Тауарлық чек – бақылау-касса машинасының техникалық ақауы болған немесе электр энергиясы болмаған жағдайларда пайдаланылатын ақшалай есеп айырысуды жүзеге асыру фактісін растайтын бастапқы есепке алу құжаты.

(Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 16 ақпандағы № 208 бұйрығына 5-қосымша).

«Бақылау-касса машиналарын қолданудың кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 16 ақпандағы № 208 бұйрығымен бекітілген Бақылау-касса машиналарын қолдану қағидаларының 16-тармағына сәйкес бақылау-касса машиналарын пайдалану кезінде салық төлеушінің жауапты тұлғасы:

1) бақылау-касса машинасын пайдалану жөніндегі басшылыққа сәйкес ақшалай есеп айырысу туралы ақпаратты енгізуді жүзеге асырады;

2) электр энергиясы болмаған немесе бақылау-касса машинасы ақаулы болған жағдайда тауарлық чекті толтырады және береді;

3) фискалдық деректер операторы ұсынатын телекоммуникация желісі уақытша болмаған жағдайда деректерді тіркеу және беру функциясы бар бақылау-касса машинасы жұмысының дербес режимін пайдаланады;

4) деректерді тіркеу және (немесе) беру функциясы бар бақылау-касса машинасын қолдану жағдайын қоспағанда, қолма-қол ақшаны есепке алу кітабын толтырады;

5) ауысым аяқталған кезде бақылау-касса машинасы моделін дайындаушының техникалық талаптарына сәйкес ауысымдық есепті (Z-есеп) алу жолымен «ауысымның аяқталуы» рәсімін орындайды.

Салық төлеуші ауысымдық есептерді, қолма-қол ақшаны және тауар чектерін есепке алу кітабын, сондай-ақ жою, қайтару және қайтару операциялары жүргізілген жою, қайтару чектерін және бақылау чектерін олар басылған немесе толық толтырылған күннен бастап бес жыл бойы сақтайды.

Осылайша, салық заңнамасында тауар чектерін беру және сақтау бойынша ғана талап көзделгенін ескере отырып, БКМ арқылы тауар чектерін өткізіп берудің қажеттілігі жоқ.

Тауар чектері бойынша түскен ақша қаражаты әдеттегі тәртіппен кәсіпорынның кассасына кіріске алынады, бірақ бұл ретте БКМ арқылы өткізілмейді.