Қазақстанда «көп балалы ана» ұғымы жоқ, қолданыстағы заңнамада «көп балалы отбасы» ұғымы ғана айқындалған.

«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР Кодексінің 1-бабы 1-тармағының 17-2) тармақшасына сәйкес көп балалы отбасы - құрамында бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде кәмелеттік жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) жалпы орта, техникалық және кәсіптік, жалпы орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы немесе кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар отбасы.

«Тұрғын үй қатынастары туралы» ҚР Заңының 2-бабының 16) тармақшасына сәйкес бойынша көп балалы отбасы - бірге тұратын төрт немесе одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасы.

«Балалы отбасыларға берілетін мемлекеттік жәрдемақылар туралы» ҚР Заңының 1-бабы 1-тармағының 1) тармақшасының күшіне орай балалы отбасыларға берiлетiн мемлекеттiк жәрдемақылар "Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған көпбалалы аналарға тағайындалатын және төленетін ай сайынғы мемлекеттік жәрдемақы.

Осылайша, мысалы, кәмелетке толмаған 4 баласы бар әйел көп балалы отбасыға жатады және «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған көп балалы анаға жатпайды.

«Алтын алқа» алқасымен марапаттау

«Күміс алқа» алқасымен марапаттау

Көп балалы отбасыларға арналған жәрдемақы

«Алтын алқа», «Күміс алқа» және басқа да ордендермен марапатталған көп балалы аналарға арналған жәрдемақы

Көп балалы отбасыларға арналған басқа да жеңілдіктер

Көп балалы анаға салық салу

Көп балалы отбасы үшін шегерім

«Алтын алқа» алқасымен марапаттау

«Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» ҚР Заңының (бұдан әрі - Мемлекеттік наградалар туралы Заң) 28-бабында "Алтын алқа" алқасымен жеті және одан да көп бала туған және тәрбиелеп өсiрген аналар наградталады. "Алтын алқа" алқасымен наградтау осы ананың жетінші баласы бiр жасқа жеткен және басқа балалары тiрi болған ретте жүргiзiледi.

«Алтын алқа» алқасымен наградтау кезінде, сондай-ақ:

- ананың заңда белгiленген тәртiппен асырап алған;

- Қазақстан Республикасының мүдделерiн қорғау кезiнде немесе өзге қызметтiк мiндеттерiн атқару үстiнде қаза тапқан не болмаса хабарсыз кеткен, дүлей апаттар кезiнде не адам өмiрi мен материалдық құндылықтарды құтқару жөнiнде азаматтық борышын атқару үстiнде, қылмысқа қарсы күресте және қоғамдық тәртiп күзетiнде қаза тапқан, сондай-ақ аталған жағдаяттар кезiнде жаралану, мертiгу немесе ауруға шалдығу не еңбек жарақаты немесе кәсiби ауру салдарынан қайтыс болған балалар ескерiледi.

«Күміс алқа» алқасымен марапаттау

Мемлекеттік наградалар туралы заңның 29-бабына сәйкес "Күмiс алқа" алқасымен алты бала туған және тәрбиелеп өсiрген аналар алтыншы баласы бiр жасқа жеткен және басқа балалары тiрi болған ретте наградталады. "Күмiс алқа" алқасымен наградтау кезiнде, сондай-ақ осы Заңның 28-бабының үшiншi бөлiгiнде аталған балалар да ескерiледi.

Көп балалы отбасыларға арналған жәрдемақы

ҚР Әлеуметтік кодексінің 90-бабына сәйкес - көп балалы отбасына берілетін жәрдемақы Қазақстан Республикасында тұрақты тұратын Қазақстан Республикасының азаматтарына, қандастарға, сондай-ақ жәрдемақы алу құқығы Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шартта көзделген шетелдіктерге беріледі.

Бірге тұратын төрт және одан көп кәмелетке толмаған баласы, оның ішінде он сегіз жасқа толғаннан кейін білім беру ұйымдарын бітіретін уақытқа дейін (бірақ жиырма үш жасқа толғанға дейін) жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында жалпы білім беретін немесе кәсіптік бағдарламалар бойынша күндізгі оқу нысаны бойынша білім алатын балалары бар отбасылардың көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы алуға құқығы бар.

Төрт және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасылар немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу нысанындағы студенттер үшін жәрдемақы отбасының табысына қарамастан мынадай мөлшерде белгіленеді:

  • төрт балаға - 16,03 АЕК;
  • бес балаға - 20,04 АЕК;
  • алты балаға - 24,05 АЕК;
  • жеті балаға - 28,06 АЕК;
  • сегіз және одан да көп балаға - әр балаға 4 АЕК.

