Вахталық әдіс – бұл жұмыскерлердің тұрақты тұратын жеріне күн сайын оралуын қамтамасыз ету мүмкін болмаған кезде олардың тұрақты тұратын жерінен тыс жерде еңбек процесін жүзеге асырудың ерекше нысаны.

Жұмыс берушінің міндеттері

Жұмыскердің міндеттері

Вахталық әдіспен жұмысқа кімдер жіберілмейді

Вахтаның ұзақтығы

Жұмыс уақытын есептеу

Жұмысқа ақы төлеу

Жұмыс берушінің міндеттері

Қазақстан Республикасы ҚР ЕК 135-бабының 2-тармағына сәйкес Жұмыс беруші вахталық әдіспен жұмыс істейтін жұмыскерлерді жұмыс өндірісі объектісінде болған кезеңде тыныс-тіршілігін қамтамасыз ету үшін тұрғын үймен қамтамасыз етуге және олардың тамақтануын, жиналу пунктінен жұмыс орнына дейін және одан кері жеткізіп салуды ұйымдастыруға, сондай-ақ жұмыстарды орындау және ауысымаралық тынығу үшін жағдаймен қамтамасыз етуге міндетті.

Жұмыс беруші еңбек, ұжымдық шарттарға және (немесе) жұмыс беруші бекітетін вахталық жұмыс әдісі туралы ережеге сәйкес вахталық жұмыс әдісін қолдану тәртібін айқындайды, сондай-ақ жұмыскердің жұмыс жүргізілетін объектіде және тұру үшін арнайы жабдықталған орындарда (вахталық кенттерде) болуына қажетті жағдайларды қамтамасыз етеді.

Жұмыскердің міндеттері

Жұмыскер вахтада болғанда жұмыс өндiру объектiсiнде және тұру үшiн арнайы жабдықталған орындарда (вахталық кенттерде) жұмыс берушi белгiлеген тәртiптi сақтауға мiндеттi.

Вахталық әдіспен жұмысқа кімдер жіберілмейді

ҚР ЕК 135-бабы 3-тармағының негізінде – вахталық әдіспен орындалатын жұмыстарға он сегіз жасқа толмаған жұмыскерлер, жүктілігі туралы анықтама берген, жүктілік мерзіміне он екі және одан көп апта болған жүкті әйелдер, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамдар медициналық қорытындыны ұсынған күннен бастап жіберілмейді. Өзге жұмыскерлер, егер оларға мұндай жұмыстардың медициналық қорытындылар негізінде қарсы көрсетілімі болмаса, вахталық әдіспен орындалатын жұмыстарға тартылуы мүмкін.

Вахтаның ұзақтығы

Объектіде жұмыстарды орындау уақытын және ауысымаралық тынығу уақытын қамтитын кезең вахта болып есептеледі. Вахтаның ұзақтығы күнтiзбелiк он бес күннен аспауға тиіс.

Жұмыскердің жазбаша келісімімен вахтаның ұзақтығы ұжымдық, еңбек шарттарына сәйкес күнтізбелік отыз күнге дейін ұзартылуы мүмкін.

Теңіз кемелері экипаждарының мүшелері үшін жұмыскердің келісімімен вахтаның ұзақтығы күнтізбелік жүз жиырма күнге дейін ұзартылуы мүмкін.

Жұмыс уақытын есептеу

ҚР ЕК 135-бабының 5-тармағына сәйкес - Жұмыстың вахталық әдісі кезінде тоқсан ішіндегі немесе өзге де неғұрлым ұзақ, бірақ күнтізбелік бір жылдан аспайтын кезең немесе белгілі бір жұмысты орындау кезеңі ішіндегі жұмыс уақытының жиынтық есебі белгіленеді. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін, уақытша болмаған жұмыскерді алмастыру уақытына кейіннен жұмыскерге жұмыс істеген сағаттары үшін демалыс күндері (сағаттары) беріле отырып, еңбек шарты тараптарының келісімі бойынша жұмыс уақыты режимін (бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасынан) вахталық жұмыс әдісіне өзгертуге жол беріледі.

Есептік кезең шегіндегі жұмыс уақыты мен тынығу уақыты вахтадағы жұмыс кестесімен (вахталар кестесімен) бекітіледі.

Есептік кезең:

  • жұмыс уақытын,
  • тынығу уақытын,
  • жұмыс беруші орналасқан жерден немесе жиналатын жерден жұмыс орнына дейінгі және одан кері қайту жолының уақытын,
  • сондай-ақ уақыттың осы күнтізбелік бөлігіне дәл келетін өзге де кезеңдерді қамтиды.

Бұл ретте, есептік кезеңдегі жұмыс уақытының жалпы ұзақтығы осы Кодексте белгіленген нормалардан аспауға тиіс. Жұмыс беруші вахталық әдіспен жұмыс істейтін әрбір жұмыскердің жұмыс уақыты мен тынығу уақытының есебін жүргізуге міндетті.

Жұмыс беруші орналасқан жерден немесе жиналу пунктінен жерден жұмыс орнына дейін және одан кері қайту жолының уақыты жұмыс уақытына қосылмайды.

Жұмыс ауысымының ұзақтығы сегіз сағаттан асқан кезде тынығуға және тамақтануға арналған үзіліс кемінде бір сағат болып белгіленеді.

Жұмысқа ақы төлеу

Вахталық әдіспен жұмыс істейтін жұмыскерлердің түнгі уақыттағы, демалыс және мереке күндеріндегі жұмысына ақы төлеу еңбек, ұжымдық шарттарда көзделген жұмыс істелген айға жалақы төлеу күнінен кешіктірілмей жүргізіледі.

Үздіксіз өндірістерде немесе өндірістік-техникалық жағдайлар бойынша немесе халыққа ұдайы үздіксіз қызмет көрсету қажеттілігі салдарынан демалыс күндері жұмысты тоқтату мүмкін болмайтын өндірістерде істейтін, сондай-ақ вахталық әдіспен жұмыс істейтін жұмыскерлерге (жұмыскерлер тобына) демалыс күндері ауысымдық кестелерге (вахталар кестелеріне) сәйкес аптаның әр күндері кезекпен беріледі (ҚР ЕК 84-бабының 4-тармағы).

Ауысымдық кесте немесе вахталық кесте бойынша вахталық әдіспен жұмыс істейтін жұмыскерлерді мереке күндерінде, сондай-ақ осы Кодекстің 84-бабының 5-тармағында көзделген демалыс күндерінде жұмысқа тарту үшін жұмыскерлердің жазбаша келісімі және жұмыс берушінің актісін шығару талап етілмейді (ҚР ЕК 85-бабының 1-тармағы).

ҚР ЕК 132-бабы 1-тармағының 3-тармақшасына сәйкес геологиялық барлау, топографиялық-геодезиялық, іздестіру ұйымдарының жұмыскерлеріне еңбекті вахталық әдіспен ұйымдастыру жолымен тұрғылықты тұратын жерінен тысқары жерде далалық жағдайларда жұмыстар орындаған кезде далалық жабдықталым ақшасы төленеді.