Еңбек кітапшасы - адамның еңбек өтілін растайтын міндетті құжат.

Еңбек кітапшасы жұмыскердің еңбек қызметін және еңбек өтілін растайтын негізгі құжаттарға жатады, бұл да Еңбек кітапшаларын сақтау және жүргізу қағидаларында белгіленген. Еңбек кітапшаларын толтыруға, сақтауға және есепке алуға байланысты барлық мәселелер ҚР Еңбек кодексінің заңнамалық актілерімен, Толтыру және сақтау қағидаларымен, Еңбек кітапшаларын толтыру және сақтау жөніндегі нұсқаулықпен, сондай-ақ Еңбек кітапшаларының нысанын, оларды жүргізу және сақтау қағидаларын бекіту туралы ережемен реттеледі.

Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес жұмыскердің еңбек қызметін растайтын құжат:

  • еңбек кітапшасы;

ҚР-да еңбек кітапшаларын жүргізу Еңбек кітапшаларының нысанын, оларды жүргізу және сақтау қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 30 қарашадағы № 929 бұйрығымен регламенттелген.

Қағидаларға сәйкес:

Еңбек кітапшасы - жұмыскердің еңбек қызметі туралы мәліметтерді қамтитын құжат;

Еңбек кітапшасына:

1) жұмыскер туралы мәліметтер: тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), туған күні, білімі, біліктілігі, мамандығы;

2) жұмыс туралы мәліметтер: жұмысқа қабылдау, басқа жұмысқа ауыстыру, еңбек шартын тоқтату;

3) наградтаулар мен көтермелеулер туралы мәліметтер.

Жұмыскерге қатысты тәртіптік жаза қолдану туралы жазбалар еңбек кітапшасына енгізілмейді.

Еңбек кітапшасындағы еңбек шартын жасасу не оны тоқтату, басқа жұмысқа ауыстыру күндері туралы, сондай-ақ наградтау мен көтермелеу туралы барлық жазбалар араб сандарымен (күні мен айы екі таңбалы санмен, жылы толық көрсетіледі) жазылады және жұмыс берушінің тиісті актісі шығарылғаннан кейін бірінші басшы не ол уәкілеттік берген лауазымды адам енгізеді және оның мәтініне сәйкес келеді.

Еңбек шарты тоқтатылған кезде еңбек кітапшасына жазба еңбек шарты тоқтатылған күннен кешіктірілмей енгізіледі.

Жұмыскердің қалауы бойынша еңбек қатынастары қолданылатын кезеңде еңбек кітапшасы жұмыс орны бойынша жұмыс берушіде сақталады. Еңбек кітапшаларын сақтау тәртібін жұмыс беруші дербес айқындайды.

Кадр қызметі не жұмыс беруші уәкілеттік берген лауазымды адам жұмыскерлерден қабылданған, сондай-ақ жұмыскерлерге берілген барлық еңбек кітапшалары тіркелетін еңбек кітапшалары мен олардың қосымша парақтарының қозғалысын есепке алу кітабын жүргізеді.

Еңбек шартының тоқтатылуына байланысты еңбек кітапшасын алған кезде жұмыскер еңбек кітапшалары мен олардың қосымша парақтарының қозғалысын есепке алу кітабына қол қояды.