Хабарлама - салық органы салық төлеушіге (салық агентіне) қағаз жеткізгіште немесе электрондық тәсілмен жіберген, оның салықтық міндеттемені орындау, сондай-ақ бақылау салық органдарына жүктелген әлеуметтік төлемдерді толық есептеу және уақтылы төлеу қажеттігі туралы хабары. Хабарламалардың нысандарын уәкілетті орган бекітеді. (Салық кодексінің 114-бабы)

Хабарламаны тапсыру мерзімдері

Хабарламада не көрсетіледі

Хабарламаны тапсыру және орындау тәртібі

Хабарламаны тапсыру мерзімдері

Хабарлама салық төлеушіге (салық агентіне) мынадай мерзімдерде:

1) СК 37-бабының 2-тармағына сәйкес салық органы есептеген салықтар сомасы туралы - есептеу күнінен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей;

2) тексеру нәтижелері туралы - СК 159-бабының 4-тармағында белгіленген жағдайды қоспағанда, салық төлеушіге (салық агентіне) салықтық тексеру актісі табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күнiнен кешiктiрілмей;

3) таратудың салықтық есептілігі ұсынылған күннен бастап таратудың салықтық тексеруі аяқталған күнге дейінгі кезеңде салықтардың, бюджетке төленетін төлемдердің және әлеуметтік төлемдердің есепке жазылған сомалары туралы – таратудың салықтық тексеруінің актісі салық төлеушіге (салық агентіне) табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешiктiрілмей;

4) қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның мәліметтері негізінде қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлемақының есепке жазылған сомасы туралы - СК 573-бабының 3-тармағында көрсетілген көрсетілген мәліметтер алынған күннен бастап он жұмыс күнiнен кешiктiрілмей;

5) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мерзімде салықтық есептіліктің ұсынылмауы туралы – хабарламаны жіберу мерзімі осы Кодексте белгіленген ұсыну мерзімінен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей жүргізілетін, корпоративтiк табыс салығы мен қосылған құн салығы бойынша салықтық есептілікті қоспағанда, бұзушылық анықталған күннен бастап жіберіледі.

Уәкілетті орган растаған бағдарламалық қамтамасыз етуде техникалық қате туындауы себебінен осы тармақшада көрсетілген хабарламаны жіберу мерзімі бұзылған жағдайда, осы хабарлама мерзімінде жіберілді деп есептеледі. Бұл ретте осындай хабарлама бойынша салықтық міндеттеме және (немесе) әлеуметтік төлемдерді есептеу, ұстап қалу және аудару жөніндегі міндеттемелер салық төлеушінің СК 115-бабының 5-тармағында белгіленген мерзімде орындауына жатады;

6) Қазақстан Республикасының салық заңнамасында белгіленген мерзімде жеке тұлғалардың декларацияларын тапсырмау туралы - декларация тапсырылған жылдың 15 қазанынан кешіктірмей; (01.01.2024 жылдан бастап қолданысқа енгізіледі)

7) салықтық берешекті өтеу туралы – салықтық берешек түзілген немесе салық төлеуші тәуекел деңгейі төмен санаттан тәуекел деңгейі орташа немесе жоғары санатқа өткен күннен бастап бес жұмыс күнінен кешiктiрілмей;

8) жеке тұлғалардың салықтық берешегі туралы – салықтық берешек түзілген күннен бастап жиырма жұмыс күнінен кешіктірілмей;

9) дебиторлардың банктік шоттардағы ақшасына өндiрiп алуды қолдану туралы – өндiрiп алуды қолдануға дейiн жиырма жұмыс күнiнен кешiктiрілмей;

10) камералдық бақылау нәтижелері бойынша салық органдары анықтаған бұзушылықтарды жою туралы - СК 59-бабының 7-тармағында және 66-бабының 8-тармағында белгіленген жағдайларды қоспағанда, салықтық есептілікте бұзушылықтар анықталған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмей;

11) тексеру нәтижелері туралы хабарламаға салық төлеушінің (салық агентінің) шағымын қарау қорытындылары туралы – шағым бойынша шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірілмей;

