Демалыс - жұмыс орны (лауазымы) мен осы Кодексте белгіленген жағдайларда орташа жалақысын сақтай отырып, жұмыскердің жыл сайынғы демалуын қамтамасыз ету немесе әлеуметтік мақсаттар үшін жұмыскерді белгілі бір кезеңге жұмыстан босату. (Еңбек кодексінің 1-бабы 13-тармағының 1-тармақшасы)

ҚР Еңбек кодексінің 87-бабына сәйкес жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы (бұдан әрі – демалыс) жұмыскердің тынығуына, жұмысқа қабілеттілігін қалпына келтіруіне, денсаулығын нығайтуына және жұмыскердің өзге де жеке қажеттіліктеріне арналады және жұмыс орны (лауазымы) мен орташа жалақысы сақтала отырып, белгілі бір күнтізбелік күндер санына беріледі.

Осылайша, жұмыскерге еңбек демалысы:

  • тынығу;
  • еңбек ету қабілетін қалпына келтіру;
  • денсаулықты және оның өзге де жеке қажеттіліктерін нығайту үшін беріледі.

Демалыс түрлері

Еңбек демалысының ұзақтығы

Кейіннен ЕШ тоқтата отырып, еңбек демалысын беру

Жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалыстары

Әлеуметтік демалыстар

Еңбек демалысынан кері шақыртып алу

Еңбек демалысынан мерзімінен бұрын шығу

Бала күтімі бойынша демалыстан мерзімінен бұрын шығу

Жауапкершілік

Демалыс түрлері

ҚР-да жұмыскерлерге демалыстардың мынадай түрлері беріледі:   

1) жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалыстары;
2) әлеуметтік демалыстар.


Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы жұмыскердің тынығуына, жұмысқа қабілеттілігін қалпына келтіруіне, денсаулығын нығайтуына және жұмыскердің өзге де жеке қажеттіліктеріне арналады және жұмыс орны (лауазымы) мен орташа жалақысы сақтала отырып, белгілі бір күнтізбелік күндер санына беріледі.

3.
Жұмыскерлерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының мынадай түрлері беріледі:
1)
жыл сайынғы негізгі ақы төленетін еңбек демалысы;
2)
жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалысы.

Әлеуметтік демалыс деп ана болуға, скринингтік зерттеулерден өтуге, балалар күтіміне, өндірістен қол үзбей білім алуға қолайлы жағдайлар жасау мақсатында және өзге де әлеуметтік мақсаттар үшін жұмыскерді белгілі бір кезеңге жұмыстан босату түсініледі.

5.
Жұмыскерлерге әлеуметтік демалыстардың мынадай түрлері беріледі:
1) жалақы сақталмайтын демалыс;
2) оқу демалысы;
3)
жүктілікке және бала (балаларды) тууға, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты демалыс;
4)
бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс;
5)
бір жыл ішінде үш жұмыс күнінен аспайтын көлемде скринингтік зерттеулерден өтуге арналған демалыс;
6)
кемінде үш жұмыс күні көлемінде он екі аптаға дейін жүктілігі бойынша медициналық есепке қоюға арналған демалыс.

Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, әлеуметтік демалыста болған кезең еңбек өтіліне есептеледі.

Демалыс беру жұмыс берушінің актісімен ресімделеді.

Жұмыскердің: демалуға, оның ішінде жыл сайынғы ақылы еңбек демалысына құқығы бар, ал жұмыс беруші өз кезегінде жұмыскерге жыл сайынғы ақылы еңбек демалысын беруге міндетті. ҚР ЕК 22, 23-баптары.

Еңбек демалысының ұзақтығы

ҚР ЕК 88-бабына сәйкес - Егер осы Кодексте, Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерінде, еңбек, ұжымдық шарттарда және жұмыс берушінің актілерінде көбірек күн саны көзделмесе, жұмыскерлерге ұзақтығы күнтізбелік жиырма төрт күн болатын жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысы беріледі.

ҚР ЕК 92-бабы негізінде Жұмыскерге жұмыс істеген бірінші және келесі жылдары үшін жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы тараптардың келісімі бойынша жұмыс жылының кез келген уақытында беріледі.

Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы жұмыскер мен жұмыс беруші арасындағы келісім бойынша бөліктерге бөлінуі мүмкін. Бұл ретте жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы бөліктерінің бірі күнтізбелік он төрт күннен кем болмауға тиіс.

Жыл сайынғы еңбек демалысына ақы төлеу – ол басталғанға дейінгі үш жұмыс күнінен кешіктірілмей, ал еңбек демалысы демалыстар кестесінен тыс берілген жағдайда, ол берілген күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізіледі. Қоса атқаратын жұмыс туралы еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін жұмыскерлерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы негізгі жұмысы бойынша демалыспен бір мезгілде беріледі.

Жұмыскерлерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын берудің кезектілігі жыл сайын жұмыс беруші жұмыскерлер пікірін ескере отырып бекітетін демалыстар кестесіне сәйкес айқындалады не тараптардың келісімі бойынша демалыстар кестесінен тыс белгіленеді.
Демалыстар кестесі өндірістік қажеттілікке байланысты өзгертілген жағдайда, жұмыс беруші бұл туралы жұмыскерге еңбек демалысы басталардан кемінде екі апта бұрын хабардар етуге міндетті. ҚР ЕК 93-бабы.

