Тауарларды әкелу - Импорт сөзінің синонимі.

Тауарлар импорты - Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын тауарларды Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелу, сондай-ақ тауарларды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттің аумағынан Қазақстан Республикасының аумағына әкелу;

Импорт кезіндегі ҚҚС

Импорт кезіндегі салықтық және статистикалық есептілік

Импорт кезінде ЭШФ жазып беру

Импорт кезінде ТІЖ жазып беру

Импорт кезінде айналым жасау күні

Импорт кезіндегі ҚҚС

Салық салынатын импорт - бұл ЕАЭО немесе ҚР кеден заңнамасына сәйкес декларациялауға жататын импорт. Тауарды импорттау кезінде ҚҚС төлеушілер мен ҚҚС төлемеушілер төлейді.

Қосылған құн салығынан босатылатын тауар импорты ҚР Салық кодексінің 399-бабымен регламенттелген.

2022 жылғы 18 желтоқсаннан бастап 2022 жылғы 30 қарашадағы № 1213 бұйрықпен Тауарлар импортын ҚҚС-нан босату қағидаларына өзгерістер енгізілді.

Қағидалар Салық кодексінің 399-бабына өзгерістерге сәйкес келтірілді, мұнда қосылған құн салығынан босатылатын Импорт 10-1-тармақшамен толықтырылды:

  • кез келген нысандағы дәрілік заттарды, протездiк-ортопедиялық бұйымдарды, сурдотифлотехниканы, мүгедектігі бар адамдарға берілетін арнайы қозғалыс құралдарын қоса алғанда, медициналық бұйымдарды өндіруге арналған материалдардың, жабдықтың және жинақтауыш заттардың импорты қосылған құн салығынан босатылады. Осы тармақшада көрсетілген тауарлардың тізбесін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган мемлекеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен және уәкілетті органмен келісу бойынша бекітеді.

Осылайша, Тауарлар импортын қосылған құн салығынан босату қағидалары «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) (бұдан әрі - Салық кодексі) 399-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және Салық кодексінің 399-бабы 1-тармағының 1), 2), 3), 4), 5), 6), 7), 8), 9), 10), 10-1),11), 12), 13) тармақшаларында көрсетілген тауарлар импортын қосылған құн салығынан босату тәртібін айқындайды.

ҚР СК 422-бабына сәйкес егер ҚР аумағына импорт ЕАЭО елдерінің аумағынан жасалса, онда оған 12% мөлшерлеме бойынша ҚҚС салынады. Тауарды импорттау кезінде, ҚР СК 451-бабы бойынша ҚҚС-нан босатылған тауарларды қоспағанда, ҚҚС төлеушілер мен ҚҚС төлемеушілер төлейді.

ҚҚС төлеу - есепті айдан кейінгі айдың 20-на дейін, бірақ импорттаушының тіркелген орны бойынша импорт бойынша салық есептілігін тапсырғанға дейін.
Егер тауарды сатып алу-сату ҚР шегінен тыс жүргізілсе, онда осы операциялар импорт деп танылмайды және импортқа ҚҚС төлеу және есептілікті тапсыру бойынша міндеттер туындамайды. Тауар емес, қызмет көрсету импорты кезінде ҚҚС бойынша есепте тұрған салық төлеушілер осы қызметтерді өткізу орны ҚР аумағы болған жағдайда ғана ҚҚС төлейді.

Импорт кезіндегі салықтық және статистикалық есептілік

ЕАЭО аумағынан тауарды импорттау кезінде салық есептілігін тапсыру қажет: СЕН 320.00 (2021 ЖЫЛДАН БАСТАП КҮШІ ЖОЙЫЛДЫ) Импортталған тауарлар бойынша жанама салықтар жөніндегі декларация және СЕН 328.00 Тауар әкелу туралы өтініш.

Тапсыру мерзімі - салық кезеңінен (айдан) кейінгі айдың 20-на дейін.

Салық төлеуші тауарларды әкелу және жанама салықтардың төленгені туралы өтінішті ғана ұсынады – СЕН 328.00, бұл ретте осы өтініш салық декларациясы болып табылады.

Осылайша, ЕАЭО-ға мүше мемлекеттерден ҚР аумағына тауарлар импорты кезінде ҚҚС есепке жатқызу 328.00 нысаны бойынша тауарларды әкелу және жанама салықтарды төлеу туралы өтініш негізінде (осы өтініш салық декларациясы болып табылады), қағаз тасығышта және электрондық нысанда не салық кезеңінен кейінгі айдың 20-сынан кешіктірмей тек электрондық нысанда жүргізіледі (ҚР СК 456-бабының 2-тармағы).

ЕАЭО-дан тауар импорты кезінде 1-ТС нысаны бойынша «Өзара сауда туралы есеп» статистикалық есептілігін тапсыру қажет.

Тапсыру мерзімі - есепті кезеңнен кейінгі 20-шы күнге дейін. Бұл нысанды ЕАЭО-ға мүше мемлекеттермен импортты жүзеге асыратын заңды тұлғалар, ДК, жеке тұлғалар тапсырады. Есеп қандай валютада жасалғанына қарамастан теңгемен толтырылады.

Импорт кезінде ЭШФ жазып беру

2019 жылғы 1 қаңтардан бастап импортталған тауарды сату кезінде барлық ДК мен ЖШС ЭШФ жазып беруге міндетті.

