Даудың түрі: салық даулары
Салық төлеуші санаты: Заңды тұлға
Салық түрі: корпоративтік табыс салығы
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі (бұдан әрі – уәкілетті орган) «K» Компаниясының аумақтық Мемлекеттік кірістер департаментінің (бұдан әрі – салық органы) тексеру нәтижелері туралы хабарламасына қатысты заңды тұлғалардан алынатын корпоративтік табыс салығын, ірі кәсіпкерлік субъектілері мен мұнай секторы ұйымдарынан түсетін түсімдерді қоспағанда (бұдан әрі – КТС), есептеу туралы апелляциялық шағымын алды.
Іс материалдарынан көрінгендей, салық органы 01.01.2020ж.–31.12.2021ж. кезеңі бойынша трансферттік баға белгілеу мәселелері жөнінде тақырыптық салықтық тексеру жүргізіп, оның нәтижелері бойынша 289 407,2 мың теңге сомасында КТС есептеу туралы хабарлама шығарған.
Компания «К» аталған хабарламамен толық көлемде келіспейді және төмендегідей уәждерді келтіреді.
2020 жыл үшін FOB Усть-Луга жеткізу шарттарындағы Urals (RDAM)/Brent (DTD) және FOB Новороссийск жеткізу шарттарындағы Urals (MED)/Brent (DTD) котировкалары арасындағы спредті есептеу туралы.
Шағымда салық органы «нарықтық баға» және «дифференциал» ұғымдарын теңестіретіні, сондай-ақ 05.07.2008ж. №67-IV «Трансферттік баға белгілеу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 1-тармағын (бұдан әрі – Трансферттік баға белгілеу туралы заң) негізсіз басшылыққа алатыны көрсетілген, өйткені аталған норма дифференциалдың құрамдас бөліктерін, соның ішінде спредті емес, тек нарықтық бағаны айқындауды ғана реттейді.
Шағымда Трансферттік баға белгілеу туралы заңның 13-бабының 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес, тауарды теңіз көлігімен өткізу кезінде котировкалық кезең тауарға меншік құқығының ауысу күніне дейін және одан кейін бес котировкалық күннен аспайтын уақыт аралығында айқындалатыны көрсетілген. Котировкалық кезең сәйкеспеген жағдайда тауарлар бойынша нарықтық бағалар (котировкалар) осы тауарды өткізу сәтіне қабылданады.
Демек, аталған норма Трансферттік баға белгілеу туралы заңда жоғарыда айқындалған уақыт аралығына (котировкалық кезеңге) сәйкес келмейтін мәмілелерге ғана қолданылады.
Шағымда «спред» термині ҚР Үкіметінің 21.09.2021ж. №647 қаулысымен бекітілген экспортталатын шикі мұнай мен газ конденсатына баға белгілеу қағидаларымен (әдістемесімен) (бұдан әрі – Қағидалар) реттелетіні көрсетілген.
Қағидалардың ережелеріне сәйкес, спред белгілі бір уақыт аралығы шегінде белгіленеді. Іс жүзінде бұл уақыт аралығы сатып алушы мен үшінші тарап арасында мұнайды сатып алу-сату шарты жасалған күнге сәйкес келеді, сол күнге Компания «К» қарастырылып отырған кезеңдер бойынша спредті есептеген.
Компания «К»-ның мұнай жеткізу шарттарында көрсетілген спредті есептеу әдіснамасы Қағидалардың әдістемесіне толық сәйкес келеді.
Трансферттік баға белгілеу туралы заңның 13-бабы 7-тармағының 3) тармақшасына сәйкес, мәміле бағасының нарықтық бағадан ауытқу шамасын айқындау кезінде ескерілетін мәміле шарттарының бірі – мәміле жасағанда қолданылатын бағадан жеңілдіктер немесе бағаға үстемелер, соның ішінде тауар сапасының немесе өзге тұтынушылық қасиеттерінің жоғалуымен, жоғалған сапалардың және (немесе) өзге тұтынушылық қасиеттердің ішінара жақсартылуымен не қалпына келтірілуімен байланысты және т.б.
Бұл норма экспортталатын мұнайдың әртүрлі сапалық сипаттамаларына байланысты спред түріндегі баға айырмасы дифференциалды есептеу кезінде ескерілуге тиіс екені жөніндегі Компания «К» ұстанымының заңдылығын растайды.
Шағымда Компания «К» ұстанымының халықаралық мұнай саудасы тәжірибесіне сәйкестігі ресми танылған ақпарат көздерімен (Reuters, Platts) расталатыны атап өтілген.
Трансферттік баға белгілеу туралы заңның 18-бабы 1-тармағының 1) тармақшасына сәйкес тауардың нарықтық бағасын және өзге деректерді айқындау үшін нарықтық бағалар туралы ресми танылған ақпарат көздері бірінші кезекте пайдаланылады.
Бұл ретте, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрінің 2023 жылғы 12 шілдедегі № 757 бұйрығымен бекітілген нарықтық бағалар туралы ресми танылған ақпарат көздерінің тізбесіне S&P Global Inc. және Refinitiv (бұрынғы Reuters), Platts сияқты ақпарат көздері кіреді.
