Арнаулы салық режимі – салық төлеуші Салық кодексінде белгіленген шарттарды сақтаған кезде салық төлеушілердің жекелеген санаттары үшін жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібінен өзгеше, жекелеген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді есептеу, төлеу, сондай-ақ олар бойынша салықтық есептілікті ұсыну тәртібі; (ҚР Салық кодексінің 6-бабы)


2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ШФҚ үшін АСР

2026 жылғы 1 қаңтарға дейін ШҚФ үшін АСР


2026 жылғы 1 қаңтардан бастап ШФҚ үшін АСР


Жаңа Салық кодексі (2025 жылғы 18 шілдедегі № 214-VIII ҚР Кодексі) 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді.

Салық реформасы шеңберінде арнаулы салық режимдерін айтарлықтай оңтайландыру жүргізілді.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексінде үш арнаулы салық режимін қолдану көзделген:

  • Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар үшін арнаулы салық режимі;
  • Оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі;
  • Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимі.

Мынадай арнаулы салық режимдерінің күші жойылды:

  • бөлшек салық АСР;
  • патент негізінде АСР;
  • мобильдік қосымша пайдаланылатын АСР;
  • тіркелген шегерім пайдаланылатын АСР;

Салық кодексінің 715-бабында режимдер бойынша барлық жалпы талаптар бір кестеге жинақталған:

Арнаулы салық режимдерінің түрлері

Субъектілер

Шекті кіріс мөлшері (қаржы жылының 1 қаңтарына айлық есептік көрсеткіш)

Мөлшерлеме, кіріс %-ы

Қызмет түрлері/жер учаскесінің болуы

А

1

2

3

4

5

1

Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнаулы салық режимі

жеке тұлғалар – Қазақстан Республикасының азаматтары, қандастар

бір айда 300

жеке табыс салығы – 0

әлеуметтік төлемдер – 4*

арнаулы салық режимін қолдануға рұқсат етілген қызмет түрлерінің тізімі

2

Оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимі

дара кәсіпкерлер мен Қазақстан Республикасының резидент-заңды тұлғалары

 бір жылда 600 000

4% мөлшеріндегі (жергілікті өкілді органдардың мөлшерлемені 50%-ға дейін төмендету/арттыру құқығымен) жеке табыс салығы/ корпоративтік табыс салығы

және белгіленген мөлшерлердегі әлеуметтік төлемдер*

арнаулы салық режимін қолдануға тыйым салынған қызмет түрлерінің тізімі

3

Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимі

 шаруа немесе фермер қожалықтары

-

жеке табыс салығы – 0,5

Қазақстан Республикасының аумағында белгіленген шекті алаңдарда жеке меншік және (немесе) жер пайдалану құқықтарында (қайталама жер пайдалану құқығын қоса алғанда) жер учаскелері болған кезде

* Әлеуметтік төлемдердің мөлшері Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінде және «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген.

Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын шаруа немесе фермер қожалықтары осы арнаулы салық режимінің күші қолданылмайтын қызмет түрлерінен кірістер алған кезде тиісті салықтарды есептеуді, төлеуді және олар бойынша салықтық есептілікті ұсынуды мынадай салық салу режимдерінде:

  • оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимінде оны қолдану шарттарына сәйкес келген кезде;
  • жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жүргізеді.

ШФҚ үшін АСР

Салық салу объектісі

Салықты есептеу тәртібі

ШФҚ үшін АСР төлеушілер қандай салықтарды төлемейді

Салықтар мен төлемдерді төлеу мерзімдері

Декларацияны тапсыру мерзімі

Арнаулы салық режимін таңдау тәртібі, ауысу және қолдануды тоқтату шарттары


ШФҚ үшін АСР

  • Қызмет түрі: ауыл шаруашылығы (меншікті немесе жалға алынатын жер учаскесі міндетті);
  • Салық: айналымнан 0,5%, ЖТС ретінде төленеді (БЖС алып тасталды);

Мыналардан босату:

  • жер салығы және (немесе) жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақы;
  • көлік құралдарына салынатын салық;
  • мүлік салығы;
  • әлеуметтік салық;
  • қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемақы;
  • қосылған құн салығы (импортталатын тауарларға салынатын қосылған құн салығын және бейрезидент үшін қосылған құн салығын қоспағанда).
  • Ауыл шаруашылығы өндірушілері үшін есепке жатқызылатын ҚҚС мөлшері 80%-ға дейін ұлғайтылды.

