Көлiк құралдары салығы бұл меншiгiнде көлiгi бар жеке тұлғалар (тiркемелердi қоспағанда), сондай-ақ көлiгi меншiгiнде ғана емес, шаруашылық жүргiзу немесе жедел басқару құқығында да бар заңды тұлғалар төлеуге мiндеттi салық.


2026 жылғы 1 қаңтардан бастап көлік құралдары салығы

2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі көлік құралдары салығы


2026 жылғы 1 қаңтардан бастап көлік құралдары салығы

Жаңа Салық кодексі (2025 жылғы 18 шілдедегі № 214-VIII ҚР Кодексі) 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді.

Салық реформасы шеңберінде 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енетін өзгерістер көлік салығына қатысты болды.

2026 жылғы 1 қаңтардан бастап көлік құралын пайдалану мерзіміне байланысты жеңіл автомобильдер бойынша салықты есептеу кезінде түзету коэффициенттері енгізілді (ҚР СК 565-бабының 8-тармағы):

  • 10 жылдан 20 жылға дейін қоса алғанда - 0,7;
  • 20 жылдан жоғары - 0,5.

2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін ҚР-да өндірілген (жасалған немесе құрастырылған) немесе 2013 жылғы 31 желтоқсаннан кейін ҚР аумағына әкелінген қозғалтқыш көлемі 3000 текше сантиметрден асатын жеңіл автомобильдер үшін мөлшерлемелер алынып тасталды.

Жаңа Салық кодексіне сәйкес құны 18 000 АЕК асатын жеңіл автомобильді сату кезінде көлік құралы құнының 10% акциз төлеуі қажет (ҚР СК 536-бабы). 

Егер иелену мерзімі бір жылдан астам болса, автомобильді сатуға салық салынбайды.

Егер автомобильді иелену мерзімі 1 жылдан кем болса, онда салықты (ЖТС) айырмашылықтан төлеп, кірістер мен мүлік туралы декларацияда (270.00-нысан) көрсету қажет.

701.00-нысанын ұсыну және көлік құралдары салығы бойынша ағымдағы төлемдердің есеп-қисабы алынып тасталды.

Төлеушілер

Салық салу объектілері

Салықты есептеу тәртібі

Салықты төлеу мерзімдері мен тәртібі

Салықтық кезең және салық есептілігі

Төлеушілер

Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, меншік құқығында салық салу объектілері бар жеке тұлғалар және меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында салық салу объектілері бар заңды тұлғалар көлік құралдары салығын төлеушілер болып табылады.

Заңды тұлға өз шешімімен өзінің құрылымдық бөлімшесін Қазақстан Республикасының көлік туралы заңнамасына сәйкес осындай құрылымдық бөлімшеге тіркелген көлік құралдары бойынша көлік құралдары салығын дербес төлеуші деп тануға құқылы.

Заңды тұлғаның осындай тану немесе осындай тануды тоқтату туралы шешімі осындай шешім қабылданған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.

Егер жаңадан құрылған құрылымдық бөлімше көлік құралдары салығын дербес төлеуші деп танылса, онда заңды тұлғаның осындай тану туралы шешімі осы құрылымдық бөлімше құрылған күннен бастап немесе осы құрылымдық бөлімше құрылған жылдан кейінгі жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі.

Қаржы лизингi шарты бойынша берiлген (алынған) салық салу объектiлерi бойынша көлiк құралы салығын төлеушi лизинг алушы болып табылады.

Мыналар көлік құралы салығын төлеушілер болып табылмайды:

1) ҚР СК 357-бабының 2-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші заңды тұлғалар, сондай-ақ шаруа немесе фермер қожалығының басшысы және (немесе) мүшелері;

2) шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған АСР қолданатын шаруа немесе фермер қожалығының басшысы және (немесе) мүшелері – осындай арнаулы салық режимінің күші қолданылатын, қызметте пайдаланылатын мынадай қажеттілік нормативтері шегіндегі жеңіл және жүк көлік құралдары бойынша:

  • бір шаруа немесе фермер қожалығына қозғалтқышының көлемі 2500 текше сантиметрге дейін қоса алғанда бір жеңіл автомобиль бойынша;
  • бір шаруа немесе фермер қожалығына жүк бөлігінен қатты стационарлық қабырғамен бөлінген жүк платформасы және жүргізуші кабинасы бар бір жеңіл моторлы көлік құралы (пикап-автомобиль) бойынша;
  • бір шаруа немесе фермер қожалығына 1:1 арақатынасты сақтай отырып, қозғалтқышының шекті жиынтық қуаты егіндіктің (шабындықтардың, жайылымдардың) 1 000 гектарына 1 000 кВт мөлшеріндегі жүк автомобильдері бойынша.

