бар немесе зейнеткерлер болып табылатын адамдар;

17) Қазақстан Республикасына сіңірген ерекше еңбегі үшін зейнетақы тағайындалған адамдар жатады.

Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау тәртібі

ҚР Әлеуметтік кодексінің 191-бабына сәйкес - Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқығы бар адамның өтініші арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындауға негіз болып табылады.

Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес проактивті көрсетілетін қызмет арқылы тағайындалған кезде "Халық қаһарманы" атағына ие болған адамдарға, "Қазақстанның Еңбек Ері" атағына ие болған адамдарға арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау туралы өтініш беру талап етілмейді.

Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындау үшін жүгіну арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алу құқығы туындағаннан кейін қандай да бір мерзіммен шектелмей, кез келген уақытта жүзеге асырылады.

Кодекстің 190-бабы 3-тармағының 11) тармақшасында көрсетілген адамдар үшін 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында жұмыс істегені туралы мәліметтер қамтылатын еңбек кітапшасы немесе өзге де құжаттар жұмыс өтілін растайтын құжат болып табылады.

1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында жұмыс істеген фактіні растайтын құжаттар болмаған кезде жұмыс өтілін уәкілетті мемлекеттік орган белгілеген тәртіппен құрылатын арнаулы комиссиялар белгілейді.

Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеу тәртібі

Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеу тәртібін уәкілетті мемлекеттік орган бекітеді. (ҚР Әлеуметтік кодексінің 193-бабы)

Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы төлеу ағымдағы ай үшін және оны алу құқығы туындаған күннен бастап арнаулы мемлекеттік жәрдемақы тағайындалған шарттар сақталған кезеңге жүргізіледі. Алушы қайтыс болған жағдайда арнаулы мемлекеттік жәрдемақы қайтыс болған айды қоса алғанда, ал арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушы Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерге тұрақты тұруға кеткен жағдайда кеткен айды қоса алғанда төленеді.

Арнаулы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері

Арнаулы мемлекеттік жәрдемақының мөлшері ҚР Әлеуметтік кодексінің 194-бабында регламенттелген және Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде айқындалған жеңілдіктер тізбесіне сүйене отырып, арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алуға құқығы бар азаматтарға белгіленеді.

Арнаулы мемлекеттік жәрдемақы республикалық бюджет туралы заңда тиісті қаржы жылына белгіленетін АЕК мөлшерінің өзгеруі ескеріле отырып төленеді.

Мүгедектігі бойынша әлеуметтік жәрдемақылар төлеу

Мүгедектігі бар адамдардың:

  • мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар түрінде әлеуметтік қорғалуға құқығы бар; (ҚР ӘК 170-бабы)

ҚР ӘК 171-бабына сәйкес - Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны, мүгедектігі бар баланы тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақыны, күтім жасайтын адамға берілетін жәрдемақыны (бұдан әрі – мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік жәрдемақылар) тағайындауға мүгедектігі бар адамдарға мемлекеттік жәрдемақыға құқығы бар адамның немесе оның заңды өкілінің өтініші негіз болып табылады.

Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алу құқығы және оны тағайындау шарттары ҚР ӘК 175-бабында белгіленген.

Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар жәрдемақы тағайындауға жүгінген уақытқа жұмыстың тоқтатылғанына немесе жалғастырылып жатқанына қарамастан, мүгедектік белгіленген жағдайда тағайындалады.

Егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасы азаматтарының, шетелдiктердің және азаматтығы жоқ адамдардың мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алуға құқығы бар.

Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мүгедектіктің қашан – жұмыс істеу немесе қызмет ету кезеңінде, жұмысқа тұрғанға дейін немесе жұмысты тоқтатқаннан кейін болғанына қарамастан тағайындалады.

Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы мүгедектік белгіленген күннен бастап, бірақ оны тағайындауға жүгінген күнге дейін немесе "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес проактивті көрсетілетін қызмет арқылы жәрдемақы тағайындауға келісім алған күнге дейін үш айдан аспайтын мерзімге тағайындалады.

Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақының мөлшері ҚР ӘК 177-бабында регламенттелген.

Мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеу ағымдағы ай үшін жүргізіледі. Алушы қайтыс болған жағдайда мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы қайтыс болған айына қоса төленеді. (ҚР ӘК 178-бабы.).

Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік жәрдемақылар төлеу

ҚР ӘК 229-бабы негізінде туыстары мен жақындарының қайтыс болуына байланысты адамдардың мынадай:

  • қайтыс болған асыраушысының асырауында болған отбасының еңбекке жарамсыз мүшелеріне асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар түрінде әлеуметтік қорғауға құқығы бар;

Асыраушысынан айырылған адамдарға төленетін жәрдемақы мен әлеуметтік төлем алуға құқығы бар адамның немесе оның заңды өкілінің өтініші асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем (бұдан әрі – асыраушысынан айырылған адамдарға төленетін жәрдемақы және әлеуметтік төлем) тағайындау үшін негіз болып табылады.

Асыраушысынан айырылған адамдарға төленетін жәрдемақы және әлеуметтік төлем тағайындауға өтінішті ұсыну олар "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес проактивті көрсетілетін қызмет арқылы тағайындалған кезде талап етілмейді.

Қайтыс болған асыраушының асырауында болған отбасының еңбекке қабілетсіз мүшелерінің асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алуға құқығы бар. (ҚР ӘК 234-бабы)

Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша берілетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылардың мөлшері ҚР ӘК 236-бабымен регламенттелген.

Асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы төлеу ағымдағы ай үшін жүргізіледі. Алушы қайтыс болған жағдайда жәрдемақы қайтыс болған айды қоса алғанда төленеді.