ҚР СК 728-бабына сәйкес 1. Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимiн Қазақстан Республикасының аумағында жеке меншік және (немесе) жерді пайдалану (кейінгі жер пайдалану құқығын қоса алғанда) құқығында жер учаскелері болған кезде шаруа немесе фермер қожалықтары қолдануға құқылы.

3. Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимі шаруа немесе фермер қожалығының қызметінен түсетін кірістерден жеке табыс салығын (төлем көзінен ұсталатын салықтарды қоспағанда) есептеудің айрықша тәртібін көздейді және акцизделетін тауарларды өндіру, қайта өңдеу және өткізу жөніндегі қызметті қоспағанда, шаруа немесе фермер қожалықтарының ауыл шаруашылығы өнімін өндіру және оны өткізу, өзі өндірген ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу, осындай қайта өңдеу өнімдерін өткізу жөніндегі қызметіне қолданылады.

4. Арнаулы салық режимін қолдану үшін салықтық және есепті кезең күнтізбелік жыл болып табылады.

5. Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін таңдау кезінде салық төлеушілер мұндай салық режимін оны қолдану шарттарына сәйкес келген кезде кемінде күнтізбелік бір жыл мерзім бойы қолданады.

6. Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер осы арнаулы салық режимінің күші қолданылмайтын қызмет түрлерінен кірістер алған кезде кірістер мен шығыстардың, активтер мен міндеттемелердің бөлек есебін жүргізуге, сондай-ақ қолданылатын салық салу режиміне:

1) оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режиміне;

2) жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне қарай олар бойынша тиісті салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді есептеуді және төлеуді жүргізуге міндетті.

Бұл ретте осы тармақта көзделген бөлек есепке алуды салық төлеушілер өздері бекіткен салықтық есепке алу саясатының ережелеріне сәйкес жүзеге асыруға тиіс.

7. Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимінің күші қолданылмайтын қызмет бойынша қосылған құн салығын төлеушіні тіркеу есебіне қою бойынша міндеттеме туындаған жағдайда, салық төлеушіде жалпыға бірдей белгіленген салық салу тәртібіне көшу бойынша міндеттеме туындайды.

Салық салу объектісі

1. Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші үшін акцизделетін тауарларды өндіру, қайта өңдеу және өткізу жөніндегі қызметті қоспағанда, салықтық кезеңде ауыл шаруашылығы өнімін (оның ішінде осы арнаулы салық режимі қолданылатын қызметке байланысты шығындарды (шығыстарды) жабуға арналған мемлекеттік бюджет қаражатынан алынған сомалар түріндегі кірістер), өзі өндірген ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу өнімдерін өткізуден алған кіріс салық салу объектісі болып табылады. (ҚР СК 729-бабы)

2. ҚР СК 729-бабы 1-тармағының мақсаттары үшін айқындалатын кіріс Қазақстан Республикасында және одан тысқары жерде (ҚР СК 729-бабы 5-тармағына сәйкес жүргізілетін түзетулерді ескере отырып) алынған (алынуға жататын) кірістерден тұрады.

3. Осы баптың 1-тармағының мақсаттары үшін айқындалатын кіріс:

1) міндеттемелерді есептен шығарудан түскен кірісті;

2) осы баптың 1-тармағында көрсетілген қызметті пайдалануға арналған, өтеусіз алынған мүлік (қайырымдылық көмектен басқа) түріндегі кірісті қамтиды.

Осы баптың 2-тармағында көрсетілген кірістердің мөлшері шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимiн қолдану кезінде Салық кодексінің 237-256-баптарына және ҚР СК 729-бабының 4, 5 және 6-тармақтарына сәйкес айқындалады.