Толық емес жұмыс уақыты жағдайларында жұмыс істеу жұмыскер үшін осы Кодексте, еңбек, ұжымдық шарттарда, келісімдерде белгіленген жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының ұзақтығын, еңбек өтілін есептеуде және еңбек саласындағы басқа да құқықтарын шектеуге әкеп соқтырмайды. ҚР ЕК 70-бабы.

ҚР ЕК
90-бабының негізінде - Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының ұзақтығы, қолданылатын жұмыс режимдері мен ауысымдық кестелерге қарамастан, жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы күндеріне тура келетін мереке күндері есепке алынбай, күнтізбелік күндермен есептеледі.

Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының жалпы ұзақтығын есептеу кезінде жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалыстары жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысына қосылады.

Кейіннен ЕШ тоқтата отырып, еңбек демалысын беру

ҚР ЕК 96-бабына сәйкес - Еңбек шарты мерзімінің өтуіне байланысты оны кейіннен тоқтатумен жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысы, демалыс уақыты еңбек шарты мерзімінің шегінен толық немесе ішінара шыққан жағдайда берілуі мүмкін. Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының соңғы күні еңбек шарты мерзімінің өтуіне байланысты оны тоқтату күні болып есептеледі.

Еңбек шарты тоқтатылған кезде жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын (жыл сайынғы еңбек демалыстарын) пайдаланбаған немесе толық пайдаланбаған жұмыскерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының (жыл сайынғы еңбек демалыстарының) пайдаланылмаған күндері үшін өтемақы төлемі жүргізіледі.
Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының (жыл сайынғы еңбек демалыстарының) пайдаланбаған күндері үшін өтемақы төлемі жұмыскердің орташа жалақысы есебінен есептеледі.

Жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалыстары

ҚР ЕК 89-бабына сәйкес - Мыналарға:

 1) ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлерге Өндірістердің, цехтардың, кәсіптер мен лауазымдардың тізіміне, ауыр жұмыстардың, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстардың тізбесіне сәйкес ұзақтығы кемінде күнтізбелік алты күн.
2)
бірінші және екінші топтардағы мүгедектігі бар адамдарға ұзақтығы кемінде күнтізбелік алты күн болатын жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалыстары беріледі.
Жіберуші тараптың жұмыскерлеріне жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалыстары қабылдаушы тараптың өндірістік объектілерін еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау нәтижелерінің негізінде беріледі.

2. Жұмыскерлердің өзге санаттарына жыл сайынғы қосымша демалыс беру және оның ұзақтығы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленуі мүмкін.

3. Еңбек, ұжымдық шарттарда жұмыскерлерге үздіксіз ұзақ жұмысы, маңызды, күрделі, жедел жұмыстарды, сондай-ақ өзге де сипаттағы жұмыстарды орындағаны үшін көтермелеу сипатындағы жыл сайынғы ақы төленетін қосымша демалыстар белгіленуі мүмкін.

Жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының жалпы ұзақтығын есептеу кезінде жыл сайынғы ақы төленетін қосымша еңбек демалыстары жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысына қосылады. ҚР ЕК 90-бабы.

Әлеуметтік демалыстар

ҚР ЕК 87-бабының 5-тармағына сәйкес жұмыскерлерге әлеуметтік демалыстардың мынадай түрлері беріледі:

  • жалақы сақталмайтын демалыс;
  • бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс;

ҚР ЕК 97 бабында атап өтілгендей - Еңбек шарты тараптарының келісімі бойынша жұмыскердің өтініші негізінде оған жалақы сақталмайтын демалыс берілуі мүмкін.

Жалақы сақталмайтын демалыстың ұзақтығы жұмыскер мен жұмыс берушінің арасындағы келісім бойынша айқындалады.

Жұмыс беруші:
1)
неке тіркелгенде;
2)
бала туылғанда;
3)
жақын туыстары, сондай-ақ зайыбы (жұбайы) және (немесе) олардың жекжаттары (ата-анасы бір және ата-анасы бөлек ағалы-інілер мен апалы-сіңлілер (қарындастар), ата-аналары (ата-анасы), балалары, атасы, әжесі, немерелері) қайтыс болғанда;
4)
еңбек, ұжымдық шарттарда көзделген өзге де жағдайларда жұмыскердің хабарламасы негізінде күнтізбелік бес күнге дейін жалақы сақталмайтын демалыс беруге міндетті.

Жүкті әйелдерге, бала (балаларды) туған әйелдерге, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған әйелдерге (еркектерге) баланың туылуына байланысты мынадай демалыстар беріледі:

  • бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс ҚР ЕК 99-бабының 1-тармағы.

Жұмыс беруші жұмыскерге:
1)
ата-анасының таңдауы бойынша – баланың анасына не әкесіне;
2)
баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ата-анаға;
3)
ата-ананың қамқорлығынсыз қалған баланы іс жүзінде тәрбиелеп отырған басқа туысына не қамқоршысына;
4)
жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған жұмыскерге бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс беруге міндетті.

