АЭА - Арнайы экономикалық аймақ - қызметтің басым түрлерін жүзеге асыру үшін арнайы экономикалық аймақтың арнайы құқықтық режимі қолданылатын, шекаралары дәл белгіленген Қазақстан Республикасы аумағының бөлігі.

Арнайы экономикалық аймақтың аумағына өткізілетін тауарларға салық салу

ҚР Салық кодексінің 389-бабының 1-тармағына сәйкес арнайы экономикалық аймақтарды құру мақсаттарына сай келетін қызметті жүзеге асыру кезінде толық тұтынылатын тауарларды арнайы экономикалық және индустриялық аймақтарды құру, олардың жұмыс істеуі және оларды тарату саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын уәкілетті мемлекеттік орган уәкілетті органмен және салық саясаты саласындағы уәкілетті органмен келісу бойынша айқындаған тауарлар тізбесі бойынша арнайы экономикалық аймақтың аумағына өткізуге қосылған құн салығы нөлдік мөлшерлеме бойынша салынады.

Бұл ретте салық төлеушінің осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген тауарлар бойынша осы Кодекстің 422-бабының 1-тармағына сәйкес қосылған құн салығының мөлшерлемесін қолдануға құқығы бар.

Осы баптың мақсаттары үшін еркін кедендік аймақ кедендік рәсімімен орналастырылатын (орналастырылған) және кедендік бақылаудағы тауарлар осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген тауарлар деп түсініледі.

Осы баптың 2-тармағының негізінде арнайы экономикалық аймақтарды құру мақсаттарына сай келетін қызметті жүзеге асыру кезінде толық тұтынылатын тауарларды өткізу кезінде нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын айналымдарды растайтын құжаттар мыналар болып табылады:

1) арнайы экономикалық аймақтардың аумағында қызметін жүзеге асыратын ұйымдармен немесе инвестициялар туралы келісім жасасқан тұлғамен тауарларды жеткізуге арналған шарт (келісімшарт);

2) еркін кедендік аймақ кедендік рәсімі бойынша тауарлар шығаруды жүзеге асыратын кеден органының белгілері бар тауарлар тізбесі қоса беріле отырып, тауарларға арналған декларацияның және (немесе) көліктік (тасымалдау), коммерциялық және (немесе) өзге де құжаттардың көшірмелері;

3) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген ұйымдарға тауарларды тиеп-жөнелтуді растайтын тауарға ілеспе құжаттардың көшірмелері;

4) осы тармақтың 1) тармақшасында көрсетілген ұйымдардың тауарларды алғанын растайтын құжаттардың көшірмелері.

Салық органдары ақпараттық байланыс арналары арқылы кеден органдарынан алған электрондық құжат түріндегі тауарларға арналған декларация да нөлдік мөлшерлеме бойынша салық салынатын айналымдарды растайтын құжат болып табылады. Осы тармақта көзделген, электрондық құжат түріндегі тауарларға арналған декларация болған кезде осы баптың 2-тармағының 2) тармақшасында көзделген тауарларға арналған декларацияның көшірмесін ұсыну талап етілмейді.

Арнайы экономикалық аймаққа қатысушы немесе инвестициялар туралы келісім жасасқан тұлға осы баптың 1-тармағының бірінші бөлігінде көзделген шарттарды орындамаған жағдайда еркін кедендік аймақ кедендік рәсімімен орналастырылған тауарлар салық салынатын импорт деп танылады және ЕАЭО кеден заңнамасында және (немесе) ҚР кеден заңнамасында айқындалған тәртіппен және мөлшерде импортталатын тауарларға қосылған құн салығын төлеу үшін белгіленген мерзімнен бастап өсімпұл есепке жазыла отырып, арнайы экономикалық аймақтың аумағына тауарлар әкелінген күннен бастап оларға қосылған құн салығы салуға жатады.

Осылайша, АЭА аумағына шикізат пен тауарларды нөлдік мөлшерлеме бойынша ҚҚС-мен сатып алу тиісті талаптар орындалған кезде жүзеге асырылады.

Осы ҚР кодексінің 389-бабында көрсетілген талаптар сақталмаған жағдайда, АЭА аумағына шикізат пен тауарларды сатып алу 12% ҚҚС-пен болады.

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2018 жылғы 26 ақпандағы № 131 бұйрығымен арнайы экономикалық аймақтың (АЭА) аумағына нөлдік мөлшерлеме бойынша сатылатын қосылған құн салығы (ҚҚС) салынатын тауарлардың тізбесі бекітілді: Астана - жаңа қала, Ақтау теңіз порты, Инновациялық технологиялар паркі, Оңтүстік, Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопарк, Павлодар, Сарыарқа, Қорғас - Шығыс қақпасы, Тараз химиялық паркі.