4. Салық салу мақсатында шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушінің кірісі ретінде өтеусіз берілген мүлікті беретін салық төлеуші үшін осындай берілген мүліктің құны қаралмайды.

5. Осы тараудың мақсаттары үшін бұрын танылған кіріс сомасы шегінде есепті салықтық кезеңнің кіріс мөлшерін ұлғайту немесе есепті салықтық кезеңнің кіріс мөлшерін азайту түзету деп танылады.

ҚР СК 729-бабының 2-тармағында көрсетілген кірістер:

1) тауарлар толық немесе ішінара қайтарылған;

2) мәміле шарттары өзгертілген;

3) өткізілген немесе сатып алынған тауарлар, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер үшін бағалар, өтемақылар өзгертілген;

4) баға жеңілдіктері, сатылым жеңілдіктері;

5) шарт талаптары негізге алына отырып, өткізілген немесе сатып алынған тауарлар, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер үшін ұлттық валютамен төлеуге жататын сомалар өзгертілген;

6) заңды тұлғадан, дара кәсіпкерден, Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғадан осындай тұрақты мекеменің қызметіне қатысты талаптар бойынша, сондай-ақ Қазақстан Республикасында қызметті тұрақты мекеме құруға алып келмейтін филиал, өкілдік арқылы жүзеге асыратын бейрезидент-заңды тұлғаның филиалынан, өкілдігінен талаптарды есептен шығарған жағдайларда түзетуге жатады.

Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген кірісті түзету:

  • дебитор-салық төлеуші таратылған кезде оның тарату балансын бекіту күніне кредитор салық төлеуші талап қоймаған;
  • заңды күшіне енген сот шешімі бойынша салық төлеуші талапты есептен шығарған жағдайларда азайту жағына қарай жүзеге асырылады.

Осы тармақшаның екінші бөлігінің үшінші абзацында көзделген түзету талаптың туындауын растайтын бастапқы құжаттар болған кезде есептен шығарылған талаптың және бұрын осындай талап бойынша танылған кірістің сомасы шегінде жүргізіледі.

Осы тармақтың екінші бөлігінің 1) - 5) тармақшаларында көзделген түзету осындай түзетуді жүзеге асыру үшін жағдайлардың басталғанын растайтын бастапқы құжаттар болған кезде жүргізіледі.

Кірістерді түзету ҚР СК 729-бабында көрсетілген жағдайлар басталған салық кезеңінде жүргізіледі.

Осы бапта көрсетілген жағдайлар басталған кезеңде кіріс болмаған немесе сол кезеңде азайту жағына түзетуді жүзеге асыру үшін оның мөлшері жеткіліксіз болған жағдайда, түзету бұрын кіріс түзетуге жатады деп танылған салықтық кезеңде жүргізіледі.

6. Егер нақ сол кірістер кірістердің бірнеше бабында көрсетілуі мүмкін болса, көрсетілген кірістер кіріске бір рет қосылады.

Салықты есептеу тәртібі

Төлем көзiнен ұсталатын салықтарды қоспағанда, жеке табыс салығын есептеудi есепті салықтық кезең үшін салық салу объектісіне 0,5 пайыз мөлшеріндегі мөлшерлемені қолдану арқылы салық төлеуші дербес жүргізеді. (ҚР СК 730-бабы)

ШФҚ үшін АСР төлеушілері қандай салықтарды төлемейді

ҚР СК 731-бабында шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің қандай түрлерінен босатылатын регламенттелген:

1. Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер салықтар мен бюджетке төленетін төлемдердің мынадай түрлерін:

1) Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылатын жер учаскелерін қоспағанда, осы арнаулы салық режимі қолданылатын қызметте пайдаланылатын жер учаскелері бойынша жер салығын және (немесе) жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақыны;

2) ҚР СК 563-бабы 3-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген салық салу объектiлерi бойынша – көлiк құралдары салығын;

3) ҚР СК 588-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген салық салу объектiлерi бойынша – мүлiк салығын;

4) осы арнаулы салық режимі қолданылатын шаруа немесе фермер қожалығының қызметі бойынша – әлеуметтік салықты;

5) осы арнаулы салық режимі қолданылатын шаруа немесе фермер қожалығының қызметі бойынша – қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемақыны;

6) қосылған құн салығын (импортталатын тауарларға қосылған құн салығын және бейрезидент үшін қосылған құн салығын қоспағанда) төлеушiлер болып табылмайды.