Жұмыскер бала күтіміне байланысты демалысты бала үш жасқа толғанға дейін толық немесе бөліп пайдалана алады.

Бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс уақытында жұмыскердің жұмыс орны (лауазымы) сақталады. ҚР ЕК 100-бабы.

Еңбек демалысынан кері шақыртып алу

Демалыстан шақыртып алудың бастамашысы жұмыс беруші болған кезде де жұмыскердің жазбаша нысанда білдірілген келісімі (өтініш) қажет. Жұмыскердің жұмысқа мерзімінен бұрын шығудан бас тартуға құқығы бар. Бұл жағдайда оны тәртіптік жауапкершілікке тартуға болмайды.

Кодекстің 95-бабына сәйкес жұмыс беруші өндірістік қажеттілік жағдайында жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысын жұмыскердің жазбаша келісімімен ғана үзуі мүмкін.

Кері шақыртып алуға байланысты жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының пайдаланылмаған бөлігі еңбек шарты тараптарының келісімі бойынша ағымдағы жұмыс жылы ішінде немесе келесі жұмыс жылында кез келген уақытта беріледі не келесі жұмыс жылының жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысына қосылады.

Жұмыскерді жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысынан кері шақыртып алған кезде демалыстың пайдаланылмаған бөлігін басқа уақытта берудің орнына, жұмыскер мен жұмыс берушінің арасындағы келісім бойынша жұмыскерге жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысының пайдаланылмаған бөлігінің күндері үшін өтемақы төлемі жүргізіледі.

Он сегіз жасқа толмаған жұмыскерді, жүктілігі туралы анықтаманы жұмыс берушіге берген жүкті әйелдерді және ауыр жұмыстарда, еңбек жағдайлары зиянды және (немесе) қауіпті жұмыстарда істейтін жұмыскерлерді жыл сайынғы ақы төленетін еңбек демалысынан кері шақыртып алуға жол берілмейді.

Еңбек демалысынан мерзімінен бұрын шығу

Жыл сайынғы ақылы демалыс жұмыскердің де, жұмыс берушінің де бастамасы бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін. Отбасы жағдайы бойынша жұмыскерге демалыстың бір бөлігін кейінірек пайдалану қажет болған жағдайда, ол демалыстан мерзімінен бұрын шығу туралы өтініш береді. Өтініш еркін нысанда жазылады. Онда қажеттi көшiрудiң себебiн және демалыстың қалған күндерiн пайдаланудың болжамды күнiн көрсеткен жөн.

Өтiнiшке басшы қол қойғаннан кейiн, ал кадр қызметi кезектi демалыстан шақыртып алу туралы бұйрық дайындағаннан кейiн ғана демалыстан мерзiмiнен бұрын шығуға болады. Онда пайдаланылмаған қалған күндерді беру немесе ақшалай өтемақы төлеу кезеңі міндетті түрде көрсетілуі тиіс. Жұмыскер бұйрықпен қол қою арқылы танысады және жұмысқа кіріседі.

Бала күтімі бойынша жалақысы сақталмайтын демалыстан мерзімінен бұрын шығу

ҚР ЕК 100-бабының 2-тармағына сәйкес бала 3 жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақысы сақталмайтын демалыс жұмыскердің қалауы бойынша жазбаша өтініші негізінде толық немесе бөліп пайдаланылуы мүмкін.

Осылайша, жұмыскердің демалысты толығымен немесе бөліп пайдалануға құқығы болғандықтан, жұмыскер өз қалауы бойынша мұндай демалыстың қандай мерзімге берілетінін таңдай алады. Жұмыскер бала күтімі бойынша демалысқа:

  • бүкіл кезеңге (3 жыл);
  • белгіленген мерзімнен аз кезеңге (мысалы, 1 жыл);
  • демалысты бөліп пайдалануға құқылы (мысалы, жұмыскер 1 жыл бала күтімі бойынша демалыста болады, содан кейін 1 жылға жұмысқа шығады, содан кейін жұмыс берушіге тағы 1 жылға демалыс беруге тағы бір өтініш береді).

ҚР Еңбек кодексінің 100-бабына сәйкес:

Бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты жалақы сақталмайтын демалыс аяқталғанға дейін жұмысқа шыққан жағдайда, жұмыскер жұмыс берушіні өзінің ниеті туралы жұмыс басталғанға дейін бір ай бұрын хабардар етуге міндетті.

Осылайша, жұмыскер жұмыс берушіге жұмысқа шыққандығы туралы бір ай бұрын жазбаша ескертіп, 3 жасқа дейінгі балаға күтім жасау демалысы аяқталғанға дейін шыға алады.

Жауапкершілік

ӘҚБтК 88-бабы негізінде - Жұмыс берушінің екі жыл қатарынан ақы төленетін жыл сайынғы еңбек демалысын не оның бір бөлігін бермеуі - лауазымды адамдарға - 20, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға - 40, орта кәсіпкерлік субъектілеріне - 60, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне - 100 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

«Демалыс ақысын есептеу» калькуляторы