Экспедиторлық қызметтер – бұл жүктi жөнелту және алу процесiн ұйымдастыруға, сондай-ақ көлiк экспедициясы шартына сәйкес жүктi тасымалдауға қатысы бар басқа да жұмыстарды орындауға байланысты қызметтер.

«Рұқсаттар және хабарламалар туралы» ҚР 2014 жылғы 16 мамырдағы № 202-V Заңына сәйкес лицензиялауға жатады және:

- Жолаушыларды облысаралық қалааралық, ауданаралық (облысішiлiк қалааралық) және халықаралық қатынастарда автобустармен, шағын автобустармен тұрақты емес тасымалдау, сондай-ақ жолаушыларды халықаралық қатынаста автобустармен, шағын автобустармен тұрақты тасымалдау жөніндегі қызметпен айналысу құқығына лицензия;

- Теміржол көлігі саласындағы жүктерді тасымалдауға лицензия беріледі.

Экспедиторлық қызметтерге лицензиялау, хабарлама немесе қандай да бір рұқсат талап етілмейді.

ҚР Азаматтық кодексінің 708-бабына сәйкес көлiк экспедициясы шарты бойынша бiр тарап (экспедитор) сыйақы үшiн және басқа тараптың (клиенттің - жүк жөнелтушінің, жүк алушының немесе экспедитор қызметтеріне мүдделі өзге тұлғаның) есебiнен жүктi тасымалдауға байланысты экспедиция шартында белгiленген қызмет көрсетулердi орындауға немесе орындауды ұйымдастыруға, оның iшiнде клиенттiң атынан немесе өз атынан жүктi тасымалдау шартын (шарттарын) жасасуға мiндеттенедi.

Көлiк экспедициясы шартында қосымша қызметтер көрсету ретiнде экспорт немесе импорт үшiн талап етiлетiн құжаттарды алу, кедендiк және өзге шарттылықтарды орындау, жүктiң саны мен жай-күйiн тексеру, оны тиеу мен түсiру, клиентке жүктелетiн баждарды, алымдар мен басқа да шығындарды төлеу, жүктi сақтау, оны баратын жерiнде алу, сондай-ақ өзге де операцияларды орындау мен қызмет көрсетулер сияқты жүктi жеткiзу үшiн қажеттi операцияларды жүзеге асыру көзделуi мүмкiн.

Клиенттің келiсiмiмен экспедитор клиенттің мүддесiн, тарифтер деңгейiн және жеткізу мерзiмдерiн ескере отырып, клиенттің жүгiн көлiктiң қай түрiмен тасымалдауды өзi белгiлей алады.

ҚР Азаматтық кодексінің 709-бабы негізінде көлік экспедициясы шарты жазбаша нысанда жасалады.

АК-нің 711-бабына сәйкес, егер экспедиция шартынан экспедитордың өз мiндеттерiн жеке өзiнiң атқаруы мiндетi туындамаса, экспедитор өз мiндеттерiн орындауға басқа тұлғаларды тартуға құқылы.

Мiндеттеменiң орындалуын үшiншi тұлғаға жүктеу экспедиторды шарттың орындалуы үшiн клиенттiң алдындағы жауаптылықтан босатпайды.

Экспедиторлық қызметтер көрсетуге арналған шарт агенттік келісім немесе комиссия шарты ретінде қаралады, ол бойынша агентке сыйақы үшін және екінші тараптың есебінен экспедиция шартында айқындалған жүкті тасымалдауға байланысты қызметтерді орындау немесе орындауды ұйымдастыру тапсырылады.

Сондықтан ТЭН-ді патент немесе оңайлатылған декларация негізінде арнаулы салық режимін қолданатын тұлғаларды қоспағанда, заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлер көрсете алады.

Осылайша, ҚР Салық кодексінің 683-бабының 3-тармағына сәйкес агенттiк шарттар (келiсiмдер) негiзiнде қызмет көрсететiн дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалар патент, оңайлатылған декларация негізінде немесе арнаулы мобильді қосымша пайдаланылатын арнаулы салық режимiн қолдануға құқылы емес.

ҚР Азаматтық кодексінің 712-бабы, егер клиент көрсетілген экспедициялық қызметтер үшін сыйақыны шарттық мерзімде төлемесе, экспедиторға клиенттің жүгін ұстап қалу құқығын береді. Шартты орындаудан біржақты бас тартқан кезде бас тартқан тарап екінші тарапқа шартты бұзудан туындаған шығындарды өтеуге міндетті.

Көлік экспедициясы шартының субъектілері (қатысушылары) экспедитор тарап және клиент тарап болып табылады. Қолданыстағы шарттық қатынастар еркіндігі заңды және жеке тұлғаларға екі сапада да әрекет етуге мүмкіндік береді. Алайда, клиенттер үшiн көлiк экспедициясының қатынастарына iс жүзiнде қатысу мүмкiндiгi олардың қандай да бiр тасымалдау шартын жасасу жөнiндегi құзыретiнiң бар-жоқтығына байланысты болады. Ол кейбір жағдайларда болмауы мүмкін.

Экспедитор тасымалдау шартын клиенттің нұсқауларына сәйкес жасауы тиіс. Жүк жөнелтушiнiң келiсiмiмен экспедитор жөнелтушiнiң мүддесiн, тарифтердiң деңгейiн және жеткiзу мерзiмiн ескере отырып, жөнелтушiнiң жүктерiн қандай көлiкпен тасымалдауды өзi анықтай алады.

Экспедитор тасымалдау шартын тиiстi түрде жасай алуы үшiн жүк жөнелтушi (алушы) экспедиторға жүктiң қасиеттерi, оны тасымалдау шарттары туралы құжаттарды және басқа да ақпаратты, сондай-ақ экспедитордың осы мiндетiн орындауы үшiн қажеттi өзге де ақпаратты беруге мiндеттi.

ҚР ҰЖ 03-2019 экономикалық қызмет түрлерінің жалпы жіктеуіші (ЭҚЖЖ)

Кәсіпорынның негізгі экономикалық қызмет түрін айқындау әдістемесі Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитеті төрағасының 2020 жылғы 7 қыркүйектегі № 35 бұйрығы.