Шағымда салық органы спред бойынша тек оң ауытқуды негізсіз ескеріп, теріс (минустық) ауытқуды есепке алмайтыны көрсетілген. Егер мұнайдың нарықтық бағасын есептеу кезінде салық органы бастапқыда оң корректелетін кіріспен қатар оның теріс мәнін де ескерсе, онда салықтық тексеру нәтижелері бойынша корректелетін кіріс сомасы тексеру актісі бойынша есептелген сомадан едәуір аз болар еді.
Сонымен бірге, Трансферттік баға белгілеу туралы заңның 13-бабының 2-тармағында мәміле деп шарт шеңберіндегі тауардың әрбір құжатпен расталған жеткізілімі танылатыны, ал өткізу бағасын нарықтық бағамен салыстыру сатып алушының тіркелген еліне қарамастан тек тиісті тауар нарығымен жүзеге асырылатыны көзделген.
Осыған сәйкес, жиынтық корректелетін кірісті есептеу кезінде ауытқу мәні оң болсын, теріс болсын, әрбір мәміле бойынша ауытқуды ескеру қажет.
Шағымда спредті есептеу әдістемесі мәселесі бойынша бүгінгі күні Компания «К» ұстанымын ұқсас негіздер бойынша растайтын сот практикасы қалыптасқаны атап өтілген.
Салықтық тексеру актісінен көрінгендей, FOB Усть-Луга және FOB Новороссийск жеткізу шарттарында нарықтық бағаны айқындау мақсатында 2020 жылға арналған спред деректері Трансферттік баға белгілеу туралы заңның 13-бабының 1-тармағына сәйкес өткізу сәтінде (теңіз коносаменті күні) айқындалған.
Шағымды қарау барысында төмендегілер анықталды.
Трансферттік баға белгілеу туралы заңның 13-бабының 1-тармағына сәйкес салыстырмалы бақыланбайтын баға әдісі, осы бапта өзгеше көзделмесе, салыстырмалы экономикалық жағдайларда бірдей (ал олар болмаған кезде – біртекті) тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бойынша баға диапазонын ескере отырып, мәміле бағасын нарықтық бағамен салыстыру арқылы қолданылады.
Тауардың (жұмыстың, көрсетілетін қызметтің) нарықтық бағасын айқындау кезінде осы тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) өткізу сәтіндегі бағалар туралы ақпарат ескеріледі.
Егер тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуге арналған шартта котировкалық кезеңді қолдану көзделсе, онда биржалық тауарлардың бағасы, сондай-ақ бағасы биржалық тауарлардың котировкаларына байланыстырылған биржалық емес тауарлардың бағасы дифференциалды ескере отырып, бір ақпарат көзінде жарияланатын күнделікті котировкалардың кез келгенінің котировкалық кезең ішіндегі орташа арифметикалық мәні ретінде айқындалады.
Трансферттік баға белгілеу туралы заңның 2-бабының 3) тармақшасына сәйкес котировкалық кезең – бұл тауарды өткізу туралы шартта белгіленетін баға белгілеу кезеңі, оның ішінде мәміле тараптары биржалық тауарлар бағаларының котировкаларының мәнін айқындайды.
Тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу туралы шартта белгіленген котировкалық кезең оны белгілеу күнінен бастап он екі айлық кезең ішінде өзгертілмейді.
Трансферттік баға белгілеу туралы заңның 13-бабының 2-тармағына сәйкес мұнайды теңіз көлігімен өткізу кезінде котировкалық кезең шарт талаптарына сай, меншік құқығы сатып алушыға ауысқан күнге дейінгі бес котировкалық күннен аспайтын және меншік құқығы ауысқан күннен кейінгі бес котировкалық күннен аспайтын уақыт аралығында айқындалуға тиіс.
Сонымен қатар, Трансферттік баға белгілеу туралы заңның 13-бабының 2-тармағында мәміле деп шарт шеңберіндегі тауардың әрбір құжатпен расталған жеткізілімі (орындалған жұмыс, көрсетілген қызмет) танылатыны, ал өткізу бағасын нарықтық бағамен салыстыру сатып алушының тіркелген еліне қарамастан тек тиісті тауарлар (жұмыстар, қызметтер) нарығымен жүзеге асырылатыны белгіленген.
Тауарды өткізу сәті, осы бапта өзгеше көзделмесе, меншік құқығы сатып алушыға ауысқан күн болып табылады.
Тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізу туралы шартта белгіленген котировкалық кезең осы бапта белгіленген котировкалық кезеңді айқындау шарттарына сәйкес келмеген жағдайда, тауарлар (жұмыстар, көрсетілетін қызметтер) бойынша нарықтық бағалар осы тауарды (жұмысты, көрсетілетін қызметті) өткізу сәтіне қабылданады.
Қаралып отырған жағдайда Компания «К» нарықтық бағаны айқындау үшін сатып алушы мен үшінші тарап арасында мұнайды сатып алу-сату шарты жасалған күндегі спредті пайдаланады, яғни мұнайды жөнелту күніне дейінгі 10–25 күн аралығындағы күндердің бірін.
