Бос тұрып қалу - нысан қажетті функцияны орындай алмайтын уақыт кезеңі.

Бос тұрып қалу - экономикалық, технологиялық, ұйымдастырушылық, өзге де өндірістік немесе табиғи сипаттағы себептер бойынша, сондай-ақ төтенше немесе соғыс жағдайы енгізілген, төтенше жағдай жарияланған жағдайларда не мемлекеттік органдардың немесе олардың лауазымды адамдарының шешімі бойынша өзге де шектеу іс-шаралары, оның ішінде карантин енгізілген кезде жұмысты уақытша тоқтата тұру (ҚР Еңбек кодексі . 1-бабының 10-тармақшасы)

ҚР ЕК 23-бабының 2 тармағына сәйкес, жұмыс беруші жұмыскерге еңбек шартымен келісілген жұмысты ұсынуға міндетті.

ҚР ЕК 22-бабына сәйкес, жұмыскер Еңбек кодексіне сәйкес бос тұрып қалу ақысының төленуіне құқылы.

ҚР ЕК 42-бабының анықтамасы бойынша бос тұрып қалу жағдайында жұмыс берушінің жұмыскерді денсаулық жағдайына байланысты қарсы көрсетілімі жоқ басқа жұмысқа оның келісімінсіз, бос тұрып қалудың барлық кезеңіне ауыстыруға құқығы бар.

Бос тұрып қалу жағдайында басқа жұмысқа уақытша ауыстыру кезінде жұмыскердің еңбегіне ақы төлеу орындалатын жұмыс бойынша жүргізіледі.

Сонымен қатар, Кодекстің 112-бабында бос тұрып қалу уақытын ресімдеу тәртібі және бос тұрып қалу уақытына ақы төлеу талаптары еңбек, ұжымдық шарттармен айқындалады, егер бос тұрып қалуды ресімдеу тәртібі еңбек, ұжымдық шарттарда көзделмесе, онда бос тұрып қалудың басталуы бос тұрып қалу себептері көрсетіле отырып, жұмыс берушінің актісімен ресімделетіні көзделген.

Жұмыс берушіге және жұмыскерге байланысты емес себептер бойынша бос тұрып қалуға ақы төлеу жалақының ең төмен мөлшерінен кем болмайтын мөлшерде, ал жұмыс берушінің кінәсінан болғанда – жұмыскердің орташа жалақысының кемінде елу пайызы мөлшерінде белгіленеді. Жұмыскердің кінәсінан жол берілген бос тұрып қалу уақытына ақы төленбеуге тиіс.

Бос тұрып қалу аяқталғаннан кейін жұмыс беруші жұмыскерді жұмысқа шыққан күні туралы алдын ала хабардар етеді, жұмыскер еңбек міндеттерін орындауға кірісуге міндетті.

Жұмыскер хабарламада белгіленген мерзімде жұмыс орнында болмаған жағдайда, жұмыс беруші жұмыскерді тәртіптік жауапкершілікке тартуға құқылы.

Егер жұмыскер ішінара жұмыспен қамтылса, онда бұл бос тұрып қалу емес, толық емес жұмыс уақытына көшу, себебі Кодекс ішінара бос тұрып қалуды көздемейді.
Жұмыскер
бос тұрған кезде жұмыс беруші оған белгіленген еңбекақының кемінде 50%-ын төлеуге міндетті және мұндай жағдайда жұмыскердің есептелген табысы демалыс ақысын есептеу үшін орташа жалақыны есептеу мөлшеріне кіретін болады.

Бос тұрып қалу уақытында жұмыскерге сондай-ақ еңбек демалысы күндері берілген, өйткені жұмыскер бос тұрған уақытта оның жұмыс берушімен еңбек қатынастары сақталған.