Бала күтімі бойынша демалыс - баласы бар әйел бала 3 жасқа толғанға дейін оны күту үшін еңбек міндеттерін орындаудан босатылатын уақыт кезеңі.

ҚР ЕК 1-бабы 1-тармағының 13-тармақшасына сәйкес: Демалыс - жұмыс орны (лауазымы) мен осы Кодексте белгіленген жағдайларда орташа жалақысын сақтай отырып, жұмыскердің жыл сайынғы демалуын қамтамасыз ету немесе әлеуметтік мақсаттар үшін жұмыскерді белгілі бір кезеңге жұмыстан босату.

Бала күтімі бойынша жалақысы сақталмайтын демалыс

Бала күтімі бойынша демалыстан мерзімінен бұрын шығу

Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем

Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы мөлшері


Бала күтімі бойынша жалақысы сақталмайтын демалыс

ҚР-да жұмыскерлерге демалыстың мынадай түрлері беріледі:   

1) жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалыстары;
2) әлеуметтік демалыстар.

Әлеуметтік демалыс деп ана болуға, скринингтік зерттеулерден өтуге, балалар күтіміне, өндірістен қол үзбей білім алуға қолайлы жағдайлар жасау мақсатында және өзге де әлеуметтік мақсаттар үшін жұмыскерді белгілі бір кезеңге жұмыстан босату түсініледі.

Жүкті әйелдерге, бала (балаларды) туған әйелдерге, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған әйелдерге (еркектерге) баланың туылуына байланысты мынадай демалыстар беріледі:

  • Бала 3 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақысы сақталмайтын демалыс.

ҚР Еңбек кодексі 100-бабы негізінде - Жұмыс беруші жұмыскерге:

1) ата-анасының таңдауы бойынша – баланың анасына не әкесіне;

2) баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ата-анаға;

3) ата ата-ананың қамқорлығынсыз қалған баланы іс жүзінде тәрбиелеп отырған басқа туысына не қамқоршысына;

4) жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған жұмыскерге бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс беруге міндетті.

Бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс жұмыскердің жазбаша өтініші негізінде оның ұзақтығы көрсетіле отырып және баланың туу туралы куәлігі немесе баланың туу фактісін растайтын басқа құжат ұсыныла отырып беріледі.

Жұмыскер бала күтіміне байланысты демалысты бала үш жасқа толғанға дейін толық немесе бөліп пайдалана алады.

Бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс уақытында жұмыскердің жұмыс орны (лауазымы) сақталады.

Бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс аяқталғанға дейін жұмысқа шыққан жағдайда, жұмыскер жұмыс берушіні өзінің ниеті туралы жұмыс басталғанға дейін бір ай бұрын хабардар етуге міндетті.

Бала күтімі бойынша демалыстан мерзімінен бұрын шығу

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 100-бабының 2-тармағына сәйкес бала 3 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақысы сақталмайтын демалыс жұмыскердің қалауы бойынша жазбаша өтініші негізінде толық немесе бөліп пайдаланылуы мүмкін.

Осылайша, жұмыскердің демалысты толығымен немесе бөліп пайдалануға құқығы болғандықтан, жұмыскер өз қалауы бойынша мұндай демалыстың қандай мерзімге берілетінін таңдай алады. Жұмыскер бала күтімі бойынша демалысқа:

  • бүкіл кезеңге (3 жыл);
  • белгіленген мерзімнен аз кезеңге (мысалы, 1 жыл);
  • демалысты бөліп пайдалануға (мысалы, жұмыскер 1 жыл бала күтімі бойынша демалыста болады, содан кейін 1 жылға жұмысқа шығады, содан кейін жұмыс берушіге тағы 1 жылға демалыс беруге тағы бір өтініш береді) баруға құқылы.

ҚР Еңбек кодексінің 100-бабына сәйкес:

Бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс аяқталғанға дейін жұмысқа шыққан жағдайда, жұмыскер жұмыс берушіні өзінің ниеті туралы жұмыс басталғанға дейін бір ай бұрын хабардар етуге міндетті.