Егер есеп-қисап қорытындылары бойынша жүк автомобильдерінің саны бір бірліктен кем болса, қозғалтқышының қуаты барынша аз бір жүк автомобилі босатылуға жатады;

3) мемлекеттік мекемелер және орта білім беретін мемлекеттік оқу орындары;

4) мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктері – қозғалтқышының көлемі 3 000 текше сантиметрден аспайтын бір жеңіл автокөлік және бір автобус бойынша;

5) ҰОС ардагерлері, жеңілдіктер бойынша ҰОС ардагерлеріне теңестірілген ардагерлер және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлері, Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мінсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағы ордендерiмен және медальдарымен наградталған адамдар, сондай-ақ 1941 жылғы 22 маусым – 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегi мен мінсiз әскери қызметi үшiн бұрынғы КСР Одағы ордендерiмен және медальдарымен наградталмаған адамдар, Кеңес Одағының батырлары мен Социалистiк Еңбек ерлерi, "Халық қаhарманы", "Қазақстанның Еңбек Ері" атақтарына ие болған адамдар, үш дәрежелі Еңбек Даңқы орденiнің және "Отан" орденiнің иегерлері, "Батыр ана" атағына ие болған немесе "Алтын алқа" не "Күмiс алқа" алқаларымен наградталған көпбалалы аналар – салық салу объектiсi болып табылатын бiр автокөлiк құралы бойынша;

6) меншiгiнде мотоколяскалары мен автомобильдерi бар мүгедектігі бар адамдар – салық салу объектiсi болып табылатын бiр автокөлiк құралы бойынша.

Салық салу объектілері

Тiркемелердi қоспағанда, Қазақстан Республикасында тiркелген және (немесе) есепте тұрған көлiк құралдары салық салу объектiлерi болып табылады.

Мыналар салық салу объектiлерi болып табылмайды:

1) 40 тонна және одан жоғары жүк көтеретін карьерлiк автотүсіргіштер;

2) мамандандырылған медициналық көлік құралдары;

3) Қазақстан Республикасының халықаралық кеме тізілімінде тіркелген теңіз кемелері;

4) мүлік салығын салу объектісі болып табылатын арнаулы автомобильдер.

Салықты есептеу тәртібі

Көлiкке салынатын салық мөлшерлемелері ҚР СК 565-бабымен регламенттелген. Мөлшерлемелер айлық есептік көрсеткіштерде белгіленген.

ҚР СК 566-бабына сәйкес салық төлеуші салық салу объектісіне ҚР СК 565-бабына сәйкес салық ставкаларын қолдану жолымен салық кезеңі үшін салық сомасын дербес есептейді.

Заңды тұлғалар салықтық кезеңнің соңында меншік құқығында, шаруашылық жүргізу құқығында немесе жедел басқару құқығында болған көлік құралдары бойынша, сондай-ақ салықтық кезеңнің басынан бастап салықтық кезеңнің 31 желтоқсанына дейінгі кезеңде мұндай құқықтар туындаған және (немесе) тоқтатылған көлік құралдары бойынша салық сомасын:

1) егер көлік құралдарына меншік құқығы, шаруашылық жүргізу құқығы немесе жедел басқару құқығы салықтық кезеңнің басынан бастап салықтық кезеңнің 31 желтоқсанына дейінгі кезеңде туындаса және салықтық кезеңнің 31 желтоқсанына дейін тоқтатылмаса – осындай құқық туындаған айдың 1-інен бастап салықтық кезеңнің соңына дейінгі кезең үшін есептелген салық сомасы мөлшерінде;

2) егер салықтық кезеңнің басынан бастап салықтық кезеңнің 31 желтоқсанына дейінгі кезеңде көлік құралдарына меншік құқығы, шаруашылық жүргізу құқығы немесе жедел басқару құқығы:

