Маркетингтік көрсетілетін қызметтер – тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сипаттамасын, баға стратегиясын және жарнама стратегиясын әзірлеуді қоса алғанда, тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің өндірісі мен айналысына үздік экономикалық жағдайлар жасау жөніндегі шараларды айқындау мақсатында тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің өндірісі мен айналысы саласындағы зерттеуге, талдауға, жоспарлауға және болжамдауға байланысты көрсетілетін қызметтер. (Салық кодексінің 1-бабы 1-тармағының 42-тармақшасы)

2023 жылғы 1 қаңтардан бастап Салық кодексінің нормасы шағын бизнес субъектілері үшін АСР қолдану кезінде рұқсат етілмеген қызмет түрлерін толықтыру бөлігінде күшіне енді.

Осылайша, шағын бизнес субъектілері үшін АСР қолдану бойынша шектеу маркетингтік қызметтерді жүзеге асыратын салық төлеушілерге де қолданылады.

ҚР СК 683-бабына сәйкес шағын бизнес субъектілері үшін арнайы салық режимін мынадай шарттарға сәйкес келетін салық төлеушілер қолдануға құқылы:

1) арнаулы салық режимi үшiн салықтық кезеңдегі жұмыскерлердiң орташа тізімдік саны:

  • оңайлатылған декларация негізінде - 30 адамнан;
  • тіркелген шегерімді пайдаланумен - 50 адамнан аспайтын;

2) арнаулы салық режимі үшін салықтық кезеңдегі кірісі:

  • патент негізінде немесе арнаулы мобильді қосымша пайдаланылатын – республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын АЕК-тің 3 528 еселенген мөлшерінен;
  • оңайлатылған декларация негізінде – республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын АЕК-тің 24 038 еселенген мөлшерінен;
  • тіркелген шегерімді пайдаланумен – республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын АЕК-тің 144 184 еселенген мөлшерінен аспайтын;

Бұл ретте осы тармақшаның бірінші бөлігінің үшінші абзацында көрсетілген кіріске дара кәсіпкердің республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 70 048 еселенген мөлшері шегіндегі, үш құрамдасты интеграцияланған жүйені міндетті түрде қолдана отырып, қолма-қол ақшасыз есеп айырысулар арқылы алған кірістері қосылмайды

3) мынадай қызмет түрлерін:

  • консультациялық және (немесе) маркетингтік қызметтерді жүзеге асырмайтын салық төлеушілер қолдануға құқылы.

Осылайша, маркетингтік қызметтерді жүзеге асыратын компанияның арнаулы салық режимін қолдануға құқығы жоқ, компания өз қызметін жалпыға бірдей белгіленген салық салу режимінде жүзеге асыруға тиіс.

Бірыңғай жиынтық төлемге (БЖТ) қатысты:

Салық кодексінің 774-бабына сәйкес - Дара кәсіпкер ретінде тіркелмей кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын, бір мезгілде мынадай шарттарға сай келетін:

1) бірыңғай жиынтық төлемді төлеген;

2) жалдамалы жұмыскерлердің еңбегін пайдаланбайтын;

3) қызметтерді салық агенттері болып табылмайтын жеке тұлғаларға ғана көрсететін және (немесе) акцизделетін өнімдерді қоспағанда, жеке қосалқы шаруашылықтың өзі өндірген ауыл шаруашылығы өнімін салық агенттері болып табылмайтын жеке тұлғаларға ғана өткізетін жеке тұлғалар бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер деп танылады.

2. Бірыңғай жиынтық төлемді төлеушінің осы баптың 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыру нәтижесінде алатын кірісінің күнтізбелік жылдағы мөлшері республикалық бюджет туралы заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарына қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 1175 еселенген мөлшерінен аспауға тиіс.

3. Мыналар бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер ретінде танылмайды:

     6) мынадай қызмет түрлерін жүзеге асыратын тұлғалар:

  • консультациялық және (немесе) маркетингтік қызметтер;

Осылайша, маркетингтік қызметтерді жүзеге асыратын жеке тұлғаның бірыңғай жиынтық төлемді қолдануға құқығы жоқ.

Осылайша, маркетингтiк қызметтер көрсететiн салық төлеушiлер шағын бизнес субъектiлерi үшiн АСР-ді қолдануға құқылы емес.

Маркетингтік қызметтер көрсету кезінде орындалған жұмыстар актісіне жасалған жұмыс туралы есеп беру.

Бухгалтерлік есепті жүргізу қағидаларына сәйкес Бастапқы құжаттар - бухгалтерлік есеп жүргізуге негіз болатын операцияның немесе оқиғаның жасалу фактісінің және оны жасау құқығының қағаз және электрондық жеткізгіштегі құжаттық куәлігі.

Құрылыс-монтаждау жұмыстарын қоспағанда, орындалған жұмыстарды (көрсетілген қызметтерді) қабылдау-тапсыру үшін нысаны 562 бұйрықпен бекітілген орындалған жұмыстар (көрсетілген қызметтер) актісі қолданылады, ол шаруашылық операциясын жасау фактісін растау үшін орындаушымен жасалады.

ҚР Қаржы министрінің 2013 жылғы 19 тамыздағы № 402 бұйрығымен «Бастапқы есепке алу құжаттарының нысандарын бекіту туралы» ҚР Қаржы министрінің 2012 жылғы 20 желтоқсандағы № 562 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Осы бұйрықпен жаңа «Орындалған жұмыстар (көрсетілген қызметтер) актісі» Р-1 нысаны бекітілді (50-қосымша). Нысан орындалған жұмыстарды қабылдау-беру жөніндегі операцияларды ресімдеуге арналған және құрылыс-монтаждау жұмыстарын қоспағанда, маркетингтік зерттеулер, консультациялық және өзге де қызметтер туралы мәліметтерді көрсетеді.