Осылайша, жұмыскер жұмыс берушіге жұмысқа шыққандығы туралы бір ай бұрын жазбаша ескертіп, 3 жасқа дейінгі балаға күтім жасау демалысы аяқталғанға дейін шыға алады.

Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем

Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем бір рет, ал бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем ай сайын төленеді.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-ның құрылымдық бөлімшелері әлеуметтік төлемдерді тағайындау үшін қажетті құжаттарды қабылдаған күннен бастап 4 жұмыс күні ішінде оларды Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына (бұдан әрі - Қор) береді.

Әлеуметтік төлемдерді тағайындауға құжаттарды:

жүктілігі және босануы бойынша - жүктілігі және босануы бойынша еңбекке уақытша жарамсыздық парағы берілген күннен бастап 12 айдан кешіктірмей;

1 жасқа дейінгі баланың күтімі бойынша - баланың туу туралы куәлігінде көрсетілген бала туған күннен бастап 12 айдан кешіктірмей беру қажет.

Бала тууына байланысты берiлетiн бiржолғы мемлекеттiк жәрдемақы (барлық әйелдер үшiн) жұмыс iстейтiн де, жұмыс iстемейтiн де барлық босанған әйелдерге мемлекеттiк бюджеттен төленедi.

Бала туғанда берілетін жәрдемақының мөлшері белгіленген және мынаны құрайды:

  • бірінші, екінші және үшінші балаға - 38 АЕК;
  • төртінші және одан көп балаға - 63 АЕК.

Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы мөлшері

Бала бiр жасқа толғанға дейiн (жұмыс iстемейтiн әйелдер үшiн) оның күтiмi бойынша ай сайынғы жәрдемақы бала күтiмiн жүзеге асыратын және мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнiң қатысушылары болып табылмайтын жұмыс iстемейтiн әйелдер мен еркектерге тағайындалады.

Жұмыс істемейтін әйелдер мен ер адамдар үшін бала бір жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы мөлшері белгіленген және ол:

  • бірінші балаға - 5,76 АЕК (ай сайын);
  • екінші балаға - 6,81 АЕК (ай сайын);
  • үшінші балаға - 7,85 АЕК (ай сайын);
  • төртінші және одан көп - 8,90 АЕК (ай сайын) құрайды.

Жүктілікке және босануға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты табысынан айырылған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем (жұмыс істейтін әйелдер үшін) жұмыс істейтін әйелдерге, Қордан әлеуметтік төлемдер алуға құқығы бар міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыларға (яғни әлеуметтік қатер туындаған күнге дейін Қорға әлеуметтік аударымдар түскен жеке тұлғаларға) тағайындалады.

Аталған әлеуметтік төлем жұмыс істейтін әйелдерге ғана есептелген және бір рет жүргізіледі.

Орташа айлық табыстың мөлшері нақты жұмыс істеген мерзіміне қарамастан, әлеуметтік тәуекел басталған күнге дейін 12 айдан бастап әлеуметтік табыс бойынша айқындалады.

Әлеуметтiк аударымдар төленген табыстың орташа айлық мөлшерi әлеуметтiк төлемге құқық басталған айдың алдындағы соңғы күнтiзбелiк он екi ай iшiнде әлеуметтiк аударымдар жүргiзiлген табыс сомасын (осы кезеңде әлеуметтiк аударымдарда үзiлiстер болған-болмағанына қарамастан) он екiге бөлу жолымен айқындалады. Еңбекке жарамсыздық күндері санының коэффициенті уақытша еңбекке жарамсыздық парағы берілген күндер санын отыз күнтізбелік күнге бөлу жолымен айқындалады (әрбір жұмыс істейтін әйелдің ҚР ЕК 99-бабына сәйкес жүктілігі және босануы бойынша ақылы демалыс алуға және оны жүктілік кезінде және босанғаннан кейін қалауы бойынша пайдалануға құқығы бар).
Егер еңбекке уақытша жарамсыздық парағы 126 күнтізбелік күнге берілсе, онда коэффициент 126/30 = 4,2 тең болады.