Спред әртүрлі мұнай сорттары арасындағы бағалық айырма ретінде айқындалып, дербес котировка болып табылады және ресми ақпарат көздерінде жарияланады.
Трансферттік баға белгілеу туралы заңның 2-бабының 3) тармақшасына сәйкес котировкалық кезең – тауарды өткізу туралы шартта белгіленетін баға белгілеу кезеңі, оның ішінде мәміле тараптары биржалық тауарлар бағаларының котировкаларының мәнін айқындайды. Сонымен қатар, Трансферттік баға белгілеу туралы заңның 13-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес мұнай бойынша котировкалық кезең өткізу күніне дейін және кейін бес котировкалық күннен аспайтын мерзімде айқындалуға тиіс.
Котировкалық кезең талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, нарықтық бағалар өткізу сәтіне қабылданады.
Осылайша, Компания «К» қолданатын спред кезеңі Трансферттік баға белгілеу туралы заңның 13-бабы 2-тармағының 1) тармақшасының талаптарына сәйкес келмейді, осыған байланысты салық органы нарықтық бағаны айқындау кезінде спред мәнін Трансферттік баға белгілеу туралы заңның ережелеріне сәйкес мұнайды өткізу күніне қайта есептеді және Platts ресми танылған ақпарат көздерінен алынған бағаларды қолданды.
Трансферттік баға белгілеу туралы заңның 13-бабының 2-тармағына сәйкес мұнайды теңіз көлігімен өткізу кезінде котировкалық кезең шарттар талаптарына сай, меншік құқығы сатып алушыға ауысқан күнге дейінгі 5 котировкалық күннен аспайтын және меншік құқығы ауысқан күннен кейінгі 5 котировкалық күннен аспайтын уақыт аралығында айқындалуға тиіс.
Демек, FOB Усть-Луга және FOB Новороссийск жеткізу шарттарында нарықтық бағаны айқындау мақсатында спред мөлшері өткізу сәтінде (теңіз коносаменті күні) айқындалуға тиіс.
Осыған байланысты, салықтық тексеру нәтижелері бойынша экспорттық операциялар бойынша нарықтық бағаны айқындау кезінде 2020 жылғы спред мәні Трансферттік баға белгілеу туралы заңға сәйкес мұнайды өткізу күніне қайта есептелді.
Ал 2021 жылы Компания «К» спредті мұнайды өткізу күніне (теңіз коносаменті күніне) айқындаған, осыған байланысты салықтық тексеру нәтижелері бойынша 2021 жыл үшін КПН бойынша есептеулер жүргізілмеген.
Компания «К»-ның 21.09.2021 ж. №647 Қағидаларға сәйкес спредті есептеу тәртібін қолдану жөніндегі уәждеріне қатысты төмендегіні атап өткен жөн.
Қазақстан Республикасының 06.04.2016 ж. № 480-V «Құқықтық актілер туралы» Заңының 43-бабының 1-тармағына (бұдан әрі – Құқықтық актілер туралы заң) сәйкес нормативтік құқықтық актінің қолданылуы оның күшіне енгізілгенге дейін туындаған қатынастарға қолданылмайды.
Құқықтық актілер туралы заңның 2-тармағында осы баптың 1-тармағындағы қағиданың ерекшеліктері ретінде нормативтік құқықтық актінің немесе оның бөлігінің кері күші оның өзінде немесе нормативтік құқықтық актіні күшіне енгізу туралы актіде көзделген жағдайлар, сондай-ақ соңғысы азаматтарға жүктелген міндеттерді алып тастайтын немесе олардың жағдайын жақсартатын жағдайлар көрсетілген.
Бұл жағдайда аталған нормативтік құқықтық актінің (21.09.2021 ж. №647 Қағидалар) кері күші актінің өзінде көзделмеген, сондай-ақ оны күшіне енгізуге дейін туындаған қатынастарға ретроспективті түрде қолданылуы белгіленбейді.
Сондай-ақ Трансферттік баға белгілеу туралы заңның 10-бабының 9-тармағына сәйкес түзету салық салу объектілері және (немесе) салық салумен байланысты объектілер бойынша, егер мұндай түзету бюджетке төленетін салықтар мен басқа да міндетті төлемдер сомасының ұлғаюына әкелсе немесе кейіннен әкелуі мүмкін болса, жүргізіледі.
Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, Компания «К»-ның 21.09.2021ж. №647 Қағидаларды олардың күшіне енгізілгенге дейін туындаған қатынастарға қолдану туралы уәждері негізсіз болып табылады; сәйкесінше, тауарды өткізу сәтінде қолданылған спред мөлшерін ескере отырып нарықтық бағаны айқындау жөніндегі салықтық тексеру нәтижелері негізді.
Апелляциялық комиссия отырысының қорытындысы бойынша келесі шешім қабылданды –тексеру нәтижелері туралы шағымданылып отырған хабарламасын өзгеріссіз қалдыру, ал шағымды қанағаттандырусыз қалдыру.