2. Салық кодексінің 730-бабында және осы баптың 1-тармағында көрсетілмеген салықтар мен бюджетке төленетін төлемдерді есептеу, төлеу осындай салықтар мен бюджетке төленетін төлемдер бойынша салықтық есептілікті ұсыну, сондай-ақ әлеуметтік төлемдерді төлеу (аудару) жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен не Салық кодексінің 94-тарауында көзделген тәртіппен жүргізіледі.

Салықтар мен төлемдерді төлеу мерзімдері

ҚР СК 732-бабында белгіленгендей төлем көзiнен ұсталатын салықтарды қоспағанда, жеке табыс салығын, жерүсті су объектілерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақыны төлеу мынадай тәртіппен жүргiзiледi:

1) салықтық кезеңнің 1 қаңтарынан бастап 1 қазанына дейін есептелген сомалар – ағымдағы салықтық кезеңнің 10 қарашасынан кешiктiрілмейтін мерзімде;

2) салықтық кезеңнің 1 қазанынан бастап 31 желтоқсаны аралығында есептелген сомалар – есепті салықтық кезеңнен кейінгі салықтық кезеңнің 10 сәуірінен кешiктiрілмейтін мерзімде.

Жеке табыс салығын бюджетке төлеу жер учаскесі тұрған жер бойынша жүргізіледі.

Декларацияны тапсыру мерзімі

ҚР СК 733-бабының негізінде шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін декларация есептелген жеке табыс салығының (төлем көзінен ұсталатын салықтан басқа) және жерүсті су объектілерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақының сомасын көрсетуге арналған.

Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер үшін декларация жер учаскесі тұрған жердегі тиісті салық органдарына есепті салықтық кезеңнен кейінгі салықтық кезеңнің 31 наурызынан кешіктірілмей ұсынылады.

Арнаулы салық режимін таңдау тәртібі, ауысу және қолдануды тоқтату шарттары

ҚР СК 716-бабының 3-тармағына, 5-тармағына, 6-тармағына сәйкес. 3. Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеуші екінші арнаулы салық режимін – оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану үшін қолданылатын салық салу режимі туралы хабарламада арнаулы салық режимдерінің екі дерегін көрсетеді.

5. Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимін қолданатын шаруа немесе фермер қожалықтары осы арнаулы салық режимінің күші қолданылмайтын қызмет түрлерінен кірістер алған кезде тиісті салықтарды есептеуді, төлеуді және олар бойынша салықтық есептілікті ұсынуды:

1) оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимінде, оны қолдану шарттарына сәйкес келген кезде жүргізеді.

Бұл ретте оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану кезінде шекті кіріс мөлшері бойынша шектеуді қолдану мақсаттары үшін кірістер мөлшеріне шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимінің күші қолданылатын қызмет түрлерін жүзеге асырудан түсетін кірістер енгізілмейді;

2) жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен жүргізеді.

6. Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін таңдалған арнаулы салық режимі осындай салық салу режимі үшін осы бөлімде белгіленген арнаулы салық режимін қолдану шарттарына сәйкес келмейтін жағдайлардың туындауын қоспағанда, күнтізбелік жыл ішінде өзгертуге жатпайды.