  • тоқтатылған жағдайда – салықтық кезеңнің басынан бастап осындай құқық тоқтатылған айдың 1-іне дейінгі кезең үшін есептелген салық сомасы мөлшерінде;
  • туындаған және тоқтатылған жағдайда – көлік құралдарына меншік құқығы, шаруашылық жүргізу құқығы немесе жедел басқару құқығы туындаған айдың 1-інен бастап осындай құқық тоқтатылған айдың 1-іне дейінгі кезең үшін есептелген салық сомасы мөлшерінде;

3) қалған жағдайларда – жылдық салық сомасы мөлшерінде есептейді. Бұл ретте салықтық кезеңнің 1 қаңтарынан бастап салықтық кезеңнің соңына дейінгі кезеңде көлік құралдарына меншік құқығы, шаруашылық жүргізу құқығы немесе жедел басқару құқығы тоқтатылған жағдайда, декларацияда салықтық кезеңнің басынан бастап осындай құқық тоқтатылған айдың 1-іне дейінгі кезең үшін есептелген салық сомасы көрсетіледі.

Есепті салықтық кезең үшін жеке тұлғалардың көлік құралдары салығы бойынша есеп-қисаптар сальдосын айқындау мақсатында салық органдары көлік құралдарын есепке алуды және тіркеуді жүзеге асыратын уәкілетті органдар автоматтандырылған режимде ұсынатын мәліметтердің негізінде есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 1 мамырынан кешіктірмейтін мерзімде салық есептеуді жүргізеді.

Салықты төлеу мерзімдері мен тәртібі

Заңды тұлғалар салық кезеңі үшін декларацияны ұсыну мерзімі басталғаннан кейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей (есепті кезеңнен кейінгі 10 сәуірге дейін) салық төлеуді жүргізеді.

Жеке тұлғалардың салық төлеуі тұрғылықты жері бойынша бюджетке есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 1 сәуірінен кешіктірілмей жүргізіледі.

Салықтық кезең және салық есептілігі

1 қаңтар мен 31 желтоқсан аралығындағы күнтізбелік жыл көлiк құралдары салығын есептеу үшін салықтық кезең болып табылады.

Төлеуші – заңды тұлғалар салық салу объектілерінің тіркелген жері бойынша салық органдарына декларацияны (700.00-нысан) есепті жылдан кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей ұсынады.

Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған АСР қолданатын салық төлеушілер көлік құралдары салығы бойынша салықтық есептілікті шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған АСР қолданатын салық төлеушілер үшін декларацияға тиісті қосымша түрінде ұсынады.


2026 жылғы 1 қаңтарға дейінгі көлік құралдары салығы

Көлiк салығы – меншiгiнде көлiгi (тiркемелердi қоспағанда) бар жеке тұлғалар, сондай-ақ көлiгi меншiгiнде ғана емес, шаруашылық жүргiзу немесе жедел басқару құқығында да бар заңды тұлғалар төлеуге мiндеттi салық. 

Төлеушілер

Салық салу объектілері

Көлікке салынатын салық қалай есептеледі

Салықты есептеу тәртібі

Салықты төлеу мерзімдері мен тәртібі

Салық кезеңі және салық есептілігі

Жауапкершілік

 

 Төлеушілер

Егер осы бапта өзгеше белгіленбесе, меншік құқығында салық салу объектілері бар жеке тұлғалар және меншік, шаруашылық жүргізу немесе жедел басқару құқығында салық салу объектілері бар заңды тұлғалар көлік құралдары салығын төлеушілер болып табылады.
Заңды тұлға өз шешімімен өзінің құрылымдық бөлімшесін Қазақстан Республикасының көлік туралы заңнамасына сәйкес осындай құрылымдық бөлімшеге тіркелген көлік құралдары бойынша көлік құралдары салығын өз бетінше төлеуші деп тануға құқылы.

Мыналар көлік құралы салығын төлеушілер болып табылмайды:

1) ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші заңды тұлғалар, сондай-ақ шаруа немесе фермер қожалығының басшысы және (немесе) мүшелері - өзі өндіру процесінде пайдаланылатын мамандандырылған ауыл шаруашылығы техникасы бойынша;

2) шаруа немесе фермер қожалықтары үшін АСР қолданатын шаруа немесе фермер қожалығының басшысы және (немесе) мүшелері – осындай АСР әрекеті қолданылатын, қызметте пайдаланылатын төмендегі қажеттілік нормативтері шегіндегі жеңіл және жүк көлік құралдары бойынша:

  • бір шаруа немесе фермер қожалығына қозғалтқышының көлемі 2500 текше сантиметрге дейін қоса алғанда бір жеңіл автомобиль бойынша;
  • бір шаруа немесе фермер қожалығына 1:1 арақатынасты сақтай отырып, қозғалтқышының шекті жиынтық қуаты егіндіктің (шабындықтардың, жайылымдардың) 1000 гектарына 1000 кВт мөлшеріндегі жүк автомобильдері бойынша.

