Электрондық еңбек шарттары жазбаша нысанда жасалатын еңбек шартының дәстүрлі нысанына қосымша опция болып табылады.

Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі (ЕШЕБЖ)

ЕШЕБЖ негізгі артықшылықтары

ЕШЕБЖ-ға енгізілетін ақпарат

Мәліметтерді ЕШЕБЖ-ға енгізу мерзімдері

Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі (ЕШЕБЖ)

Қазақстан Республикасының еңбек нарығы белсенді түрде цифрландырылуда. Электрондық еңбек шарттарын жасасу қарқын алуда. Электрондық түрде жасалатын еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі (ЕШЕБЖ) енгізілді.

Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі – еңбек шарттарын, еңбек қызметін және жұмыскерлер санын есепке алуды автоматтандыруға арналған ақпараттық жүйе. ҚР ЕК 1-бабы 1-тармағының 35-1-тармақшасы

ҚР ЕК 33-бабының 1-тармағына сәйкес: Еңбек шарты жазбаша нысанда кемінде 2 данада жасалады және оған тараптар қол қояды.

Еңбек шартының бір-бір данасы жұмыскер мен жұмыс берушіде сақталады.

Еңбек шартын жасасу, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізу ЭЦҚ арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында жүргізілуі мүмкін.

«Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы» Заңның (бұдан әрі - Заң) 7-бабының 1-тармағына сәйкес осы Заңның талаптарына сәйкес келетін және оған қол қоюға өкілеттігі бар адамның электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылған электрондық құжат қағаз жеткізгіштегі қол қойылған құжатпен бірдей.

Еңбек шарттарын тіркеу https://www.enbek.kz сайты арқылы жүзеге асырылады.

Ол үшін Электрондық еңбек биржасының (бұдан әрі - ЭЕБ) www.enbek.kz порталында тіркелу қажет, кәсіпорын туралы мәліметтер ЭЦҚ-мен расталуы тиіс.

Осылайша, еңбек шарты жазбаша нысанда жасалады, сондай-ақ электрондық түрде жасалуы мүмкін. Еңбек шартын электрондық түрде жасау үшін тараптардың ЭЦҚ-сы болуы қажет. Электрондық еңбек шартын жасасу міндетті болып табылмайды.

Жұмыс беруші жұмыскермен еңбек шартын жасасу және тоқтату туралы, сондай-ақ ҚР ЕК 28-бабының 1), 2), 3), 4), 5) және 13) тармақшаларында көзделген ЕШ-ға өзгерістер туралы ақпаратты ЕШЕБЖ-ға енгізуге міндетті.

ЕШЕБЖ-ның негізгі артықшылықтары:

  • қағаз құжаттарды жинау қажеттілігінің болмауына байланысты жұмысқа орналастыру процесін жеңілдету,
  • шарттың, жарналардың және қорларға аударымдардың болуын көрсету, сондай-ақ жұмыс берушінің жұмыскер алдындағы міндеттемелерін бекіту арқылы әлеуметтік тәуекелдерден қорғау.

Шарттар екі тілде: қазақ және орыс тілдерінде жасалуы мүмкін.

ЕШЕБЖ-ға енгізілетін ақпарат

Жұмыс беруші ақпаратты ЕШЕБЖ-мен кадрлық қамтамасыз етуді ықпалдастыру арқылы немесе «Электрондық еңбек биржасы» мемлекеттік ақпараттық порталы немесе ЕШЕБЖ-мен ықпалдастырылған еңбек шарттарын есепке алуды автоматтандыру жөніндегі басқа да ақпараттық жүйелер арқылы ЕШЕБЖ-ға енгізеді:

1) тараптардың деректемелері:

  • жұмыс беруші – жеке тұлғаның жеке сәйкестендіру нөмірі немесе жұмыс беруші – заңды тұлғаның бизнес-сәйкестендіру нөмірі;
  • жұмыскердің жеке сәйкестендіру нөмірі;

2) белгілі бір мамандық, кәсіп, біліктілік немесе лауазым бойынша жұмыс (еңбек функциясы);

3) жұмысты орындау орны;

4) еңбек шартының мерзімі;

5) жұмыстың басталу күні;

6) жасалу күні және реттік нөмірі.

Жұмыс беруші ЕШЕБЖ-ға мынадай қосымша мәліметтерді жібереді:

1) жұмыс уақыты мен демалыс режимі;

2) жұмыскердің жүктілігіне және бала (балалар) тууына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуына байланысты демалысқа және бала үш жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша жалақысы сақталмайтын демалысқа шығуы туралы.

Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне (ЕШЕБЖ) мәліметтерді енгізу мерзімдері:

1) жаңадан жасалған еңбек шарттары туралы - екі тарап еңбек шартына қол қойған күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірмей;

2) қолданылу мерзімі өтпеген еңбек шарттары туралы:

  • саны 2000 адамға дейінгі кәсіпорындар үшін - Қағидалар күшіне енген күннен бастап 1 жыл ішінде;
  • саны 2000 адамнан асатын кәсіпорындар үшін - Қағидалар күшіне енген күннен бастап 2 жыл ішінде;

3) еңбек шартына өзгерістер мен толықтырулар туралы - екі тарап қол қойған күннен бастап күнтізбелік 15 күннен кешіктірмей;

4) жұмыскер жұмысқа қайта алынған жағдайда түзету туралы - қалпына келтірілген күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде;

5) мәліметтерді дұрыс енгізбеген кезде қатені түзету туралы - бастапқы деректерді енгізген күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде;

6) жұмыскердің және (немесе) жұмыс берушінің деректемелері дұрыс енгізілмеген кезде мәліметтерді жою - бастапқы деректемелер енгізілген күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде;

7) еңбек шартын тоқтату туралы - еңбек шарты тоқтатылған күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей.

ЕШЕБЖ-дан мәліметтерді жеке және заңды тұлғаларға еңбек жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган ҚР дербес деректер және оларды қорғау туралы заңнамасының талаптарын ескере отырып, электрондық немесе қағаз нысандағы сұрау салу негізінде ұсынады.

Осылайша, еңбек шарты жазбаша нысанда жасалады, сондай-ақ электрондық түрде жасалуы мүмкін.

Еңбек шартын электрондық түрде жасасу үшін тараптардың ЭЦҚ-сы болуы қажет.

Жаңа еңбек шарттары тараптар еңбек шартына қол қойған күннен бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірілмей ЕШЕБЖ-ға енгізіледі.

Еңбек шартын есепке алудың бірыңғай жүйесінде еңбек шарты туралы мәліметтерді ұсыну және алу қағидаларын бекіту туралы. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2020 жылғы 3 қыркүйектегі № 353 бұйрығы.