2026 жылғы 1 қаңтарға дейін ШФҚ үшін АСР

Жеке кәсiпкерлiктi жүзеге асыру ауыл шаруашылығы мақсатындағы жердi ауыл шаруашылығы өнiмiн өндiру үшiн пайдаланумен, сондай-ақ осы өнiмдi қайта өңдеумен және өткiзумен тығыз байланысты адамдардың еңбек бiрлестiгi шаруа немесе фермер қожалығы деп танылады.

Заңды тұлға құрмай кәсiпкерлiк қызметпен айналысатын Қазақстан Республикасының азаматтары және (немесе) оралмандар шаруа немесе фермер қожалығының субъектiлерi болып табылады.

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге арналған АСР

ШФҚ үшін АСР қолдану шарттары

Бірыңғай жер салығын есептеу тәртібі

ШФҚ үшін АСР қолданатын салық төлеушілер қандай салықтар мен төлемдерді төлемейді

БЖС төлеу мерзімі

Есептілік

Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілерге арналған АСР

Салық кодексінің 678-бабына сәйкес ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер үшін мынадай арнайы салық режимдері көзделген:

  • шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимі;
  • ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілер мен ауыл шаруашылығы кооперативтері үшін арнаулы салық режимі.

Шаруа немесе фермер қожалықтары осы Кодекстің 703-бабының 4-тармағында белгіленген жағдайда бір мезгілде екі арнаулы салық режимін қолдануға құқылы.

ШФҚ үшін АСР қолдану шарттары

Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін АСР Қазақстан Республикасының аумағында жеке меншік және (немесе) жер пайдалану құқығындағы жер учаскелері (қайталама жер пайдалану құқығын қоса алғанда) болған кезде осы Кодекстің 367-бабы 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген қосылған құн салығын төлеушілер болып табылмайтын шаруа немесе фермер қожалықтарын қолдануға құқылы.

Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін АСР қолдану мақсатында жеке меншік және (немесе) жер пайдалану құқығындағы (қайталама жер пайдалану құқығын қоса алғанда) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің жиынтық алаңы мыналар үшін белгіленген жер учаскесінің шекті алаңының мөлшерінен аспауы тиіс:

  • 1 аумақтық аймақ - 5000 га;
  • 2 аумақтық аймақ - 3 500 га;
  • 3 аумақтық аймақ - 1 500 га;
  • 4 аумақтық аймақ - 500 га.

ШФҚ үшін АСР қолдану үшін салық салудың жалпыға бірдей белгіленген тәртібінен немесе өзге арнаулы салық режимінен ауысқан кезде дара кәсіпкер жер учаскесінің орналасқан жері бойынша салық органына қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама ұсынады.

Бірыңғай жер салығын есептеу тәртібі

Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған АСР бірыңғай жер салығын төлеу негізінде бюджетпен есеп айырысудың ерекше тәртібін көздейді және акцизделетін тауарларды өндіру, қайта өңдеу және өткізу жөніндегі қызметті қоспағанда, шаруа немесе фермер қожалықтарының ауыл шаруашылығы өнімін өндіру және өзі өндірген ауыл шаруашылығы өнімін өткізу және қайта өңдеу, осындай қайта өңдеу өнімдерін өткізу жөніндегі қызметіне қолданылады. (ҚР СК 702-бабының 3-тармағы)

Күнтізбелік жыл арнаулы салық режимін қолдану үшін салық кезеңі болып табылады.

Бiрыңғай жер салығын есептеудi салық төлеушi есептi салық кезеңi үшiн салық салу объектiсiне 0,5 процент мөлшерiнде мөлшерлеме қолдану жолымен дербес жүргiзедi.