3) мемлекеттік мекемелер және орта білім беретін мемлекеттік оқу орындары;

4) ҚР СК 289-бабының 1-тармағына сәйкес келетін мүгедектігі бар адамдардың қоғамдық бірлестіктері – қозғалтқышының көлемі 3000 текше сантиметрден аспайтын бір жеңіл автокөлік және бір автобус бойынша;

5) ҰОС қатысушылары мен мүгедектері және жеңілдіктер мен кепілдіктер бойынша оларға теңестірілген адамдар, "Батыр ана" атағына ие болған немесе "Алтын алқа" не "Күмiс алқа" алқаларымен наградталған көп балалы аналар – салық салу объектiсi болып табылатын бiр автокөлiк құралы бойынша;

6) меншiгiнде мотоколяскалары мен автомобильдерi бар мүгедектігі бар адамдар – салық салу объектiсi болып табылатын бiр автокөлiк құралы бойынша.

ҚР СК 700-бабының 1 тармағына сәйкес - АСР қолданатын ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер, ауыл шаруашылығы кооперативтері, егер көлік:
1) ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілердің ауыл шаруашылығы өнімін (акцизделетін өнімді қоспағанда) өндіру, өз өндірісінің көрсетілген өнімін қайта өңдеу және өткізу жөніндегі қызметіне;
2)
ауыл шаруашылығы кооперативтерінің:

  • акцизделетін өнімді қоспағанда, ауыл шаруашылығы өнімін өндіру және оны өткізу;
  • осындай кооператив мүшелері өндірген ауыл шаруашылығы өнімін дайындау, сақтау және өткізу;
  • өзі өндірген және (немесе) осындай кооперативтің мүшелері өндірген ауыл шаруашылығы өнімін (акцизделетін өнімді қоспағанда) қайта өңдеу, сондай-ақ осындай қайта өңдеу нәтижесінде алынған өнімді өткізу;
  • мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган айқындаған тізбе бойынша осындай кооперативтің мүшелері үшін (олардың ҚР СК 698-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыруы мақсатында) қосалқыларды қоса алғанда, жұмыстарды орындау (қызметтерді көрсету);
  • мемлекеттік және бюджеттік жоспарлау жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісу бойынша агроөнеркәсіптік кешенді дамыту саласындағы уәкілетті орган айқындаған тізбе бойынша тауарларды осындай кооперативтің мүшелеріне (олардың ҚР СК 698-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген қызмет түрлерін жүзеге асыруы мақсатында) өткізу жөніндегі қызметіне қолданылатын болса, салық сомасын 70%-ға азайтуға құқылы.

Салық салу объектілері

ҚР СК 491-бабының негізінде Тiркемелердi қоспағанда, Қазақстан Республикасында тiркелген және (немесе) есепте тұрған көлiк құралдары салық салу объектiлерi болып табылады.

2. Мыналар салық салу объектiлерi болып табылмайды:
1)
40 тонна және одан жоғары жүк көтеретін карьерлiк автосамосвалдар;
2) мамандандырылған медициналық көлік құралдары;
3) Қазақстан Республикасының халықаралық кеме тізілімінде тіркелген теңіз кемелері;
4)
мүлік салығын салу объектісі болып табылатын арнайы автомобильдер.

Көлікке салынатын салық қалай есептеледі

Әрбiр салық төлеушi көлiкке салынатын салықты осы ҚР СК 492-бабында белгіленген тиiстi мөлшерлемелер бойынша АЕК-те (1 қаңтарға белгiленген) дербес есептейдi.

