Арнаулы салық режимi - салық төлеушiлердiң жекелеген санаттары үшiн салықтардың және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердiң жекелеген түрлерiн есептеу мен төлеудiң, сондай-ақ олар бойынша салық есептiлiгiн тапсырудың ерекше тәртiбi.

ҚР СК
683-бабының 2-тармағы негізінде оңайлатылған декларация негізінде арнайы салық режимін мынадай шарттарға сәйкес келетін салық төлеушілер қолдануға құқылы:

1) арнаулы салық режимi үшiн салықтық кезеңдегі жұмыскерлердiң орташа тізімдік саны: 

оңайлатылған декларация негізінде - 30 адамнан;

2) арнаулы салық режимі үшін салықтық кезеңдегі кірісі:

оңайлатылған декларация негізінде – республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын АЕК-тің 24 038 еселенген мөлшерінен аспайтын;

Бұл ретте осы тармақшаның бірінші бөлігінің үшінші абзацында көрсетілген кіріске дара кәсіпкердің республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 70 048 еселенген мөлшері шегіндегі, үш құрамдасты интеграцияланған жүйені міндетті түрде қолдана отырып, қолма-қол ақшасыз есеп айырысулар арқылы алған кірістері қосылмайды.

ҚР Салық кодексінің 683-бабы 3-тармағының негізінде шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимін қолдануға мынадай қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеушілер құқылы емес:

·       акцизделетін тауарлар өндіру;

·       акцизделетін тауарларды сақтау және көтерме саудада өткізу;

·       мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін - бензинді, дизель отынын және мазутты өткізу;

·       лотереялар өткізу;

·       жер қойнауын пайдалану (барлауға арналған лицензия негізінде жүзеге асырылатын жер қойнауын пайдалану жөніндегі қызметті қоспағанда);

·       түсті және қара металдардың сынықтары мен қалдықтарын жинау (дайындау), сақтау, қайта өңдеу және өткізу;

·       консультациялық және (немесе) маркетингтік қызметтер;

·       бухгалтерлік есеп немесе аудит саласындағы қызмет;

·       сақтандыру брокерінің және сақтандыру агентінің қаржылық, сақтандыру қызметі және делдалдық қызметі;

·       құқық, әділет және сот төрелігі саласындағы қызмет;

·       сауда нарығын жалға алу және пайдалану;

·       I кіші түрдегі цифрлық майнинг жөніндегі қызметті жүзеге асыруға лицензия бойынша цифрлық майнинг жөніндегі қызмет;

·       Қазақстан Республикасының сауда қызметін реттеу туралы заңнамасына сәйкес сауда базарларына, 1, 2 және 3-санаттағы стационарлық сауда объектілеріне жататын сауда объектілерін, сондай-ақ олардың аумағындағы сауда орындарын, сауда объектілерін және қоғамдық тамақтану объектілерін қосалқы жалға беру;

·       екі және одан көп салық төлеушілердің бір қонақүйдің немесе қонақүй қызметтері көрсетілетін жеке тұрған тұрғын емес ғимараттың аумағында осындай қызметтерді көрсету саласындағы қызмет;

·       қаржы лизингі шеңберіндегі қызмет.

Агенттiк шарттар (келiсiмдер) негiзiнде қызмет көрсететiн дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар патент, оңайлатылған декларация негізінде немесе арнаулы мобильді қосымша пайдаланылатын арнаулы салық режимiн қолдануға құқылы емес.

Осы тармақтың мақсаттары үшін агенттік шарттар (келісімдер) деп Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жасасқан азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар (келісімдер) түсініледі, олар бойынша бір тарап (агент) сыйақы үшін екінші тараптың тапсырмасы бойынша өз атынан, бірақ екінші тараптың есебінен не екінші тараптың атынан және есебінен белгілі бір әрекеттер жасауға міндеттенеді.

4. Шағын бизнес субъектілері үшін арнаулы салық режимін қолдануға:

1) құрылымдық бөлімшелері бар заңды тұлғалар;
2) заңды тұлғалардың құрылымдық бөлімшелері;
3) әртүрлi елді мекендерде өзге де оқшауланған құрылымдық бөлiмшелерi және (немесе) салық салу объектiлерi бар салық төлеушiлер.
4) басқа заңды тұлғалардың қатысу үлесі 25 пайыздан асатын заңды тұлғалар;
5) құрылтайшысы немесе қатысушысы бір мезгілде арнаулы салық режимін немесе салық салу ерекшеліктерін қолданатын басқа заңды тұлғаның құрылтайшысы немесе қатысушысы болып табылатын заңды тұлғалар;
6) коммерциялық емес ұйымдар;
7) ойын бизнесi салығын төлеушiлер құқылы емес.


ҚР Салық кодексінің 684-бабы 2-тармағының негізінде оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолдану үшін салық кезеңі жартыжылдық болып табылады.

ҚР СК 687-бабына сәйкес салықтарды оңайлатылған декларация бойынша есептеуді салық төлеуші салық салу объектісіне есепті салық кезеңі үшін 3 пайыз мөлшерінде мөлшерлеме қолдану жолымен дербес жүргізеді.

Егер есепті кезеңнің қорытындылары бойынша жұмыскерлердiң орташа айлық жалақысы республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және салықтық кезеңнің бірінші күніне қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің дара кәсіпкерлерде – кемінде 23 еселенген, заңды тұлғаларда кемінде 29 еселенген мөлшерін құраса, осы баптың 1-тармағына сәйкес салықтық кезең үшін есептелген салық сомасы жұмыскерлердiң орташа тiзiмдiк саны негiзге алына отырып, әрбiр жұмыскер үшiн салық сомасының 1,5 пайызы мөлшерiндегi сомаға азайтылу жағына қарай түзетiлуге жатады.

ҚР Салық кодексінің 688-бабының 1-тармағына сәйкес оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер орналасқан жері бойынша салық органына оңайлатылған декларацияны, 910.00 ҚНО - «Шағын бизнес субъектілері үшін оңайлатылған декларация» есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 15-інен кешіктірмей тапсырады.

·       1 жартыжылдық үшін 15 тамызға дейінгі мерзімде;

·       2 жартыжылдық үшін 15 ақпанға дейінгі мерзімде.

Оңайлатылған декларацияда көрсетілген салықтарды бюджетке төлеу жеке (корпоративтік) табыс салығы және әлеуметтік салық түрінде есепті салық кезеңінен кейінгі екінші айдың 25-інен кешіктірілмей жүргізіледі.

·       1 жартыжылдық үшін 25 тамызға дейін;

·       2 жартыжылдықта 25 ақпанға дейін.

Бұл ретте жеке (корпоративтік) табыс салығы оңайлатылған декларация бойынша есептелген салық сомасының 1/2 мөлшерінде, әлеуметтік салық – «Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес есептелген Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына әлеуметтік аударымдар сомасын шегере отырып, оңайлатылған декларация бойынша есептелген салық сомасының 1/2 мөлшерінде төленуге тиіс».

Мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорына әлеуметтiк аударымдар сомасы әлеуметтiк салық сомасынан асып кеткен кезде әлеуметтiк салық сомасы нөлге тең деп есептеледi.

Оңайлатылған декларацияда төлем көзінен ұсталатын жеке табыс салығының және әлеуметтік төлемдердің бюджетке төленуге жататын сомалары көрсетіледі.