Осы жәрдемақыны тағайындауға онлайн-қызмет арқылы өтінім беруге болады

«Алтын алқа», «Күміс алқа» және басқа да ордендермен марапатталған көп балалы аналарға арналған жәрдемақы

"Алтын алқа", "Күміс алқа" алқаларымен наградталған немесе бұрын "Батыр ана" атағын алған, бірінші және екінші дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған аналарға ай сайын мемлекеттік жәрдемақы төленеді. (ҚР Әлеуметтік кодексінің 94-бабы).

  • «Күміс алқа» алқасымен марапатталғандарға - 6,40 АЕК;
  •       "Алтын алқа" алқасымен наградталған немесе бұрын "Батыр Ана" атағын алған, І және ІІ дәрежелі "Ана даңқы" ордендерімен наградталған аналарға - 7,40 АЕК.

Аталған жәрдемақыны алу үшін "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" КЕАҚ-ға мынадай құжаттармен жүгіну қажет:

  • өтініш;
  • сәйкестендіру үшін - жеке басын куәландыратын құжат;
  • «Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы ана атағын алғанын немесе марапатталғанын растайтын құжат.
  • Байқоңыр қаласының тұрғындары үшін - Байқоңыр қаласының тұрғын үй шаруашылығы азаматтарды есепке алу және тіркеу бөлімінің анықтамасы.

Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі іс материалдарын жете ресімдеу қажет болған жағдайларда қажеттілігіне қарай - 30 күн мерзімге ұзартылады, бұл ретте, егер құжаттар жете ресімделсе, мемлекеттік қызмет Мемлекеттік корпорацияға қосымша құжаттар ұсынылған күннен бастап 7 жұмыс күні ішінде көрсетіледі.

Көп балалы отбасыларға арналған басқа да жеңілдіктер

«Алтын алқа», «Күміс алқа» белгілерімен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар, көп балалы отбасылар мемлекеттік тұрғын үй қорынан тұрғын үй немесе жергілікті жеке тұрғын үй қорынан атқарушы орган жалға алған тұрғын үй алуға құқылы.

«Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған көп балалы аналар да бірқатар салықтар мен мемлекеттік баж салықтарын төлеуден босатылды:

  • көлік құралдарына салынатын салық (бір автокөлік құралы бойынша);
  • тұрғын үй қоры, оның ішінде оның жанындағы құрылыстар мен ғимараттар алып жатқан жер учаскелері бойынша салық;
  • үй іргесіндегі жер учаскелері бойынша салық;
  • жеке тұлғалардың мүлік салығы (1000 еселенген АЕК мөлшері шегінде);
  • нотариаттық ic-әрекеттер жасау кезіндегі мемлекеттік баж;
  • зияткерлік меншік саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган заңдық мәні бар ic-әрекеттер жасаған кезде мемлекеттік баж.

Сонымен қатар, 5 және одан да көп бала туған (асырап алған) және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген әйелдер 53 жасқа толғанға дейін жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алуға құқылы.

Көп балалы анаға салық салу

МЗЖ

«ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 1-бабына сәйкес:

17) зейнетақы төлемдерiн алушы (бұдан әрi – алушы) – мемлекеттік базалық зейнетақы төлемі және (немесе) жасына байланысты зейнетақы төлемдерi және (немесе) еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері және (немесе) бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан және (немесе) ерікті жинақтаушы зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерi тағайындалған жеке тұлға.

«ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 11-бабы негізінде:

3. 5 және одан көп бала туған (асырап алған) және оларды сегіз жасқа дейін тәрбиелеген әйелдердің 53 жасқа толғанда жасына байланысты зейнетақы төлемдерін алуға құқығы бар.

«ҚР зейнетақымен қамсыздандыру туралы» ҚР Заңының 24-бабының 2-тармағына сәйкес БЖЗҚ-ға міндетті зейнетақы жарналарын төлеуден:

1) осы Заңның 11-бабының 1-тармағына сәйкес зейнеткерлік жасқа толған жеке тұлғалар (әйелдер үшін 2022 жылы - 60,5 жас);

2) егер мүгедектігі мерзімсіз болып белгіленсе, бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар жеке тұлғалар босатылады. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына міндетті зейнетақы жарналарын төлеу осы тармақшада көрсетілген адамдардың өтініші бойынша жүзеге асырылады;

3) әскери қызметшiлер (мерзiмдi қызметтегі әскери қызметшiлерден басқа), арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызметтің қызметкерлері, сондай-ақ арнаулы атақтарға, сыныптық шендерге ие болу және нысанды киiм киiп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдар;

4) еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушылар;

5) салық агенттері болып табылмайтын жеке тұлғалармен жасалған, нысанасы жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету) болып табылатын азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша кірістер алатын, еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін жеке тұлғалар босатылады.

Осылайша, 53 жасқа толған және зейнеткерлікке шыққан көп балалы ананың кірісінен Заңның 11-бабының 1-тармағында көрсетілген зейнеткерлік жасқа толғанға дейін МЗЖ ұсталады.

ӘА

«Міндетті әлеуметтік сақтандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабына сәйкес «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 1-тармағында көзделген жасқа толған адамдар міндетті әлеуметтік сақтандыруға жатпайды.

Осылайша, 53 жасқа толған және зейнеткерлікке шыққан көп балалы ананың кірісінен ӘА ол зейнеткерлік жасқа толғанға дейін ұсталады, ол Заңның 11-бабының 1-тармағында көрсетілген.

МӘМС, МӘМСЖ

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңының 27-бабы негізінде жұмыс берушілер:

1) осы Заңның 26-бабы 1-тармағының 1), 5), 7), 11), 12) және 13) тармақшаларында аталған адамдар үшін аударымдар төлеуден босатылады.

ҚР «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңының 28-бабының 7-тармағына сәйкес қорға жарна төлеуден:

1) осы Заңның 26-бабының 1-тармағында көрсетілген адамдар босатылады.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» ҚР Заңының 26-бабының 1-тармағында:

7) зейнетақы төлемдерін алушылар...көрсетілген.

Демек, 53 жасқа толған және зейнеткерлікке шыққан көп балалы ананың кірісінен МӘМСЖ ұсталмайды және МӘМСА есептелмейді, өйткені ол зейнетақы төлемдерін алушы болып табылады.

Көп балалы отбасы үшін шегерім

2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап ҚР Салық кодексінің 342-бабына сәйкес Қазақстанда салық шегерімінің жаңа түрі - көп балалы отбасы үшін салық шегерімі енгізілді.

ҚР Салық кодексінің 347-бабында атап өтілгендей, көп балалы отбасы үшін салық шегерімі осындай балалардың туу туралы куәліктерінің көшірмелерімен расталатын, шегерім қолданылатын күнтізбелік жылдың 1 қаңтарына жеке тұлғада төрт және одан да көп кәмелетке толмаған бала болған жағдайда қолданылады.

Көп балалы отбасы үшін салық шегерімі жиынтығында күнтізбелік жылға белгіленген 282 АЕК-тен аспайтын мөлшерде ата-ананың екеуіне де мынадай тәртіптердің бірінде қолданылады:

1) көп балалы отбасының ата-анасының біреуі үшін әр ай үшін 23 АЕК мөлшерінде;

2) көп балалы отбасының әрбір ата-анасы үшін әр ай үшін 12 АЕК мөлшерінде.

Осылайша, жұмыс беруші осы шегерімді қолдана бастауы үшін жұмыскер кадр қызметіне немесе бухгалтерияға салықтық шегерімге өтініш және растайтын құжаттарды ұсынуы тиіс.

Салық кодексінің 356-бабына сәйкес жұмыскердің салық салуға жататын тиісті кірістің салық салынатын сомасы мынадай тәртіппен айқындалады:

жұмыскердің төлем көзінен салық салуға жататын, салық кезеңі үшін есептелген кірістерінің сомасы

алу

Кодекстің 341-бабының 1-тармағында көзделген салық кезеңі үшін кірісті түзету сомасы,

алу

Қазақстан Республикасының зейнетақымен қамсыздандыру туралы заңнамасында белгіленген мөлшерде міндетті зейнетақы жарналары түріндегі салық шегерімдерінің сомасы,

алу

осы Кодекстің 345-бабында белгіленген тәртіппен және мөлшерде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруға арналған жарналар бойынша салық шегерімдерінің сомасы,
алу

Кодекстің 346-бабында белгіленген тәртіппен және мөлшерде стандартты шегерімдер сомасы,

алу

осы Кодекстің 347-бабында белгіленген тәртіппен және мөлшерде көп балалы отбасылар үшін салық шегерімінің сомасы

алу

ҚР СК 356-бабының 2-тармағына сәйкес айқындалатын басқа да шегерімдердің алдын ала сомасы.

Салық кодексінің 342-бабы 5-тармағына сәйкес салық шегерімдері ҚР СК 356-бабы 1-тармағында көрсетілген тәртіппен жүйелі түрде қолданылады.

Салық кодексінің 343-бабының 3-тармағына сәйкес жеке тұлға МЗЖ және МӘМСЖ түріндегі салық шегерімдерін қоспағанда, салық кезеңі үшін бір ғана салық агентінде салық шегерімінің белгілі бір түрін қолдануға құқылы.

ЖТС _ 2025 = (кiрiс – СК 341-бабы бойынша түзету МЗЖ - МӘМСЖ - 14 АЕК (бір агенттен) - Көп балалы болу бойынша шегерім) * 10%