Көлік салығын есептеу мақсаты үшін:

1) жеңіл автомобильдерге: В санатындағы (ВЕ, В1-ді қоса алғанда) автомобильдер;
жүкке арналған платформасы және жүк бөлiгiнен қатты стационарлық қабырғамен бөлiнген жүргiзушi кабинасы бар моторлы көлiк құралдары (пикап автомобильдер);
рұқсат етiлген ең жоғары массасы және (немесе) жолаушылар орындарының саны бойынша В санатына (ВЕ-ні қоса алғанда) қойылатын талаптардан асып кететін, сыйымдылығы ұлғайтылған және жүрiп өту мүмкiндiгi жоғары автомобильдер (жолсыз жермен де жүретiн автомобильдер, оның iшiнде джиптер, сондай-ақ кроссоверлер мен лимузиндер) жатады;

2) жүк автомобильдеріне, егер осы тармақтың 1) тармақшасында өзгеше белгiленбесе, С санатындағы (СЕ, С1Е, С1-ді қоса алғанда) автомобильдер жатады;

3) арнайы автомобильдерге, егер осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында өзгеше белгіленбесе, белгiлi бiр технологиялық процестердi немесе операцияларды орындауға арналған арнайы жабдығы бар автомобильдер жатады;

4) егер осы тармақтың 1) тармақшасында өзгеше белгіленбесе, автобустарға D санатындағы (DЕ, D1Е, D1-ді қоса алғанда) автомобильдер жатады.

Қозғалтқышының көлемі 1500 текше сантиметрден асатын жеңіл автомобильдер бойынша салық сомасы осы баптың 1 немесе 2-тармағында белгіленген қозғалтқыш көлемі бойынша тиісті саралаудың төменгі шекарасынан асып кеткен әрбір бірлік үшін 7 теңгеге ұлғаяды. Қазақстан Республикасының аумағына әкелінген жеңіл автомобильдерді бастапқы мемлекеттік тіркеу күні оларды әкелу күні болып есептеледi (ҚР СК 492-бабы).

Ұшу аппараттарына салынатын салық мөлшерлемелеріне пайдалану мерзіміне байланысты (шығарылған жылына қарай есептеледі) 1999 жылғы 1 сәуірден кейін ҚР шегінен тыс сатып алынған ұшу аппараттарына мынадай түзету коэффициенттері қолданылады:

  • пайдаланылу мерзімі 5 жылдан жоғары 15 жылға дейін қоса алғанда - 2,0;
  • пайдаланылу мерзімі 15 жылдан жоғары - 3,0.

Жүк және арнайы автомобильдер бойынша салықты есептеу үшін көлік құралын пайдалану жөніндегі нұсқаулықта және (немесе) нұсқамада көрсетілген көлік құралының жүк көтергіштігінің көрсеткіші пайдаланылады. Егер көлік құралын пайдалану жөніндегі нұсқаулықта (нұсқамада) жүк көтергіштігінің көрсеткіші көрсетілмесе, ол көлік құралының рұқсат етілген ең жоғарғы массасы мен көлік құралының жүктемесіз массасы (жабдықталған көлік құралының массасы) арасындағы айырма ретінде есептеледі.

Салықты есептеу тәртібі

Егер компания немесе жеке тұлға бір жыл ішінде көлікті сатса/сатып алса, онда салық нақты иелену кезеңі үшін төленеді:

1) беруші тарап үшін: көлік құралына меншік құқығы, шаруашылық жүргізу құқығы немесе жедел басқару құқығы берілген айдың 1-күніне дейін;

2) сатып алушы тарап үшін: меншік құқығы, шаруашылық жүргізу құқығы немесе көлік құралына жедел басқару құқығы сатып алынған айдың 1-күнінен бастап.

Жеке тұлғалар сатып алу кезінде ҚР-да есепте тұрмаған көлiк құралын сатып алған кезде салық сомасын көлiк құралына меншiк құқығы туындаған айдың 1-күнiнен бастап салық кезеңiнiң соңына дейiнгi немесе меншік құқығы тоқтатылған айдың 1-күніне дейінгі кезең үшiн есептейді (ҚР СК 493-бабының 5-тармағы).

Салықты төлеу мерзімдері мен тәртібі

ҚР СК 494-бабына сәйкес - Заңды тұлғалар ағымдағы төлемдер сомасын төлеуді салық салу объектiлерiнiң тiркелген жерi бойынша ағымдағы төлемдердi салық кезеңiнiң 5 шiлдесiнен кешiктiрмей енгiзу арқылы жүргiзедi.

1 шілдеден кейін сатып алған жағдайда - заңды тұлғалар көрсетілген көлік құралы бойынша салықты төлеуді келесі жылдың 10 сәуірінен кешіктірмей жүргізеді.

