Пайдаланылмаған демалысбос уақыт болмаған, жұмсалмаған демалыс күндері.

Демалыс - жұмыс орны (лауазымы) мен осы Кодексте белгіленген жағдайларда орташа жалақысын сақтай отырып, жұмыскердің жыл сайынғы демалуын қамтамасыз ету немесе әлеуметтік мақсаттар үшін жұмыскерді белгілі бір кезеңге жұмыстан босату.

ҚР Еңбек кодексінің (бұдан әрі - Кодекс) 23-бабына сәйкес жұмыс беруші жұмыскерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын беруге міндетті.

Кодекстің 87-бабына сәйкес жұмыскерлерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының мынадай түрлері беріледі:
1)
жыл сайынғы негізгі ақы төленетін еңбек демалысы;
2)
жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалысы.

Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының жалпы ұзақтығын есептеу кезінде жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалыстары жыл сайынғы негізгі ақы төленетін еңбек демалысымен қосылады.

Пайдаланылмаған демалыс үшiн өтемақы не демалыстан шақырып алынған кезде (ҚР ЕК 95-бабы), не жұмыскер жұмыстан босатылған кезде (ҚР ЕК 96-бабы) төленуi мүмкiн.

ҚР ЕК 95-бабына сәйкес қызметкерді жыл сайынғы ақылы еңбек демалысынан кері шақыртып алу кезінде:

·        кері шақыртып алуға байланысты жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының пайдаланылмаған бөлігі еңбек шарты тараптарының келісімі бойынша ағымдағы жұмыс жылы ішінде немесе келесі жұмыс жылында кез келген уақытта беріледі не келесі жұмыс жылының жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына қосылады.

·        демалыстың пайдаланылмаған бөлігін басқа уақытта берудің орнына, жұмыскер мен жұмыс берушінің арасындағы келісім бойынша жұмыскерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының пайдаланылмаған бөлігінің күндері үшін өтемақы төлемі жүргізіледі.

Еңбек кодексінің 96-бабының 2-тармағына сәйкес еңбек шарты тоқтатылған кезде жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын (жыл сайынғы еңбек демалыстарын) пайдаланбаған немесе толық пайдаланбаған жұмыскерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының (жыл сайынғы еңбек демалыстарының) пайдаланылмаған күндері үшін өтемақы төлемі жүргізіледі.

Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының (жыл сайынғы еңбек демалыстарының) пайдаланбаған күндері үшін өтемақы төлемі жұмыскердің орташа жалақысы есебінен есептеледі.

Еңбек демалысының пайдаланылмаған күндерінің санын есептеу жұмыс істелген уақытқа барабар есептеледі.

«Демалысты есептеу» калькуляторы