Мемлекеттік-жекешелік әріптестік «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Заңда айқындалған белгілерге сәйкес келетін мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес арасындағы ынтымақтастықтың нысаны.

Заңның 4-бабына сәйкес - Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің айрықша белгілеріне мыналар:

1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасу арқылы мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптестің қатынастарын орнату;

2) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асырудың орта мерзімді немесе ұзақ мерзімді кезеңі (мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының ерекшеліктеріне қарай бес жылдан отыз жылға дейін);

3) мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптестің мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыруға бірлесіп қатысуы;

4) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру үшін мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптестің ресурстарын біріктіру;

5) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын іске асыру үшін жеке әріптестің инвестицияларды жүзеге асыруы жатады.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының тараптары

1. Мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының тараптары болып табылады.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартында бірнеше мемлекеттік әріптес пен жекеше әріптес тараптар бола алады.

2. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартының тараптары мыналар да бола алады:

1) мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасын қаржыландыруды ұсынатын қаржылық және өзге де ұйымдар;

2) сала операторлары.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің қолданылу аясы

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік экономиканың барлық саласында (аясында) жүзеге асырылады. Бұл ретте тізбесін Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын объектілер мемлекеттік-жекешелік әріптестікті іске асыру үшін берілмейді.

Заңның 7-бабына сәйкес - 

1. Мемлекеттік-жекешелік әріптестік жүзеге асырылу тәсілі бойынша институционалдық және келісімшарттық болып бөлінеді.

2. Институционалдық мемлекеттік-жекешелік әріптестікті мемлекеттiк-жекешелiк әрiптестiк шартына сәйкес мемлекеттiк-жекешелiк әрiптестiк компаниясы iске асырады.

3. Өзге жағдайларда мемлекеттiк-жекешелiк әрiптестiк келісімшарттық мемлекеттiк-жекешелiк әрiптестiк тәсілі бойынша жүзеге асырылады.

Келісімшарттық мемлекеттiк-жекешелiк әрiптестiк мемлекеттiк-жекешелiк әрiптестiк шартын, оның ішінде мынадай түрлерін:

1) концессия;

2) мемлекеттік мүлікті сенімгерлік басқару;

3) мемлекеттік мүлікті мүліктік жалдау (жалға алуға);

4) лизинг;

5) технологиялар әзірлеуге, тәжірибелік үлгі дайындауға, тәжірибелік-өнеркәсіптік сынауға және аз сериялы өндіріске жасалатын шарттар;

6) өмірлік цикл келісімшарты;

7) сервистік келісімшарт;

8) мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің белгілеріне сәйкес келетін өзге де шарттар жасасу арқылы іске асырылады.