Жеке тұлғалар тұрғылықты жері бойынша көлік салығын төлейді, ағымдағы жыл үшін төлем - 31 желтоқсанға дейін. Алайда көлiктi сату кезiнде салықты нақты иелену кезеңi үшiн мәмiле жасалғанға дейiн төлеу қажет.

Салық кезеңі және салық есептілігі

1 қаңтардан бастап 31 желтоқсанды қоса алғандағы күнтізбелік жыл көлік құралдары салығын есептеу үшін салық кезеңі болып табылады.

Төлеуші заңды тұлғалар салық салу объектілерінің тіркелген орны бойынша салық органдарына ағымдағы салық кезеңінің 5 шілдесінен кешіктірмей СЕН 701.00 көлік құралдары салығы бойынша ағымдағы төлемдердің есеп-қисабын, сондай-ақ

СЕН 700.00 декларациясын есепті жылдан кейінгі жылдың 31 наурызынан кешіктірмей тапсырады.

Заңды тұлғалар қолда бар және сатып алынған (1 шілдеге дейін) көлік құралдары бойынша ағымдағы төлемдерді:

1) егер көлік құралдарына меншік құқығы, шаруашылық жүргізу құқығы немесе жедел басқару құқығы салықтық кезеңнің басынан бастап салықтық кезеңнің 1 шілдесіне дейінгі кезеңде туындаған және салықтық кезеңнің 1 шілдесіне дейін тоқтатылмаған жағдайда – осындай құқық туындаған айдың 1-күнінен бастап салықтық кезеңнің соңына дейінгі кезең үшін есептелген салық сомасы мөлшерінде;
2)
егер салықтық кезеңнің басынан бастап салықтық кезеңнің 1 шілдесіне дейінгі кезеңде көлік құралдарына меншік құқығы, шаруашылық жүргізу құқығы немесе жедел басқару құқығы:
тоқтатылған жағдайда – салықтық кезеңнің басынан бастап осындай құқық тоқтатылған айдың 1-күніне дейінгі кезең үшін есептелген салық сомасы мөлшерінде;
туындаған және тоқтатылған жағдайда – көлік құралдарына меншік құқығы, шаруашылық жүргізу құқығы немесе жедел басқару құқығы туындаған айдың 1-күнінен бастап осындай құқық тоқтатылған айдың 1-күніне дейінгі кезең үшін есептелген салық сомасы мөлшерінде;
3)
қалған жағдайларда – жылдық салық сомасы мөлшерінде есептейді. Бұл ретте салықтық кезеңнің 1 шілдесінен бастап салықтық кезеңнің соңына дейінгі кезеңде көлік құралдарына меншік құқығы, шаруашылық жүргізу құқығы немесе жедел басқару құқығы тоқтатылған жағдайда, декларацияда салықтық кезеңнің басынан бастап осындай құқық тоқтатылған айдың 1-күніне дейінгі кезең үшін есептелген салық сомасы көрсетіледі.
Заңды тұлғалар салықтық кезеңнің 1 шілдесінен бастап салықтық кезеңнің соңына дейінгі кезеңде меншік құқығы, шаруашылық жүргізу құқығы немесе жедел басқару құқығы туындаған көлік құралдары бойынша ағымдағы төлемдерді есептемейді және ағымдағы төлемдердің есеп-қисабын ұсынбайды (яғни, егер компания машинаны тамыз айында сатып алса, онда Ағымдағы төлемдердің есеп-қисабын тапсырудың және оларды төлеудің қажеті жоқ).

2. Бірыңғай жер салығын төлеу негізінде арнаулы салық режимін қолданатын салық төлеушілер көлік құралдары салығы бойынша салықтық есептілікті бірыңғай жер салығы бойынша декларацияға тиісті қосымша түрінде ұсынады. Жеке тұлғалар есептелген және төленген салық сомасы бойынша деректерді табыс етпейді.

Жауапкершілік

ӘҚБтК-нің 279-бабының 1-тармағы негізінде - Салық агентінің бюджетке ұстап қалуға және (немесе) аударуға жататын салықтардың сомаларын Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мерзімде ұстап қалмауы немесе толық ұстамауы - жекеше нотариустарға, жеке сот орындаушыларына, адвокаттарға, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – салықтардың және басқа да мiндеттi төлемдердiң ұсталып қалмаған сомасының – 20%, орта кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 30%, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне 50% мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.