Учёт

Салық қызметі органдарындарында сыбайлас жемқорлықпен күресу шаралары жалғасуда

1426


Қазіргі таңда салық қызметі органдарының беделіне, салық төлеушілердің сеніміне нұқсан келтіретін, еліміздің нарықтық экономикасының дамуына және ұлттық экономикалық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін әлеуметтік құбылыстардың бірі сыбайлас жемқорлықпен күресу барша әлем елдерінде бүгінгі күннің маңызды мәселелерінің бірі болып табылады.

Сыбайлас жемқорлық- бұл мемлекеттік қызметте жұмыс жасайтын азаматтардың өзінің лауазымдық өкілеттіктерін мүліктік пайда алу үшін асыра пайдалануы, яғни қоғамдық қатынасқа қауіпті әрекет жасауы.

Салық қызметі органдарында сыбайлас жемқорлықпен күресу бүгінгі таңда жүйелі де кешенді сипатқа ие және аталған органда сыбайлас жемқорлық деңгейін төмендету айқын, басым бағыттардың бірі болғандықтан, аталған мәселені шешу негізінде Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігі Салық Комитеті тарапынан сыбайлас жемқорлықпен күресу бойынша жалпыұлттық бағдарламаларды жүзеге асыру мақсатында «Қазақстан Республикасы салық органдарында сыбайлас жемқорлықпен күресу Стратегиясы» жасалынды. Аталған стратегияның басты мақсаты салық қызметі органдарында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу жүйесін одан әрі жетілдіру болып табылады және стратегияның жүзеге асырылуы негізгі 3- бағыт бойынша жүргізіледі. Атап айтсақ:

1. Бюрократиялық сүйретпелер мен салық төлеушілердің қызмет көрсетуді «тездету» жолын іздестіру қажеттігін болдырмау мақсатында мемлекеттік қызмет көрсету мерзімін қадағалау.

2. Электронды салықтық қызмет көрсету санын жоғарлату, салық төлеушілерге қызмет көрсету бойынша Ақпараттарды қабылдау және өңдеу орталықтарын құру және дамыту жолымен салық қызметі мен салық төлеушілер арасындағы қарым-қатынасты азайту. Қазіргі таңда 90 %-дан аса салық төлеушілер салық органымен құжаттарды электронды түрде алмасу арқылы көптеген мүмкіндіктерге ие болып отыр. Мысалы: салық төлеуші өз кеңсесінде отырып салық есептілігін тапсыруына, дербес шоттарын көруге және салық органы жіберген хабарламаларды алуына болады.

3. Салық қызметі органдары қызметкерлерінің жалақысын көтеру,еңбек шарттарын жетілдіру және салық қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін ынталандыру мақсатында сыйақы тағайындау жүйесін жасау. Бұл бағыттың іске асырылуы сыбайлас жемқорлық деңгейінің төмендеуіне мүмкіндік берері сөзсіз.

Қазіргі кезде Алматы қаласы Алмалы ауданы бойынша салық басқармасында салық органдарында сыбайлас жемқорлықпен күресу стратегиясын орындау мақсатында «бір терезе» қағидасы бойынша мемлекеттік қызметтер көрсететін ақпараттарды қабылдау және өңдеу орталықтары жұмыс жасайды. Атап айтсақ:

1) заңды тұлғалардың, жеке кәсіпкерлердің ақпараттарын қабылдау және өңдеу орталығы;

2) жеке тұлғалардың ақпараттарын қабылдау және өңдеу орталығы;

Басқармамызда сыбайлас жемқорлықпен күресуге ерекше назар аударылып, сыбайлас жемқорлықтың алдын алумен байланысты іс-шаралар жүзеге асырылады және салық қызметкерлері арасында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында үнемі жұмыстар жүргізіліп отырады. Қызметкерлердің рухани бейнесін көтеру үшін жұмыстар, яғни мамандар арасында сұхбат жүргізу, сыбайлас жемқорлық қылмыстары мен құқықбұзушылықтарының орын алуымен байланысты сыбайлас жемқорлық мәлімдемелері бойынша видеоматериалдарды салық қызметкерлеріне көрсету негізінде жұмыстар іске асырылады.Сондай-ақ салық басқармасында салық қызметкерлерінің еңбектік және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаларды орындауын бақылау мақсатында басқарма ғимаратында ұсыныстарға, шағымдарға арналған кітаптар мен жәшіктер орнатылған.

Қазіргі кезде салықтық қызметтердің сапасын арттыру міндеттерінің және сыбайлас жемқорлықпен күресу стратегиясының негізгі бағыттарының бірі электронды қызмет көрсетулерді көбейту және жетілдіру болып табылады. Осыған сәйкес салық басқармасында салық төлеушілердің салықтық есептіліктерін электронды түрде өткізуге арналған жаңадан кеңейтіліп ашылған «Салық төлеушілер терминалы» жұмыс жасайды. Бұл терминалдардың болуы салық төлеушінің уақытының үнемделуіне және салық инспекторымен тікелей қарым-қатынастың шектелуіне мүмкіндік береді.

Түсіпов Саят Тоханұлы

Алматы қаласы Алмалы ауданы бойынша

Салық Басқармасы

Ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы