«Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 40-бабына сәйкес тауарларды сыныптау деп қарастырылатын тауарларды Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы бойынша нақты тауарлық позицияларға, қосалқы позицияларға және кіші субпозицияларға кезең-кезеңмен жатқызу түсініледі.

Тауарларды сыныптау мына негізгі өлшемшарттардың:

1) тауар орындайтын функция;

2) тауар жасалған материал негізінде жүзеге асырылады.

Бұл ретте, тауарлардың өңделу дәрежесін ескере отырып, оларды Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына түсініктеме берудің негізгі ережелерін және бөлімдерге, топтарға ескертпелерді (оның ішінде тауарлық позицияларға, қосалқы позицияларға ескертпелерді), сондай-ақ ерекше сыныптау мәселелерін түсіндіретін қосымша ескертпелерді қолдану негізінде тауарлық кіші қосалқы позицияларға түбегейлі жатқызу принципі сақталады.

Декларант және өзге тұлғалар тауарларды сыныптауды кедендік декларациялау кезінде және Еуразиялық экономикалық одақтың және (немесе) Қазақстан Республикасының кеден заңнамаларына сәйкес кеден органына Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес тауар коды мәлімделетін өзге де жағдайларда, Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес жүзеге асырады.

«Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 41-бабына сәйкес кеден органдары тұлғалардың өтініші бойынша Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасына сәйкес тауарларды сыныптау туралы алдын ала шешімдерді (бұдан әрі – тауарларды сыныптау туралы алдын ала шешімдер) және өткізілетін тауарларды сыныптау туралы шешімдерді қабылдау жолымен кедендік декларациялауға дейін тауарларды сыныптауды жүзеге асыра алады.

Кодекстің 44-бабының 3-тармағына сәйкес тауарды сыныптау туралы алдын ала шешім белгілі бір марканы, модельді, артикулды және түрлендіруді қамтитын тауардың әрбір атауы бойынша қабылданады.

Кодекстің 45-бабының 1-тармағына сәйкес тауарды сыныптау туралы алдын ала шешімді тұлғаның уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша электрондық құжат немесе қағаз тасымалдағыштағы құжат түрінде берген өтініші негізінде кеден органы қабылдайды.

Кодекстің 45-бабының 2-тармағына сәйкес тауарды сыныптау туралы алдын ала шешім қабылдау туралы өтініш тауардың толық коммерциялық атауын, фирмалық атауын (тауар белгісін), негізгі техникалық және коммерциялық сипаттамаларын және тауарды нақты сыныптауға мүмкіндік беретін өзге де ақпаратты, сондай-ақ тауарды сыныптау туралы алдын ала шешім қабылдау үшін кедендік алымның төленгені туралы мәліметті қамтуға тиіс.

Қағаз тасымалдағыштағы құжат түрінде берілген тауарды сыныптау туралы алдын ала шешім қабылдау туралы өтінішке тауарды сыныптау туралы алдын ала шешім қабылдау үшін кедендік алымның төленгені туралы құжаттың көшірмесі қоса беріледі.

Қажет болған жағдайда, кедендік сараптама жүргізу үшін тауардың сынамалары және (немесе) үлгілері, сондай-ақ фотографиялары, суреттері, сызбалары, бұйымдардың паспорттары мен тауарларды сыныптау туралы алдын ала шешім қабылдау үшін қажетті өтініш берушінің мөрімен куәландырылған (ол болған жағдайда) басқа да құжаттар табыс етіледі.

Сонымен қатар, тұлғаның Шешім қабылдау туралы өтінішінің нысаны Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 16 ақпандағы № 200 бұйрығымен бекітілген.

Сондай-ақ, «Мемлекеттік кірістер органдары алатын кедендік алымдар мөлшерлемелерін бекіту туралы» ҚР Үкіметінің 2018 жылғы 5 сәуірдегі № 171 қаулысының күшіне енуіне байланысты алдын ала шешім қабылдағаны үшін кедендік алым сомасы тауардың әрбір атауы үшін 32000 теңгені құрайды.

Сондай-ақ, «Төлеушілердің жеке шоттарын жүргізудің кейбір мәселелері туралы» ҚР Қаржы министрінің 2018 жылғы 20 ақпандағы № 244 бұйрығымен Қазақстан Республикасында төлеуге жататын кедендік баждар, кедендік алымдар, салықтар, өсімпұлдар, пайыздар, аванстық төлемдер сомалары төлем құжаттарында төлеушінің тіркеу есебінің орны бойынша мемлекеттік кірістер органының деректемелері көрсетіле отырып төленеді деп белгіленген.