ҚР Еңбек кодексінің 94-бабына сәйкес,

Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы мынадай жағдайларда:

  • жұмыскер еңбекке уақытша қабілетсіз болғанда;
  • жүктілікке және босануға байланысты демалыс кезінде толық немесе оның бір бөлігі ауыстырылады.

Жыл сайынғы ақылы еңбек демалысы жұмыскердің өтініші бойынша жұмыскер уақытша еңбекке жарамсыз болған жағдайда толық немесе оның бір бөлігіне ауыстырылады.
Ауыстырылған еңбек демалысы тараптардың келiсiмi бойынша келесi жұмыс жылындағы еңбек демалысына қосылуы немесе жұмыскердiң өтiнiшi бойынша ағымдағы жұмыс жылында жеке берiлуi мүмкiн.

Жыл сайынғы еңбек демалысын ауыстыру жұмыскердің өтініші бойынша жүргізіледі. Ауыстыруды ресімдеу рәсімі заңмен белгіленбеген.

Заң жұмыскердің өтініштерін берудің әртүрлі нысандарын көздейді. Хабарлама - жұмыскердің немесе жұмыс берушінің жазбаша өтініші не өзге тәсілмен (курьерлік пошта, пошта байланысы, факсимильді байланыс, электрондық пошта және өзге де ақпараттық-коммуникациялық технологиялар арқылы) берілген өтініштер.

Осылайша, ақы төленетін еңбек демалысы кезінде ауырып қалған жұмыскер кез келген заңды тәсілмен жұмыс берушіге өзінің ауруы туралы хабарлай алады және еңбек демалысын еңбекке уақытша жарамсыздық күндеріне ауыстыру туралы өтініш білдіре алады.

Жұмыскердің уақтылы айтқан осындай өтініші жұмыс берушіге қажетті кадрлық рәсімдерді жүргізуге мүмкіндік береді. Атап айтқанда, жұмыскердің еңбекке уақытша жарамсыздық туралы хабарламасы негізінде науқастану кезеңіне еңбек демалысын тоқтата тұру туралы акт (бұйрық) шығару керек. Одан кейін, сауыққаннан кейін, жұмыскер жұмыс берушіге науқастануының аяқталғаны және еңбек демалысын қайта бастау қажеттігі туралы қайтадан хабарлауы тиіс. Оқиғаларды осындай ресiмдеу кезiнде жұмыскерге ауырған кезеңi үшiн уақытша еңбекке жарамсыздығы бойынша әлеуметтiк жәрдемақы есептелуге және төленуге тиiс.

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 90-бабының 1-тармағына сәйкес жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының ұзақтығы, қолданылатын жұмыс режимдері мен ауысымдық кестелерге қарамастан, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы күндеріне тура келетін мереке күндері есепке алынбай, күнтізбелік күндермен есептеледі.

Сонымен қатар, Кодекстің 84-бабының 5-тармағына сәйкес мұсылман күнтізбесі бойынша атап өтілетін Құрбан айттың бірінші күні, 7 қаңтар - православиелік Рождество демалыс күндері болып табылады және мемлекеттік мерекелер тізіміне кірмейді.

Осыған байланысты, егер еңбек демалысы кезеңіне Құрбан айттың бірінші күні немесе 7 қаңтар түссе, демалыс бұл күндерге ұзартылмайды.