Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі – азаматтың жеке басын куәландыратын және Қазақстан Республикасының азаматтығын растайтын құжат. («Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» ҚР Заңы 1-бабының 4-тармағы)

Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі 1994 жылы КСРО-ның ішкі паспортының орнына енгізілді.

2008 жылғы 26 маусымда 64 кб чипі бар жаңа үлгідегі жеке куәліктер айналымға енгізілді. Ол өлшемі 85,72 х 54,03 миллиметр, бұрыштары дөңгелектенген, тозуға төзімді көп қабатты материалдан жасалған смарт-карта

2014 жылғы 1 желтоқсанда жаңартылған үлгідегі жеке куәліктер айналымға енгізілді: «Қазақстан Республикасы азаматының жаңа жеке куәлігінде дизайны ішінара өзгертілді, ақ-қара фотосурет түрлі-түсті фотосуретке ауыстырылды, құжаттың түстік гаммасы, жарықтығы және қарама-қарсылығы жақсартылды. Жеке куәлікті қолдан жасаудан қорғаудың барлық дәрежелері сақталып қана қоймай, жаңа элементтермен толықтырылды. Осылайша, құжатты қорғаудың қосымша элементі енгізілді: жеке куәліктің оң жағында құжат иесінің голографиялық бейнесі кішірейтілген түрде орналастырылған, бұл қолдан жасаудан қорғаудың ең жоғары дәрежесін білдіреді»

Жеке куәлікте мыналар көрсетіледі:

  1. Тегі
  2. Аты
  3. Әкесінің аты
  4. Туған күні
  5. Жеке сәйкестендіру нөмірі
  6. Қолы
  7. Ұлты (иесінің қалауы бойынша көрсетілмеуі мүмкін)
  8. Куәліктің нөмірі
  9. Туған жері
  10. Құжатты берген орган
  11. Құжаттың жарамдылық мерзімі

«Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» ҚР Заңына сәйкес - Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі - азаматтың жеке басын куәландыратын және Қазақстан Республикасының азаматтығын растайтын құжат.

ҚР-да ҚР азаматының жеке басын куәландыратын құжаттардың бірі:

Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі;

«Жеке басты куәландыратын құжаттар туралы» ҚР Заңы 9-бабына сәйкес

1, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын оның азаматтарының жеке куәлігі болуы міндетті.

2. Қазақстан Республикасының азаматтарына он алты жастан бастап жеке куәлік беріледі.

3. Шетелге тұрақты тұруға кететін Қазақстан Республикасының азаматтары жеке куәліктерін ішкі істер органдарына тапсырады.

4. Қазақстан Республикасы азаматының жеке куәлігі он жыл қолдану мерзіміне беріледі.

Жеке куәлікті және паспортты алу үшін «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ-на тұрғылықты жері не уақытша болатын (тұратын) жері бойынша жүгіну қажет.

Куәлікті алуға уақтылы жүгінбегені үшін жауапкершілік

Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке куәліксіз немесе жарамсыз жеке куәлікпен немесе тұрғылықты жері бойынша 10 күннен 1 айға дейінгі мерзімге тіркеусіз тұруы - ескерту жасауға әкеп соғады, осы мерзім өткеннен кейін азамат ҚР ӘҚБтК 492-бабының 2-бөлігі бойынша 7 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жауаптылыққа тартылады.

Әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған осындай бұзушылық 13 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға жазаланады (492-баптың 3-бөлігі).