Мереке күні - жұмыс күндеріне қарама-қарсы, күнтізбелік оқиғаға байланысты белгіленген ресми демалыс күні.

ҚР ЕК 1-бабының 1-тармағының 58-тармақшасына сәйкес мереке күндері - Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мерекелері күндері.


Ұлттық және мемлекеттік мерекелер

Мереке күндеріндегі жұмыс

Мереке күндері жұмыскердің келісімінсіз жұмысқа тарту

Мереке күндеріндегі жұмыс үшін ақы төлеу

Жауапкершілік


Ұлттық және мемлекеттік мерекелер

«Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға сәйкес ҚР-да ұлттық мерекелер, мемлекеттік мерекелер, кәсіби және өзге де мерекелер атап өтіледі.

Ұлттық мерекелер -
Қазақстан мемлекеттілігінің дамуына елеулі ықпал еткен, ерекше тарихи маңызы бар оқиғалардың құрметіне Қазақстан Республикасында белгіленген мерекелер. Ұлттық мерекелерді мейрамдау кезінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдарда ресми іс-шаралар өткізіледі.

Мемлекеттік мерекелер
-
қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналған, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтары дәстүрлі түрде атап өтетін мерекелер. Мемлекеттік мерекелерді мейрамдау кезінде ресми іс-шаралар өткізілуі мүмкін.

Қазақстан Республикасындағы Ұлттық мереке - 25 қазанда атап өтілетін Республика күні болып табылады.

Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік мерекелер - мына күндері атап өтілетін мерекелер:

  • 1-2 қаңтар - Жаңа жыл;
  • 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні;
  • 21-23 наурыз - Наурыз мейрамы;
  • 1 мамыр - Қазақстан халқының бірлігі мерекесі;
  • 7 мамыр - Отан қорғаушы күні;
  • 9 мамыр - Жеңіс күні;
  • 6 шілде - Астана күні;
  • 30 тамыз - Қазақстан Республикасының Конституциясы күні;
  • 16 желтоқсан – Тəуелсіздік күні.

Кәсіби және өзге де мерекелер

Кәсіби және өзге де мерекелер Қазақстан Республикасындағы мереке күндері болып табылады.

Мереке күндерінің тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілейді.

«Мерекелер туралы» Заңның 5-бабы негізінде - Қазақстан Республикасындағы ұлттық және мемлекеттік мерекелер атап өтілетін күндер Қазақстан Республикасының еңбек заңдарына сәйкес мереке күндері деп танылады.

Қазақстан Республикасындағы мереке күндері жұмыс істемейтін күндер болып табылады.

Демалыс және мереке күндері сәйкес келген жағдайда мерекеден кейінгі келесі жұмыс күні демалыс күні болып табылады.

Мереке күндеріндегі жұмыс

ҚР Еңбек кодексі 80-бабына сәйкес- Демалыс уақытының түрлері: мереке күндері;

ҚР ЕК 85-бабы Ауысымдық кесте немесе вахталық кесте бойынша вахталық әдіспен жұмыс істейтін жұмыскерлерді мереке күндерінде, сондай-ақ осы Кодекстің 84-бабының 5-тармағында көзделген демалыс күндерінде жұмысқа тарту үшін жұмыскерлердің жазбаша келісімі және жұмыс берушінің актісін шығару талап етілмейді.

ҚР ЕК 86-бабында көзделген жағдайларды қоспағанда, демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа жұмыскердің жазбаша келісімімен немесе оның өтініші бойынша жұмыс берушінің актісі негізінде жол беріледі.

Демалыс және мереке күндеріндегі жұмыс үшін жұмыскердің қалауы бойынша оған басқа демалыс күні беріледі немесе ҚР ЕК 109-бабында көрсетілген мөлшерде ақы төленеді - Мереке және демалыс күндеріндегі жұмысқа ақы төлеу еңбек немесе ұжымдық шарттардың және (немесе) жұмыс берушінің актісінің талаптарына сәйкес жоғары мөлшерде, бірақ жұмыскердің күндік (сағаттық) мөлшерлемені негізге ала отырып, кемінде бір жарым есе мөлшерде жүргізіледі.

ҚР ЕК 85-бабының 3-тармағында көзделген мереке күндері, сондай-ақ демалыс күндері жұмыс уақытын ұтымды пайдалану мақсатында ҚР Үкіметі демалыс күндерін басқа жұмыс күндеріне ауыстыруға құқылы.

Жұмыс берушiге жүктiлiгi туралы анықтама берген жүктi әйелдердi демалыс және мереке күндерi жұмысқа тартуға тыйым салынады.

Мереке күндері жұмыскердің келісімінсіз жұмысқа тарту

ҚР ЕК 86-бабы негізінде Жұмыскердің келісімінсіз демалыс және мереке күндері жұмысқа тартуға мынадай жағдайларда:

1) төтенше жағдайлардың, дүлей зілзаланың немесе өндірістік аварияның алдын алу не олардың зардаптарын дереу жою үшін;
2)
еңбек қызметіне байланысты жазатайым оқиғалардың, мүліктің жойылуының немесе бүлінуінің алдын алу және оларды тергеп-тексеру үшін;
3)
тұтастай ұйымның немесе оның жекелеген бөлімшелерінің одан әрі қалыпты жұмыс істеуі жедел орындалуына байланысты болатын шұғыл, күтпеген жұмыстарды орындау үшін жол беріледі.

Мереке күндеріндегі жұмыс үшін ақы төлеу

Мереке және демалыс күндеріндегі жұмысқа ақы төлеу еңбек немесе ұжымдық шарттардың және (немесе) жұмыс беруші актісінің талаптарына сәйкес жоғарылатылған мөлшерде, бірақ жұмыскердің күндік (сағаттық) мөлшерлемесі негізге алына отырып, бір жарым еседен төмен болмайтын мөлшерде жүргізіледі (ҚР ЕК 109-бабы).

ҚР ЕК 110-бабы негізінде түнгі жұмыс уақыты мереке немесе демалыс күніне тура келген кезде еңбекке ақы төлеу осы баптың бірінші бөлігіне сәйкес түнгі сағаттарға және осы Кодекстің 109-бабына сәйкес мереке немесе демалыс күндерінің сағаттарына жеке жүргізіледі.

Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының ұзақтығы, қолданылатын жұмыс режимдері мен ауысымдық кестелерге қарамастан, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы күндеріне тура келетін мереке күндері есепке алынбай, күнтізбелік күндермен есептеледі (ҚР ЕК 90-б.).

Жауапкершілік

ӘҚБтК-нің 87-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасының үстеме жұмысқа, мереке және демалыс күндеріндегі жұмысқа ақы төлеу, сондай-ақ түнгі уақыттағы еңбекке ақы төлеу жөніндегі талаптарын бұзу -:

  • лауазымды тұлғаларға - 30,
  • шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - 60,
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне - 80,
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - 120 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Әкiмшiлiк жаза қолданылғаннан кейiн бiр жыл iшiнде қайталап жасалған iс-әрекеттер, -:

  • лауазымды тұлғаларға 60,
  • шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - 80,
  • орта кәсіпкерлік субъектілеріне - 100,
  • ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - 150 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

 

ҚР-дағы жұмыс уақытының балансы

Өндірістік күнтізбе