Қандас - бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығында болмаған, халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен тиісті мәртебе алған этникалық қазақ және (немесе) оның ұлты қазақ отбасы мүшелері. "Халықтың көші-қоны туралы" ҚР Заңы.

Азаматтарға берілетін мемлекеттік қолдау шаралары

Қандас мәртебесін алған тұлға үшін жеңілдіктер

Қандас мәртебесін алу

Қандастардың құқықтары мен міндеттері

Қандас мәртебесін тоқтату

Қандастарға берілетін мемлекеттік қолдау шаралары

Халықтың көші-қоны туралы Заңның 23-бабына сәйкес «қандас мәртебесін» алған адамдар және олардың отбасы мүшелері:

  • қандастарды бейiмдеу және ықпалдастыру орталықтарында тегiн бейiмдеу және ықпалдастыру қызметтерiн көрсетумен;
  • Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласындағы заңнамасына сәйкес медициналық көмекпен;
  • Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең жағдайда мектептерде және мектепке дейiнгi ұйымдарда орындармен, Қазақстан Республикасының Үкiметi айқындайтын көлемде техникалық және кәсiптiк, орта білімнен кейiнгi және жоғары бiлiм беретiн оқу ұйымдарына оқуға түсуге бөлiнген квотаға сәйкес бiлiм алу мүмкiндiгiмен;
  • Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең жағдайда әлеуметтiк қорғалумен;
  • Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексіне сәйкес жұмыспен қамтуға жәрдемдесумен қамтамасыз етіледі.

Қандас мәртебесін алған тұлға үшін жеңілдіктер

Кандас мәртебесін алған адамдардың ҚР-да бірқатар жеңілдіктері бар. Олардың негізгілеріне мыналар жатады:

  • жұмысқа орналасуға, біліктілігін арттыруға және жаңа мамандықты меңгеруге көмек көрсету;
  • мемлекеттік және орыс тілдерін үйрену үшін жағдайлар жасау;
  • ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен Қарулы Күштер қатарында қызметтен босату;
  • кәсіптік орта және кәсіптік жоғары білім беру ұйымдарына түсу үшін квота бөлу;
  • мұқтаж адамдарға мектептерде, мектепке дейінгі ұйымдарда, сондай-ақ әлеуметтік қорғау мекемелерінде орын беру;
  • зейнетақылар мен жәрдемақыларды төлеу;
  • жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандары үшін өтемақы алуға азаматтықта қалпына келтірілген құқықтарды іске асыру;
  • ҚР-ға келуге виза бергені үшін консулдық алымдардан босату;
  • заңнамаға сәйкес медициналық көмектің кепілдік берілген тегін көлемін алу;
  • ҚР азаматтары үшін көзделген мемлекеттік атаулы көмек көрсету;
  • кедендік төлемдер мен салықтар алынбай шекара арқылы өткізу;
  • тұрақты тұратын жеріне тегін бару және мүлікті (оның ішінде малды) алып жүру;
  • келген жері бойынша тұрғын үй сатып алу және біржолғы жәрдемақы төлеу үшін қаражат бөлу.

Қандас мәртебесін алу

Кандас мәртебесін беру немесе ұзарту қағидаларына сәйкес

Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері арқылы жалпы тәртіппен мәртебе және жергілікті атқарушы органның қандас мәртебесін беруге келісімі негізінде мәртебе алу үшін Өтініш беруші:

  • Қандас мәртебесін беру туралы өтінішті (бұдан әрі - өтініш) Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша "Құтты мекен" АЖ мобильді қосымшасы, Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемесі, Мемлекеттік корпорация арқылы не www.egov.kz "электрондық үкіметтің" веб-порталы осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес "Қандас мәртебесін беру немесе ұзарту" мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесінде (бұдан әрі-тізбе) көрсетілген құжаттарды қоса бере отырып береді.
  • өмірбаян (еркін нысанда);
  • өтініш берушінің және оның отбасы мүшелерінің (бар болса) жеке басын куәландыратын құжаттардың нотариат куәландырған қазақ немесе орыс тіліне аудармасы бар көшірмелері (туу туралы куәліктер, шетелдік паспорт, азаматтығы жоқ адамның куәлігі немесе этникалық қазақтар шыққан елдің арнайы органдарының басқа да ресми құжаттары);
  • өтініш берушінің Қағидалардың 2-тармағының 18) тармақшасында көзделген шартқа сәйкестігін белгілейтін құжаттардың көшірмелері.

Қандас мәртебесін беруді облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының жергілікті атқарушы органдары жүзеге асырады.

Жергілікті атқарушы орган өтініш тіркелген күннен бастап төрт жұмыс күні ішінде этникалық қазақтарға және олардың отбасы мүшелеріне қандас мәртебесін беру туралы шешім қабылдайды, қандас куәлігін береді не қандас мәртебесін беруден дәлелді түрде бас тартады.

Этникалық қазақта жеке сәйкестендіру нөмірі болған жағдайда құжаттарды қараудың және қандас мәртебесін берудің жалпы мерзімі үш жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

Шешім қабылданғаннан кейін жергілікті атқарушы орган қандас мәртебесін беру нәтижелері туралы ақпаратты және қандас куәлігін Мемлекеттік корпорацияға жібереді. Нәтижелерді алғаннан кейін Мемлекеттік корпорация қандас куәлігін береді не қандас мәртебесін беруден бас тарту туралы хабарлайды.

Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде тұратын этникалық қазақтар Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелеріне қандас мәртебесін беруге және (немесе) қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізуге өтініш береді.

Қандастардың құқықтары мен міндеттері

Қандастардың және олардың отбасы мүшелерінің Халықтың көші-қоны туралы Заңның 26-бабында көрсетілгендей:

  • жеңілдетілген (тіркелген) тәртіппен Қазақстан Республикасының азаматтығын алуға;
  • жеңілдіктерді, өтемақыларды және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген әлеуметтік көмектің басқа да түрлерін алуға;
  • Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін қолда бар құжаттарының негізінде атын, әкесінің атын (ол болғанда) және тегін қазақ тілінде дұрыстап жазуға;
  • дара кәсіпкерлікті заңды тұлға құрмай жүзеге асыруға.
  • қызметтік немесе өзінің тұрғын үйі болмаған кезде қандастарды бейімдеу және интеграциялау орталықтарында, уақытша орналастыру орталықтарында бір жылдан аспайтын мерзімге уақытша тіркелуге құқығы бар.

Қандастар мен олардың отбасы мүшелері:

  • қандастарды қабылдаудың өңірлік квотасына енгізу туралы олардың өтініштерін қарау үшін қажетті анық мәліметтерді Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелеріне, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдарға ұсынуға;
  • денсаулық сақтау органдарының талап етуі бойынша медициналық қарап-тексеруден өтуге, екпелерді алуға, емдеу курсынан өтуге, сондай-ақ денсаулық сақтау органдарының нұсқамаларын орындауға міндетті.

Қандас мәртебесін тоқтату

Қандас мәртебесі:

1) қандас Қазақстан Республикасының азаматтығын алғаннан кейін;

2) Көші-қон туралы заңның 49-бабында көзделген негіздер бойынша Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға рұқсат беруден бас тартылған не ол күшін жойған жағдайда;

3) қандас мәртебесін алған күннен бастап бір жыл өткен соң тоқтатылады.