ШФҚ үшін АСР қолданатын салық төлеушілер қандай салықтар мен төлемдерді төлемейді

ҚР СК 705-бабына сәйкес - Шаруа немесе фермер қожалықтары үшін СНР қолданатын салық төлеушілер салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң мынадай түрлерiн:

1) шаруа немесе фермер қожалықтарының қызметінен түскен кірістерден, оның ішінде осы арнаулы салық режимі қолданылатын қызметпен байланысты шығындарды (шығыстарды) жабуға мемлекеттік бюджет қаражатынан алынған сомалар түріндегі кірістерден алынатын жеке табыс салығын;

2) Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылатын жер учаскелерін қоспағанда, осы арнаулы салық режимі қолданылатын қызметте пайдаланылатын жер учаскелері бойынша жер салығын және (немесе) жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемақыны;

3) осы Кодекстің 490-бабы 3-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген салық салу объектілері бойынша - көлiк құралдары салығын;

4) осы Кодекстің 517-бабы 3-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген салық салу объектілері бойынша - мүлік салығын;

5) осы арнаулы салық режимі қолданылатын шаруа немесе фермер қожалығының қызметі бойынша – әлеуметтік салықты;

6) осы арнаулы салық режимі қолданылатын шаруа немесе фермер қожалығының қызметі бойынша – қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемақыны төлеушiлер болып табылмайды.

Жоғарыда көрсетілмеген салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді есептеу, төлеу осындай салықтар және бюджетке төленетін төлемдер бойынша салықтық есептілікті ұсыну, сондай-ақ әлеуметтік төлемдерді төлеу (аудару) жалпыға бірдей белгіленген тәртіппен тәртіппен жүргізіледі.

Қолданылатын салық салу режимі туралы хабарлама ұсынылған айдан кейінгі бірінші күн көрсетілген АСР қолдануды бастау күні болып табылады. Жаңадан құрылған (пайда болған) шаруа немесе фермер қожалықтары режимді таңдауды дара кәсіпкер ретінде тіркеуге қою кезінде хабарламада көрсетеді. Бұл жағдайда ШФҚ үшін АСР қолдануды бастау күні дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу күні болып табылады.

Егер ШФҚ үшін АСР қолдануға мүмкіндік бермейтін жағдайлар туындаса, дара кәсіпкерлер қолданылатын салық салу режимі туралы хабарламаны салық органына салық кодексінде айқындалған осындай шарттар туындаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде ұсынады және жалпыға бірдей белгіленген тәртіпке немесе өзге де арнаулы салық режиміне көшеді.

БЖС төлеу мерзімі

Жер үсті көздеріндегі су ресурстарын пайдаланғаны үшін бірыңғай жер салығын, төлемақыны төлеу мынадай тәртіппен:

1) салықтық кезеңнің 1 қаңтарынан бастап 1 қазанына дейін есептелген сомаларды төлеу – ағымдағы салықтық кезеңнің 10 қарашасынан кешiктiрілмейтін мерзімде;
2) салықтық кезеңнің 1 қазанынан бастап 31 желтоқсанына дейін есептелген сомаларды төлеу – есепті салықтық кезеңнен кейінгі салықтық кезеңнің 10 сәуірінен кешiктiрілмейтін мерзімде жүргiзiледi.
Бірыңғай жер салығын төлеу жер учаскесінің орналасқан жері бойынша бюджетке жүргізіледі.

Есептілік

Бірыңғай жер салығын төлеушілер төлем көзінен ұсталатын бірыңғай жер салығын (бұдан әрі - БЖС) және жеке табыс салығын (бұдан әрі - ЖТС), жер үсті көздерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақыны, сондай-ақ әлеуметтік төлемдерді есептеуге арналған СЕН 920.00 «Бірыңғай жер салығын төлеушілерге арналған декларацияны» тапсыралы.

Декларацияны СК 707-бабына сәйкес шаруа немесе фермер қожалықтары үшін арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер жасайды.

Декларацияда - бірыңғай жер салығын төлеушілер үшін «Бірыңғай жер салығын төлеушілерге арналған декларацияда СЕН 920.00» бірыңғай жер салығының, төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығының, жерүсті көздерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақының және әлеуметтік төлемдердің есептелген сомалары көрсетіледі.

Бірыңғай жер салығын төлеушілерге арналған декларация жер учаскесінің орналасқан жері бойынша салық органдарына есепті салық кезеңінен кейінгі салық кезеңінің 31 наурызынан кешіктірілмей табыс етіледі.