Шот-фактураларды жазып беру мерзімі 15 күнтізбелік күн, Импорттаушылар ЭШФ-ны салық кезеңінен кейінгі айдың 20-на дейін жазып бере алады (ҚР СК 413-бабының 1-тармағы).

ҚР СК 453-бабының 6-тармағына сәйкес импорттаушы ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағынан ҚР аумағына әкелінген тауарларды өткізген кезде шот-фактура электронды нысанда салықтық кезеңнен кейінгі айдың 20-сынан кешіктірмей жазып беріледі.

Импорт кезінде ТІЖ жазып беру

Салық кодексінің 176-бабына сәйкес ТІЖ- ресімдеу жөніндегі міндеттеме мынадай мерзімдерде туындайды:

2) тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу кезінде:

  • ЕАЭО-ға мүше болып табылмайтын мемлекеттердің аумағынан әкелу кезде – кедендік тазарту жүргізілген тауарларды алып өту, өткізу басталғаннан кешіктірілмей;
  • ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің аумағынан - ҚР Мемлекеттік шекарасын кесіп өткенге дейін.

«Тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды ресімдеу жөніндегі міндет қолданылатын тауарлардың тізбесін, сондай-ақ Тауарларға және олардың құжат айналымына ілеспе жүкқұжаттарды ресімдеу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы № 1424 бұйрығының негізінде: Тауарларға ілеспе жүкқұжаттарды ресімдеу бойынша міндет қолданылатын тауарлардың тізбесі.

Өткiзу кезiнде - ТІЖ сатушы (жеткiзушi) ресiмдейдi, ал тауарларды әкелу (импорт) кезiнде ТІЖ импорттаушы (тауарды алушы) жазып бередi және мұндай ЕТТ-дан тауарлар алушының Виртуалды қоймасына түседi.

ТІЖ Виртуалды қойма арқылы мемлекеттік немесе орыс тілдерінде жазып беріледі және ЭЦҚ-мен қол қойылады.

Импорт кезінде айналым жасау күні

Импорттық келiсiм-шарттар шетел валютасымен жасалады. 

Қазақстанда бухгалтерлік есеп теңгемен жүргізіледі, сондықтан бастапқы тану кезінде операция шетел валютасымен операция күніндегі ағымдағы айырбас бағамы бойынша теңгемен есепке алынады. Шетел валютасымен операцияларды есепке алу
бойынша ХҚЕС 21 «Айырбас бағамдарының әсері» стандартын басшылыққа алу қажет. ХҚЕС екі ұғымды ашады: монетарлық баптар және монетарлық емес баптар. Монетарлық баптарға - жұмыскерлерге сыйақылар, дивидендтер, тауар үшін ақы төлеу және басқалар жатады, яғни біздің белгілі бір мөлшерде ақша алуға құқығымыз немесе төлеу міндетіміз болған кезде. Қалған жағдайларда мұндай құқық жоқ болса, бұл монетарлық емес баптар болады. Әрбір есепті кезеңнің аяғында шетел валютасындағы монетарлық баптар есепті күнгі бағам бойынша қайта есептеледі.

КТС мақсатында импорт бойынша айналым ХҚЕС негізінде бухгалтерлік есеп деректері бойынша есепке алынады (аванс бағамы бойынша немесе тәуекелдер мен пайданың ауысу күні бойынша). ҚҚС есептеу үшін салық салынатын импорт айналымы ҚР СК 442-бабына сәйкес айқындалады.

Импортталған тауарларды есепке алу күні:

1) халықаралық қаржылық есептiлiк стандарттарына және (немесе) Қазақстан Республикасының бухгалтерлiк есеп пен қаржылық есептiлiк туралы заңнамасының талаптарына сәйкес осындай тауарларды бухгалтерлік есепте тану (көрсету) күндерінің неғұрлым ертерегі;

2) мұндай тауарларды Қазақстан Республикасының аумағына әкелу күні болып табылады.

Салық төлеушіде осы тармақтың екінші бөлігінің 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген күндердің екеуі де болған жағдайда, көрсетілген күндердің неғұрлым кешірегі импортталған тауарларды есепке қабылдаған күн болып табылады.

ҚР аумағына тауарларды әкелу күні:

  • тауарларды әуе немесе теңіз кемелерімен тасымалдау кезінде – ҚР аумағында орналасқан әуежайға немесе портқа әкелген күн;
  • тауарларды халықаралық автомобиль қатынасымен тасымалдау кезінде - ҚР Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күн (шекарадан өткені туралы талон негізінде)
  • тауарларды халықаралық және мемлекетаралық теміржол көлігі қатынасымен тасымалдау кезінде - бірінші шекара маңындағы өткізу пунктіне әкелу күні (Тізбе),
  • тауарларды магистральдық құбыржолдар жүйесi арқылы немесе электр беру желiлерi арқылы тасымалдау кезінде - тауарларды тапсыру пунктіне әкелген күн;
  • тауарларды халықаралық пошта жөнелтілімдері арқылы жіберу кезінде - ҚР аумағында почта штемпелінің қойылған күні көрсетіледі.
  • Бухгалтерлік есеп жүргізбейтін ДК есепке алынған күнді жүкқұжаттың немесе тауарды қабылдау-тапсыру актісінің күні бойынша анықтайды.
  • Егер тасымалдаушыдан құжаттар болса, импортталған тауарларды есепке алу күні тасымалдаушының тауарларды сатып алушыға берген күні болады.

Қосылған құн салығы есепке жатқызу әдiсiмен төленетiн импортталатын тауарлардың тiзбесi және оны қалыптастыру ережелерi.