12) Қазақстан Республикасының салық заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы – олар анықталған күннен бастап бес жұмыс күнiнен кешіктірілмей;

13) салық төлеушінің тұрған жерін (жоқтығын) растау туралы – салық органдарының лауазымды адамдары салықтық зерттеп-қарау актісін жасаған күннен бастап үш жұмыс күнiнен кешiктiрілмей;

14) деңгейлес мониторинг шеңберінде шешімнің нәтижелері бойынша шығарылған мониторингтің нәтижелері туралы (бұдан әрі осы Кодекстің мақсаттары үшін – деңгейлес мониторинг нәтижелері туралы хабарлама) – осындай шешім шығарылған күннен бастап бес жұмыс күнiнен кешiктiрілмей жіберіледі.

Хабарламада не көрсетіледі

1) салық төлеушінің (салық агентінің) сәйкестендіру нөмірі;

2) салық төлеушінің тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілген болса) немесе толық атауы;

3) салық органының атауы;

4) хабардар ету күні;

5) осы Кодексте және (немесе) Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларда – салықтық міндеттеменің және (немесе) әлеуметтік төлемдерді есептеу, ұстап қалу және аудару жөніндегі міндеттемелердің сомасы;

6) жеке тұлғалардың мүлік салығы, жер салығы және көлік құралы салығы бойынша салықтық берешегін өтеу үшін қажетті банктік деректемелер;

7) салықтық міндеттемені және (немесе) әлеуметтік төлемдерді есептеу, ұстап қалу және аудару жөніндегі міндеттемелерді орындау туралы талап;

8) хабарлама жіберу үшін негіз;

9) шағым жасау тәртібі.

Хабарламаны табыс ету және орындау тәртібі

Хабарлама салық төлеушiнің (салық агентінің) жеке өзiне қолын қойғызып немесе жөнелту мен алу фактiсiн растайтын өзге де тәсiлмен табыс етілуге тиiс.

Бұл ретте төменде санамаланған тәсілдердің бірімен жіберілген хабарлама салық төлеушіге (салық агентіне) мынадай жағдайларда:

1) пошта арқылы хабарламасы бар тапсырыс хатпен жіберілгенде – салық төлеуші (салық агенті) пошта немесе өзге де байланыс ұйымының хабарламасына белгі қойған күннен бастап табыс етілді деп есептеледі;

Бұл ретте пошта немесе өзге де байланыс ұйымы мұндай хабарламаны пошта немесе өзге де байланыс ұйымының қабылдағаны туралы белгі қойылған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жеткізуге тиіс;

2) электрондық тәсілмен жіберілгенде:

  • салық органы хабарламаны веб-қосымшаға және (немесе) арнаулы мобильді қосымшаға жеткізген күннен бастап табыс етілді деп есептеледі.

Бұл тәсіл Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы заңнамасына сәйкес салық органдарымен электрондық тәсілмен өзара іс-қимыл жасайтын және (немесе) арнаулы мобильді қосымшаны пайдаланатын салық төлеушіге қолданылады;

  • хабарлама «электрондық үкімет» веб-порталындағы пайдаланушының жеке кабинетіне жеткізілген күннен бастап табыс етілді деп есептеледі.

Бұл тәсіл «электрондық үкімет» веб-порталында тіркелген салық төлеушіге қолданылады;

  • хабарлама салық мобильдік қосымшасына жеткізілген күннен бастап табыс етілді деп есептеледі.

Бұл тәсіл СК 114-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген, есепті салықтық кезең үшін есептелген салықтардың сомасы туралы хабарламаға қолданылады;

3) «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы - келу тәртібімен оны алған күннен бастап табыс етілді деп есептеледі.

Бұл ретте СК 114-бабы 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген есепті салықтық кезеңде есептелген салықтар сомасы туралы хабарламаны жеке тұлға есепті салықтық кезеңнен кейінгі жылдың 15 шілдесінен басталатын кезеңде алуға тиіс.